1979 жылдың 25 желтоқсаны. Бұл күн – тарихта қара әріппен жазылған күндердің бірі. Сол күні кеңес әскерлері Ауғанстан аумағына кіріп, он жылға созылған қантөгіс басталды. Бұл соғыс 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталды. Алайда соғыстың тоқтауы – қасіреттің біткені емес еді. Өйткені ол бүтін бір ұрпақтың тағдырына жазылған ауыр сынақ болды.
Ауған соғысы – саясаткерлердің шешімін қарапайым сарбаздар өз қанымен өтеген кезең. Бұл – бір мемлекеттің мүддесі үшін мыңдаған жастың жастығы құрбан болған уақыт. 1980-жылдары Қазақстанның әр ауылына, әр қаласына қаралы хаттар келе бастады. «Қаза тапты», «ерлікпен көз жұмды», «борышын өтеп жүріп мерт болды» деген суық сөздер талай ананың жүрегін жаралады. Әрбір табыт – бір әулеттің үміті, бір әкенің арманы, бір ананың көз жасы еді. Бірақ ол кезде бұл соғыстың мәнін сұрауға, ақиқатын іздеуге мүмкіндік те болмады.
Жастар «интернационалдық борышын өтеуге» аттанды. Алшын мәнінде, олар от пен оқтың ортасына түсті. 1980-жылдардың ортасына қарай Ауған соғысы Кеңес Одағы үшін ауыр жүкке айналды. Экономика әлсіреді, халықаралық бедел төмендеді, қоғамда наразылық күшейді. 1985 жылы билікке келген Михаил Горбачев бұл соғыстың тығырыққа тірелгенін ашық мойындады. Ол Ауғанстандағы қақтығыстың елге тек шығын мен айыптаудан басқа ештеңе әкелмейтінін түсінді.
1986 жылы Саяси бюро отырысында:«Бағытымызды өзгертпесек, ондаған жыл соғыса береміз», – деп айтуы биліктің өз қатесін кеш түсінгенін аңғартты. Бірақ ол уақытқа дейін мыңдаған боздақ жер құшып үлгерген еді.
Ауғанстанды басқарған Бабрак Кармаль елдегі жағдайды тұрақтандыра алмады. Соның нәтижесінде оның орнына Мұхаммед Наджибулла келді. Наджибулла «Ұлттық татуласу» саясатын жариялап, қақтығысты бейбіт жолмен шешуге тырысты. Бұл саясат соғысты бірден тоқтатпаса да, келіссөздерге жол ашты.
АҚШ, Пәкістан және басқа елдермен жүргізілген келісімдер ақыры Женева келісіміне ұласты.1988 жылы КСРО, АҚШ, Ауғанстан және Пәкістан арасында Женева келісіміне қол қойылды. Бұл құжатта кеңес әскерін елден шығару міндеті бекітілді. Сол жылдың 15 мамырынан бастап әскерлер кері қайтарыла бастады. Бірақ соғыс соңғы күнге дейін тоқтамады. Колонналарға шабуыл жасалды, сарбаздар мен бейбіт тұрғындар қаза тапты. Бұл – соғыстың адам өмірін аямағанын тағы бір дәлелдеді.
1989 жылдың 15 ақпаны. Термез маңындағы көпірге мыңдаған адам жиналды. Аналар ұлын, әйелдер күйеуін, балалар әкесін күтті.
Қаралы қағаз алғандар да үмітін үзбей келген еді.
40-армияның соңғы қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры Борис Громов шекараны жаяу кесіп өтіп: «Ауғанстанда бірде-бір кеңес жауынгері қалған жоқ», – деп мәлімдеді. Бұл сөз – он жылдық қасіреттің нүктесі болды.
Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңнан астам азамат қатысты. Мыңға жуық боздақ майдан даласында қаза тапты. 20 сарбаз із-түзсіз жоғалды. Соғыстан тірі оралғандардың өзі жеңімпаз болған жоқ. Олар: жарақатпен, мүгедектікпен, жан жарасымен келді. Кейінгі жылдары «Ауған синдромының» салдарынан мыңдаған ардагер өмірден өтті. Көпшілігі тыныш ұйықтай алмады, соғыстың елесі оларды өмір бойы қудалады.
Ауған соғысы – кеңестік саясаттың ең үлкен қателіктерінің бірі болды. Он жыл ішінде: 15 мыңнан астам кеңес сарбазы қаза тапты;миллиардтаған қаржы желге ұшты;миллиондаған адам рухани жарақат алды. Бұл соғыс ешкімді бақытты еткен жоқ. Жеңіс те, жеңілген жақ та болмады. Тек көз жасы мен өкініш қалды.
Ауған соғысы – өткеннің ғана емес, бүгіннің де сабағы. Бұл – соғыстың ешқашан шешім болмайтынын дәлелдеген тарих. Әрбір қаза тапқан сарбаз – бір тағдыр, бір арман, бір үміт. Әрбір тірі қалған жауынгер – жүрегінде соғыстың жарасын арқалап жүрген адам. Сондықтан Ауған соғысын еске алу – өткенді қазбалау емес.
Бұл – бейбіт өмірдің бағасын түсіну. Тыныш аспан, тыныш таң, тыныш кеш – сол боздақтардың бізге қалдырған аманаты. Ал сол аманатқа адал болу – бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
