ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мен облыстық білім басқармасы ата-аналарға брошюралар таратып жатыр. Онда мектептерге және балабақшаларға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттар туралы толық ақпарат көрсетілген. Оның мақсаты ата-аналардың бала оқытуда артық қаражаттың шықпауына көмекші болу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Садықов Асқар баяндады.
Бұдан бөлек, баспасөз-конференциясында «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының құрылуы арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Жалпы облыс аймағында «Адал Ұрпақ» клубының саны 743-ке жетіп, оған 163 058 оқушы мүше болып енген.
Сондай-ақ, 2017 жылдың соңына дейің мектепке дейінгі балаларды білім беру ұйымдарына кезекке қоюдың автоматтандырылған жүйесін енгізуді қаржыландыру мәселелері қарастырылды.
«Облыстық білім басқармасымен бірлесіп жалпы мектепішілік жиналыстар аясында аудан, қалаларда ата-аналарға аталған ақпаратты түсіндіру бойынша жұмыстар арнайы кестеге сәйкес басталды. Ақпараттық-түсіндірме жұмыстары келесі жылдың аяғына дейін облыс бойынша әр мектепте өткізілетін болады. Ал заңсыз ақша жинау деректері анықталса, сәйкесінше тиісті іс-шаралар қолданылады», — деп қорытындылады А.Садықов