Басты бет Әр қилы АДАЛДЫҚ – КІСІ АҚЫСЫН ЖЕМЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

АДАЛДЫҚ – КІСІ АҚЫСЫН ЖЕМЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

0
22

Тәліп молданың әңгімесінен мысал алайын. Соғыс аяқталып, жұрттың бәрі енді-енді ес жинап жатқан кез еді. Мен жастайымнан намазға жығылып, имандылыққа ден қойған болатынмын. Сондықтан өзім сақал-мұрты енді ғана тебіндеп шығып келе жатқан бозбала болсам да, жұма намаздан қалмай, ылғи да қария кісілердің қасында жүретінмін. Ауыл молдасы ұзын бойлы ақ сақалды кісі болатын. Сөзді асықпай, сабырмен сөйлейтін кісі еді. Менің дінге деген ынта-ықыласыма разы болған ол кісі маған “Фатиха”, “Кәусар”, “Нас” сүрелерін жаттап келуге тапсырма беретін. Мешітте менің Құран оқу мақамымды да қадағалап отыратын.

Ауыл мешітіне үнемі келіп намазға тұратындардың көбі ауылдың ақсақалдары мен бірен-саран соғыстан қайтқан көкелерге қосылған мен құралпы бозбала намазхан қауымы едік. Біз молданың және үлкендердің ақыл-кеңестерін тыңдап, намазға кәдімгідей төселіп қалған кезіміз. Молданың қадағалауымен жұманың құтпасын да тез жаттап, еркін, қысылмай оқитын дәрежеге де жеткенбіз. Бір күні молдамызды Ташкенттегі үлкен мешітке жұма намазына барып қатысуға пәрмен берілді. Басқа адамның ыңғайы келмеді ме, әлде мені төселе берсін деді ме, әйтеуір молда көпшілікке қарап:

– Алдағы жұманы Тәліп өткізсін, мені Ташкентке шақыртып жатыр, – деді. Жұма күні мен хал-қадірім жеткенше мешітте алғашқы жұма намазымды өткіздім. Келесі күні имамымыз Ташкент шаһарынан оралды. Әдеттегідей бесін намазынан кейін мешіт ауласындағы сәкіге тізе бүгіп, бәріміз молдекеңнің көрген-білгендерін сұрай бастадық. Естігендері мен көрген-білгендерін алдымызға жайып салған молдекең мына әңгімені баян етті.

Өткен жұмалардың бірінде үлкен мешітте жұма намазға жұрт көп жиналыпты. Жұма намазын аяқтап, намазхан көпшілік жұртқа бата беріп, жамағат енді таралайын деп жатқанда бас имамға екі жігіт келіп жағдайласып, бірінің үстінен екіншісі арыз айтып, шағымданған. Бас имам көпшілікке қарап:

– Құрметті қауым, мына екі жігіттің арызы бар екен. Соны тыңдап, жабылып дауды шешіп берейік, біршама кідіре тұрыңыздар – деп ұсыныс айтады. Сөйтсе істің мән-жайы былай екен. Екі көршінің бірі екіншісінен зәру болып, пәлен уақытта қайтарамын деп қомақты ақша қарыз алады. Сонымен белгіленген мерзім өткеннен кейін, қарыз берген кісі көршісінің үйіне барып, алған ақшаны қайтаруын сұрайды. Ал екіншісі де өлердегі сөзін айтып, қарызын мерзімінен бір күн бұрын ғана өз қолымен апарып бергенін айтады. Қарыз берген кісі көпшілікке қарап:

– Құрметті қауым, көршім жалған айтады. Алған ақшаны әлі әкеліп берген жоқ. Нан ұста десеңіздер нан ұстайын, болмаса Құран ұстайын деп қарғанады. Сонда екінші кісі де имамға қарап:

– Молдеке, мен көршімнен алған қарыз ақшаны мерзімінен бір күн бұрын апарып бергенім анық. Сенбесеңіздер мен де қазір Құран ұстап, өзімнің адал екенімді дәлелдей аламын, – деді. Сонда бас имам оларға қарап:

– Сендердің ауыс-түйістеріңе куә болатын куәгерлерің бар ма? – деп сұрайды.

– Жоқ, – деп жауап береді көршілер. Имам ақша бердім деген кісіге қарап:

– Сен берген қарызыңды кеш. Ырыс-несібеңді Алла жеткізеді, – дейді. Қарыз берген кісі:

– Мен қалай кешемін? Маңдай теріммен, адал еңбегіммен тапқан ақша еді. Жоқ келіспеймін, ақшамды қайтарсын! – дейді. Имам қарыз алған кісіге қарап:

– Олай болса, сен мәрттік жасап, көршіңнен алған ақшаңды көптің алдында көрсетіп қайта қайтар. Сонда үлкен сауапқа кенелесің, – дейді. Сонда қарыз алған жігіт:

– Мен көршімнің қарызын мерзімінен бұрын өтедім. Екінші рет қарызды қайта қайтаруға келіспеймін, – дейді. Не керек, екі көрші бәтуаға келмейді.

