Басты бет Бір шаңырақ астында ТАТУЛЫҒЫМЫЗҒА СЫЗАТ ТҮСПЕСІН…

ТАТУЛЫҒЫМЫЗҒА СЫЗАТ ТҮСПЕСІН…

0
14

      Өзге этнос өкілдері ең көп тұратын біздің егеменді ел болар деп топшылаймын. Бізде бәріне бірдей жағдай жасалған. Билікте де, бизнесте де тек қазақ ұлты десек қатты қателесеміз. Кәсіпкерлікте ұйғыр ағайындарымыздың алдына түсер, тең келер ешкім жоқ. Мемлекеттік қызметте, құқық қорғау, білім мен мәдениет, спортта да әр ұлт өкілдері өз білімдеріне сай міндеттерін атқаруда. Мықты мамандар нәсіліне қарамастан билікке, жоғары лауазымдарға тағайындала алады. Іскерлігі мен білімі биіктерге қашанда жол ашық.

Жалпы Қазақстан жүзден аса этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жинаған, бақуатты, берекелі мемлекет. Қиын-қыстау кезеңдерде өздері ашқұрсақ бола жүріп, жер аударылып келген өзге жұртқа пана болған да біздің бабаларымыз. «Бірлік бар жерде – береке бар» деген тіркес тегін айтылмаған. Абай атамыздың алтыншы қарасөзінде «Бірлік дегеніміз – малға (дүниеге) бірлік емес, ақылға бірлік» деген көреген тұжырымын айта отырып: «Бірлік малға сатылса, нағыз антұрғандықтың басы осы», дейді. Шынтуайтына келсек бүгінде сол бірлік деген керемет ұғымды дүниемен, қаржымен, байлықпен байластырып, шатастырып алып жүргендер бар. Малы барлар бір төбе, жоқтары бір төбе дегендерді де көріп жүрміз.

Біз Қазақстан деген тамаша мемлекеттің тұрғындарымыз. Түріміз, түсіміз, тіліміз, дініміз бөлек болуы мүмкін, бірақ мақсатымыз, арманымыз бір, ол – Тәуелсіз еліміздің тұғырлы, мықты болуы.

Жалпы, кез келген қоғам бірлік пен береке арқылы алға қарай дамиды, өседі, өркендейді. Яғни бірлік пен береке – біздің басты құндылығымыз. Бұл – біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Ел іргесі бүтін, шаңырағы биік, керегесі кең болуы еліміздегі татулық пен достықтың шынайы көрінісі екені шындық. Сондықтан жыл сайын 1 Мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні деген мерекеміз бар. Бұл күні әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын әзірлеп, бір шаңырақ астындағы татулықтарын паш етеді. Қонаққа барысады, ақжарма тілектерін ақтарысады. Осы татулық пен тұрақтылықтың арқасында жаймашуақ күн кешіп, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Осы татулыққа, береке мен бірлікке сызат түсіріп алмауымыз керек. Бүгінгідей бейбіт, тыныш аспан астындағы өмірді бәз біреулер армандап отырғанын есімізден шығарып алмайық. Төрткүл дүниеде қаншама қантөгістер, соғыс оты басылмай отыр. Бейкүнә бала мен бейбақ аналардың өмірлері үзіліп жатыр. Осындай елде тұрғанымызға шүкір етейік. Алланың рахымы жаусын деп тілеу тілейік.

…Ертеде салқар жазиралы, кең алқапта бір қауым өмір сүріпті. Алқап үлкен тау­лармен қоршалған. Ол тауларға қар немесе жаңбыр жауып, таза судан құралған өзендер ағады. Қауым осы өзеннің суын ішіп, тамақтарын даярлап, малдарын да, егіндерін де осы сумен суарады. Тап-таза суды қолданған қауымның қуаты асып, онда ешқандай ауру-індеттер болмайды.

