М.Мақатаев – 95
Қазақтың дара жолды, мұзбалақ ақыны М.Мақатаевтың 95 жылдығына орай аудан жұртшылығы ақын ескерткішіне гүл қою рәсіміне жиналды. Шонжының шығыс жағынан орын тепкен ескерткіш маңынан балалар да, аға буын қариялар да көрінді. Шараның тізгінін қолдарына алған жігіттер қазақтың қара өлеңін қадір тұтып, өрнекті өлеңін арқау еткен жырсүйер қауыммен амандасып алған соң
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір, қазбас былық-шылығымды, – деген ақынның жыр жолдарынан шумақтар оқып, поэзия падишасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бүгінгі туған күніне құтты болсын айтты. Сосын ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне кезек берілді. Бұл құрметке аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы мен ауыл ақсақалы Ызғарбек Бектұрсынов ие болды. Сонан соң құттықтау сөзге аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы шықты.

Бүгін ауданымыздың тарихында тағы бір айтулы шара атқарылып жатыр. Төбесін көкке тіреген Хантәңірінің мұзбалағы, қазақтың шоқтығы биік ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған еске алу шарасында бас қосып отырмыз, деп әңгімесін бастаған ол Мұқағали Мақатаев қазақтың поэзия қоржынын өзінің қайталанбас жыр туындыларымен толтырып, әдебиет әлеміне өшпейтін ізін қалдырып кеткендігін айты. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиетінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білгендігін тіліне тиек етті.
Кешегі Қарасаздан қанаттанған ғасыр ақыны осы өлкені де өзінің жырымен тербеп, Кетпеннің етегін жағалай Бұғытыға дейін табаны тиген тұлға болғандығын, біздің ауылға ат басын бұрғанда жергілікті ақын Илья Бахтиямен қауышқаны, достық қарым-қатынаста болғаны да тарихтан белгілі екендігін түсіндірді. Ал енді бүгін сол достық мәңгі тасқа қашалып жазылғандай ақындардың композициялық ескерткіші асқаралы Аспантаулар мен қасиетті Қарадаланы үйлестіріп, осы өлкені мекен еткен қазақ пен ұйғырдың ғасырларға созылған достығы мен татулығының жарқын көрінісі болып тұрғандығын да жеткізді.
Қазақ поэзиясының Хан Тәңіріне айналған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жыры ұрпақтар жадынан өшпесін! Ақынын ардақтаған елдің келешегі кемел болсын – деген жалынды сөздерімен ойын түйіндеді Ерасыл Толымбекұлы.
Мектеп оқушыларының арнау өлеңдері елең еткізді. Өздерінің қабілет-қарымдарына қарай жазған өлеңдерін оқырманмен бөліскеніміз артық бола қоймас…..
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ АТАМА АРНАУ
Өлеңі таңба өшіре алмас мына ғасырда,
Мұқағали атамды балаймын мен асылға.
Пәк көңілі аңқылдаған ұқсайды,
Төлеген, Мұхтар сынды досына.
Дария боп толқындап жатқан мұра,
Ерліктерін жасырып қатпарына,
Ақындықты тереңінен іздесемде,
Жетпей келем Мақатаев шатқалына.
Ақ таңдай ақын перзенті едің ұлтымның,
Ыстық жырмен буырқындың бұлқындың.
Мұхиттай шабыт алып мына сенің жырыңнан
Міне өзіңдей өлең сөзге ұмтылдым.
Міндет етіп Фарабидің ілімін,
Төрге сүйреп өнерменен ғылымын.
Өлең менен сөз қадірін ұлылап,
Кең әлемге қазақ жырын сый қылдың.
Асқарбек Аршын
***
Өлең жырын халқы сүйіп тыңдаған
Өлеңінен шабыттанам нұрланам
Мұқағали – ол мәңгілік мұзбалақ
Ол секілді ақын әлі тумаған
Өлеңінде қой қозысы шулаған
Тіршілігі әсте бір сәт тынбаған
Мұқағали ол көктемшіл ақын ғой
Ол секілді ақын әлі тумаған
Мұқағали – ақиық қой, мәңгілік
Айтамыз біз жыр қылыпта ән қылып
Әр өлеңін жаттап өсіп келеміз
Санамызда тұрар мәңгі жаңғырып
Бегдайыр Еркеназ
***
Мұқағалиға арнау
Мұқағали айбынды ала таудай,
Бабамның рухы жатыр аласармай.
