Биыл І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне 45 жыл толып отыр. Осы мерейтойды атап өту мақсатында Университет қабырғасында бір апталық іс-шаралар тізімі бекітілген. Бұл туралы ЖМУ-дың Инновациялық жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Төлеген Мұхтар баяндады.
Аталмыш университет 1972 жылдан бастап студенттерді білім нәрімен сусындатып келеді. Қазіргі таңда оқу ордасы ең үздік 10 ЖОО құрамына енген. Сонымен қатар, университет жыл сайын халықаралық және ұлттық рейтінгтерге қатасып, алдыңғы қатарында табылып отыр.
«Осы 45 жылдыққа орай оқу ордасының белсенді білімгерлері флешмоб ұйымдастырмақ. Студенттер ғимарат алдында ырғақты би билеп, 45 деген жазу жасайтын болады. Осымен бірге, Ректор кубогы үшін факультетаралық волейболдан жарыс ұйымдастырылады. Ойынға білім ордасының 6 факультетінен 6 команда қатысады және спорт шарасы алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын таппақ. Конференцияларға келер болсақ, Start-UP академиясымен кездесу өтеді. Шара жастардың ғылымға, инновациялық жобаларға деген қызуғушылығын ояту, зерттеу және инновациялық салаға қатысу арқылы жастардың шығармашылық потенциалын арттыру мақсатын көздейді», — деді Төлеген Мұхтар.