Молда жиналған жұртшылыққа қарап:

– Қазір мен сіздердің алдарыңызда мына екі кісі¬нің әрқайсысымен үш рет жауаптасамын. Сіздер куә болыңыздар, – дейді. Сөйтіп молда қарыз берген кісіге:

“Қарызыңды кеш!” деп, екіншісіне “Қарызын қайтар!” деп үш рет айтады. Екеуі де алған беттерінен қайта қоймайды. Осыдан кейін бас имам соңғы рет дауыстап: “Көрші хақысы, Құдай хақысы” деген. Бәтуаға келіп, біріңе-бірің кешірім етіңдер, – дейді. Бірақ екі жігіт ымыраға келмейді.

– Ал онда мен соңғы шариғат үкіміне жүгінемін. Қане, ендеше барлығыңыз қол жайыңыздар, – деп имам Құран аяттарын оқиды. Ол Құран Кәрімдегі 25 пайғамбардың атын атап, сосын бәтуаға келмеген екі кісінің атын атап:

– Егер олардың қайсы бірі жалғаншы болса, онда келесі жұмаға дейін Алла қаһарына ұшырасын! – деп бата береді. Содан келесі жұмаға жетпей, екеуінің де үйлерінен өлігі шыққан көрінеді.

 

***

Бұл мүмкін аңыз болар, мүмкін біреудің басынан өткен шынайы оқиға болар. Не десек те өтірік айтудың, кісінің ақысын жеудің үлкен күнә екендігін түсіндіргісі келген тәмсіл екені хақ. Қазір кісі ақысын жемейтін адамдар бар болар, олар көп емес. Өйткені бүгінгі адамдардың бойында қандай жолмен болса да тез баю, хан сарайындай үй тұрғызу, қымбат көлік міну трендке айналып кетті. Нағыз байлықтың рухани дүниеде жатқандығын ұмытқалы қашан. Өйткені сенімен араласқысы келген адам үйіңнің кең болғандығын, аулаңның ат шаптырымдай алаңды алып жатуын қалайды. Оған сенің жан дүниеңдегі байлықтың көк тиынға керегі жоқ. Мақтана алмайды сенімен сыйласқанына. Қымбат көйлегің, алтыннан сырға, білезігің болмаса жағдайың тіпті нашарлайды. Көзінің қиығымен бренд емес киім кигеніңе жиіркене қарайды тіптен. Бұл заманауи адамдардың көбісінің көзқарасы. Өкінішті әрине. Сенің жан дүниеңді олар бәрібір түсіне алмайды. Өйткені үйің қарапайым, көпқабатты емес, оның үстіне жаяу жүресің. Не үшін сенімен араласуы керек.

Бір кезде ауданда қалталы азаматтардың әйелдері «ауданның қаймақтары» деген топ құрыпты. Онда өңкей ығай мен сығайдың, әкім-қаралар мен соттардың, прокурор мен маи қызметкерлерінің әйелдері ғана болады екен дегенді естігенде қаймақ емес, айран болса ше? – деп таңғалғаным бар еді. Бірақ, ол да шындық болатын. Өздерін қоғамның жоғары тұрған лауазым иелері санайтын. Сосын олар бұқараға жатқызбайды өздерін, өйткені қаржылары көп. Бірақ ол қаржы қайдан келіп жатыр, жалақылары бір-екі жылда шылқитып байлыққа кенелтетіндей қандай мансап? деген сұрақтар көкірегінде сәулесі бар кез келген адамды ойлантары анық. Аса білімді, ғылым жолында жаңалық ашып жүрген жандар неге бай емес. Олар бір немесе екі бөлмелі пәтерлерін қанағат тұтып, ұлтының болашағы үшін шыр-пыр болып жүргендері. Маңдай тер, табанақымен табылған қаржыға жасалған дүние болса ешкімнің қарсылығы жоқ. Біреудің көз жасымен, қорқытып, үркітуімен жиналған дүниеге мастану қаншалықты орынды.

