Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жасыл ел» штабының Алматы облыстық филиалының директоры Нұғманов Тимур баяндады.
«Алматы облыстық филиалы жастарды іріктеуде көшбасшы болып табылады. Жыл сайын облыста, сондай-ақ бүкіл ел бойынша «Жасыл ел» қозғалысының танымалдығы тұрақты түрде өсіп келеді. Ағымдағы жұмыс маусымында 1907 жас адам «Жасыл ел» қатарына қосылды. Осы кезеңде аудан деңгейінде 29 ауқымды өңірлік және 40-тан астам жобалар өткізілді. Сонымен қатар, біздің сарбаздар облыстың басты іс-шараларына да белсене ат салысты. Атап айтсақ, «Silk Way 2017» халықаралық би фестивалі, «Dream City» жастарға арналған мерекелік іс-шарасы», — деді Т.Нұғманов.
Сонымен қатар, облыстық «Жасыл ел» штабы Республика бойынша бірінші болып «Жасыл Ел кубогы — 2017» КТК ойындарын өткізді. Жеңімпаздар Астана қаласының әсем жерлерін аралап, «Astana Expo — 2017» көрмесіне жолдама алды.
Айта кетейік, «Жасыл ел» республикалық штабы Якутиямен меморандумға қол қойды және келесі жұмыс маусымында халықаралық тәжірибе алмасу күтілуде.