Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Қоғамдық пікір» зерттеу институты Мемлекет басшысы бастаған конституциялық реформаны азаматтардың қабылдауы мен бағалауын анықтауға бағытталған сауалнама өткізді. Телефон арқылы ұйымдастырылған сауалнама нәтижесінде қаңтар айында халық назары әлеуметтік-саяси және экономикалық күн тәртібіндегі оқиғаларда болғаны анықталды. Шындығында қаңтар айы Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге арналды десек қателесе қоймаспыз. Пікір сан алуан, бірі қоштап отыр, екіншілері мұндай асығыстық не үшін деген сауалға жауап іздеп әуре. Өмір өзгеріссіз өрге баспайтыны – жазылмаған заңдылық. Бір сарынды, бірқалыпты қоғамда өмір сүрген тұрақтылықтың белгісі десек те, оның ілгері дамуы үшін өзгеріс енгізілуі керек-ақ. Биылғы бесінші құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген тың бастамаларға мұрындық болды. Ең бастысы конситуциялық реформа үшін құрамы 100 адамнан тұратын комиссияның құрылып, олар ашық, жария түрде отырысын бүкіл халық бақылап отыр. «Қоғамдық пікір» зерттеу институты азаматтар назарының әлеуметтік-саяси өзгерістерде болуы жүргізіліп отырған реформаларды халықтың дер кезінде қабылдауының айғағы екенін мәлімдеді. Алдағы реформалардан ел азаматтарының не күтетінін анықтауға арналған сауалнаманың жеке бір бөлімі олардың бірінші кезектегі мемлекеттің ашықтығы мен орнықтылығының артуын атаған.
Конституциялық реформада Ата заң мәтінінің 84%-ы өзгереді. Бұл өзгерістерді барлығымыз да жеке тұрмыс деңгейінің жақсаруымен тікелей байланыстырып отырғанымыз жасырын емес.
Сонымен қатар, халық жаңарған Парламенттен жаңа саяси тұлғалардың пайда болуын күтеді. Жемқорлықтан қолдары да, саналары да таза азаматтар келуін күтеді. Мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жатқандардың қатары күн сайын артып отырғаны да шындық. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылуын, қатынас тілінің қажеті жоқтығын да айтып жатқан қоғам белсенділері көп. Комиссия мүшелеріне оңай жүк артылып тұрған жоқ. Елдің, көпшіліктің тілегі назарға алынып барып, енгізілетін өзгерістер мемлекетіміз үшін, оның тұрғындары үшін тиімді болғандығын қалаймыз.
Халық кеңесі атына заты сай өз қызметі мен шешімдерінде тек халықтың мүддесі үшін қызмет етеді деп сенеміз. Ашық, жария түрде өтіп жатқан комиссия отырысынан көп үміт күтемін өз басым.
Мамытхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
зейнеткер-ұстаз