Таза судан нәр алған қауымның қуаты артық екенін білетін көршілері олардан сескеніп, құрметтеп, шабуыл жасауды тіпті жоспарламайды да. Сондықтан да қауым таза, тұнық-мөлдір суды өмірлерінің мәні деп біліп, ешқашан лас нәрсе тастамайды екен. Уақыт өтіп, ұрпақ алмасып, жаңа буын өздерінің бабалары қалдырып кеткен өсиет­терін ұмыта бастайды. Өсиетті сақ­тап, алып жүрушілер барған сайын азая береді. Кейін осы қауымның бір өкілі өзінің салақ­ты­ғынан немесе ұмытшақтығынан таза өзенге бір лас затты тастай салады. Әрі оған ешкім тыйым салмайды. Сөйтіп, қауымда өзенге лас зат тастайтын әдет қалыптасады. Өзен ластануы осылай басталады. Күн өткен сайын адамдар өзенге қоқыс, өлексе, лас нәрселерді тіпті өздерінің нәжіс­терін де тастай бастайды. Бір сөзбен айтқанда, әлгі тап-таза мөлдір су күресінге айналып тынады. Бірақ таңғаларлық жағдай әлгі қауым лас өзеннен су алып іше береді. Осы судан тамақ даярлайды, малын суарады, егініне су жібереді.

Өмір осылай жалғаса береді. Ақырында арам су ішкен қауым арасында жұқпалы індет тарайды. Халқын ауру-сырқау меңдейді. Әрі олардың осындай ауру-сырқауға ұшыраған әлсіздігін білген көршілері шабуыл жасайды. Бағындырып алады. Қауым көрші тайпаның күшті болғанынан емес, өздерінің әлсіздігінен жеңіледі. Билікті қолына алған басқыншылар (отарлаушылар) қауымды қорлайды. Жер-су аттарын өзгертеді. Ана тілінде сөйлеуге ты­йым салады. Басқыншылардың тілінде сөйлеп, солардың дәстүрімен өмір сүруін талап етеді. Күндердің бір күнінде жеңілген қауымның адамдары жиналып бұл халге қалай жеткенін, неден болғанын талқыламаққа бас қосады. Баяғыдағыдай ел болуды аңсайды. Сөйтіп, жиын басталады. Жастар «Бізді мұндай күйге ұшыратқан көршілер олармен соғысуымыз керек», дейді. Орта жастағылар «Біз олармен соғыса алмаймыз, өйткені, жаппай ауруға шалдықтық әрі әлсізбіз. Емделуіміз керек, дәрі-дәрмек қабылдауымыз керек. Сақайып алайық, қалғанын сосын көреміз», дейді. Соңында дана хакімдерден құрылған үшінші топ: «Біз олармен өзіміздің әлсіз­ді­гі­мізден соғыса алмаймыз. Бізге дәрі ішудің де пайдасы жоқ. Өйткені ауруымыздың себебі өзіміздің ластанған өзенімізден болды. Өзенімізді тазаламайынша жазылмаймыз. Себебі біз ішетін асымызды даярлайтын, малдарымыз бен егіндерімізді суаратын өзен арам. Сол суды ішкен малымыздың сүті мен еті арамдалды, өзенді тазаласақ қана бабаларымызда болған күш пен қуат қайта оралады», дейді. Соңғы пікір оңды болып шығады. Бұл аңыз немесе ойдан құрастырылған дүние болар. Дей тұрғанмен оның тамырында бір шындық бары хақ.

Өзен дегеніміз – біздің бірлігіміз. Бірлікті бұзатын не, ол – бере­ке­сіз­дік. Берекесіз әрекеттер көбейсе, бірлік әлсірейді, жүректегі адамгершілік жоғалады. Бұл қасиетін жоғалтқан қауымды кім көрінген жау­лап алады. Мұндай қауымға ешкім көмек­тес­пейді де. Сондықтан кез келген елдің, мемлекеттің тұрақтылығы елдің бірлігінен қуат алатындығын естен шығармаған жөн. Бетімізге судыратып, жылтыр сөздерді төкпелеп, артымыздан өзге ойларын жүзеге асырғысы келетін арам пиғылдылардан сақтасын Жаратушым. Бірлігі жарасқан азат елміз. Бірлігімізге сызат түсіріп алмайық. Елдігіміз мәңгі болғай…

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МАҢДАЙДАҒЫ БАҒЫМЫЗ

       Менің Отаным – Қазақстан. Осы жерде дүниеге келдім, өстім, оқыдым, жетілдім. Бар са…