Ел тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия өткізу қарастырылып отыр. Оның аясында жеке тұлғалардың орындалмаған әкімшілік айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесі қаралады.
Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп, амнистияны жүзеге асыру тетіктерін әзірлеуде. Құқық бұзушылық түрлері, амнистия қолданылатын тұлғалар санаты, айыппұлдарды есептен шығару көлемі мен тәртібі тиісті заң жобасын әзірлеу барысында нақтыланады.
Амнистия ең қауіпті қылмыстарды жасаған тұлғаларға қолданылмайды. Олардың қатарына террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, сондай-ақ азаптау фактілері жатады. Бұдан бөлек, ол қайталама қылмыс жасағандарға және әділ соттан жалтарып жүрген адамдарға қолданылмайды.
Амнистия жүргізу туралы заңды парламенттік сессияның соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