Халқым десе,жүрегі бөлек соғып,
Субелі жыр жазыпты жанартаудай.
Жыры жақұт, ойы биік, ары таза,
Биіксің сондықтан да асыл баба.
Ғасыр аттап өтсе де, жылдар аунап,
Өшпедің санамыздан тұрдың дара.
Қазаққи еді бойыңдағы қаның сенің,
Сол үшін жаза алдың ғасыр әнін.
Көр алмастар кеудеңнен итерсе де,
Бұл ғасырда шырқалып тұр сенің әнің.
Сол баяғы Шалкөде, Қарасазың,
Ұрпақтарға барма екен сенің назың.
Қазақтарға ұлағатты жыр қалдырған,
Жәннәтта болсын мәңгі сенің жаның.
Ербол Айдидар
***
МҰҚАҒАЛИ
Ақын, ақын!
Жазғаны – шындық шатпақ!
Тағдыр-асау тізгінін кімге ұстатпақ?
Мұқаңның да қалғымас қадір, құнын,
Құлдыратпай келеді бір күш сақтап.
Ол күш – құрмет, мадағы ұрпағының,
Тұғырына теңемес кім тау ұлын?!
Өлең мұңын аңқытып өзегімнен,
Мұрасынан ақынның жыр таныдым.
Қыран, Қыран!
Көзінде қан қайнаған.
Қанаттары жаралы… Қандай жаман!
Тәңір жазса не шара,
Бір-ақ сәтте,
Маңдайдан бақ үзілер таңдайдан ән.
Оның мұңы – қайырсыз ғасыр мұңы.
Оның құны – арлының асылдығы.
Қалар мәңгі қазақтың көкейінде,
Надандарды жаншыған жасын-жыры.
Жай оғындай шарпыған шалаларды.
Қаралауды сүймеді ол алалауды.
Қара өлеңді жүз жырлап, жүз көмкеріп,
Жүрегінің жарасын жамаған-ды.
Мұқағали!
Сен бүгін бұл қазаққа,
Ұлы ақынсың!
Иесің мың мадаққа!
Қошеметі халықтың таусылмайды,
Хантәңірдің қыраны – Мұзбалаққа!..
Мұқағали НҰРСҰЛТАНҰЛЫ
***
Қара сөзді сәулелеген жыр қылған,
Қазақ үшін жүрегінен нұр құйған.
Мұқағали — мұзбалақ ақын бейнесі,
Өмір сырын өлеңімен жырлаған.
Құдіретті қоңыр үні даланың,
Жыр боп ағар жүрек парқын салғанын.
Ақиқатты аңсауменен өткен күн,
Әр жолында атойлайды жан ағын.
Таудың тасын тілмен ғана жұмсартқан,
Халқы үшін өлеңім деп жыр тартқан.
Мәңгілікке сапар шегіп кеткенмен,
Жырларымен жүректерді ұқсатқан.
Желдей есіп, жырға ұласқан ғұмырың,
Көңілімде қоңыр үн боп сыбдырың.
Мұқағали, мәңгі жасар өлеңің,
Әлі күнге биік сенің тұғырың.
Иса Айсұлтан
Жаңабай Құдайбергенов атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Бекдайыр Еркеназ, 6-сынып оқушысы Иса Айсұлтан, 9-сынып оқушысы Ербол Айдидар, 10-сынып оқушысы Асқарбек Аршын және Изим Искандеров атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Нұрсұлтан Мұқағали. Жан жүректерінен шыққан дүние болғандықтан болар тыңдарман жүрегіне де жетіп жатты.
Сөз кезегін алған ақын Мамытхан Құдайбергенов ақын тағдыры, оның жырлары, жалпы адами болмысы жайында керемет естелік айтты. «Арзу» ән-би ансамблінің әншілері «Есіңе мені алғайсың» әнін арнады.
Биік таулардың алыстаған сайын зорая түсетіні сияқты, мықтылық та уақыт озған сайын тұлғалана бастайды. Мұқағалиға құрмет көрсетілген шара оның мықтылығын, биіктігін тағы бір рет паш етті. Мұқағали жырына қанбай қалған сияқты болдық, бірақ кешке мәдениет үйінде жалғасатындығын білгендіктен рухымызды жандандыра түсіп, тарастық.
Баян МАМЫРБАЕВА