Қазіргі адамдардың психологиясы дейміз бе, санасы мен ойлау қабілеттері дейміз бе, боқ дүниемен шиеленісіп байланысып қалған. Қалтасы қалың, дөрекі сөйлейтін, түкірігі жерге түспей тұрған адамдар «абыройлы», «беделді» боп алған. Олардың жиған дүние мүліктері соларға бедел сыйлап тұрғандай. Барлығына топырақ шаша алмаймын. Бірақ шындығы солай. Керемет қымбат көліктен түскен адамға ерекше құрметпен қараймыз. Кім екен деп. Неге соншалықты боққұмар, баққұмар болып кеттік? Түсіне алмаймын, түсіндіре де алмаймын.

Алтындай жездем бар еді, өмірден өтіп кетті. Адам баласы емес, жәндіктерге де қиянат жасай алмайтын. Үлкен қалада тұратын. Бірде жұмыстан келе жатып, әмиян толы ақша тауып алады. Үйге келген соң әпкеме айтады. Тамағын ішіп алып ақша тауып алған жеріне қайтадан барып, өткен-кеткендерден ақша жоғалтып алғандар бар ма деп сұрайды. Қожанасыр ғой, мына кісі деп өткен-кеткен мысқылдап күледі. Ең соңында полиция бөліміне апарып, тапсырады. Журналист болғандықтан оның қолды болып кетпеуін қадағалайды. Әйтеуір әупірімдеп әмиянның иесі шығады. Жездеме риза болғандығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Батасын үйіп-төкті. Сондағы жездемнің бақытты сәтін көрсеңіздер ғой. Біреуді қуанту арқылы өзі бақытқа бөленетін жан еді. Қазір ондай адамдар тіпті жоқтай болып көрінеді. Адалдық, тазалық туралы әңгімені көпіртеміз, ал шын мәнінде әрқайсысымыз өз бойымызда сол тазалық деген қасиеттің бар екендігіне бір сәт көңіл бөлсек. Ең болмағанда ойша.

Адалдық – асыл қасиет. Бірақ ол – жас шыбық сияқты өте нәзік. Егер бағбан жерге отырғызған жас шыбығын күнде баптап, қисық өскен бұтақтарын түзеп, күтім жасамаса, ол тереңге тамыр жайып жайқала өспеген болар еді. Адал­дық та сол сияқты. Ол барлық адамның бо­йын­­­да кездесетін табиғи қасиет бол­ғаны­­мен, тәлімді тәрбиені қажет етеді. Егер өскелең ұрпақты жастайынан шын­шылдыққа, әділдікке, біреудің еңбе­гін қанамауға, өзгенің несібесіне қол сұқ­пауға тәрбиелемесе, олардың бойындағы табиғи адалдықты кір шалады. Айналасындағы жемқор адамдардың қылықтары ұнай бастайды. Ол істеді, мен неге істемеуім керек? деген сұраққа жауап ретінде жаман пиғылды адамдардың әрекеттерін қайталауы ғажап емес. Мұнда отбасындағы тәрбиенің атқарар міндеті өте зор.

Қатар жүрген досыңның әрбір табысына, қарапайым адами бақытына қуану – ол да адалдық. Ата-анаңның ақ сүтін ақтап, қартайғанда қамқор болу – перзенттік адалдық. Кісі ақысына көз алартпай, тіршіліктегі несібеңді шынайы еңбек, маңдай теріңмен табу – адамгершілік адалдығың. Егемен еліңнің ертеңіне енжар қарамай, ұлттық болмысыңды шыңдау – нағыз азаматтық адалдық.

Адам бойындағы адалдық атты табиғи қасиеттің айшықты ажары осындай. Адам деген ардақты атымызға сай бойымызға біткен бұл табиғи қасиетті тазалық таразысына салып көрейікші. Осы бір пәк сезімнің мөлдір бұлағын лайлатпай, адалдық атты асқақ ұғымға кір шалдырмай келе жатырмыз ба? Балаларымызды байлықтан басы айналғандардың үлгісіне баулып, «адалдықтың ала жібін» аттатып алған жоқпыз ба? Күйбең тіршіліктің күнделікті ауыртпалығымен қанша алыссақ та, адами құндылықтарымызды табиғи таза қалпында ұрпақ санасына сіңіру азаматтық парыз екенін ұмытпайық. Ақша басты құндылыққа айналған мына бір аумалы заманда қазақи адалдықтың ақ туы жығылса, ұлттық болмысымыз былғанады. Осындай нәрселер кейде жүйкеңді шаршатып, қажытып-ақ тастайды. Жастарды айыптап жатамыз. Бірақ сол жастарға адалдық деген сезімді толық жеткізе алып жатырмыз ба деген сұрақты аға буын өзімізге қойып көрсек. Жауабы қалай болар екен?

Бір мерекеде алғыс хатпен бірге азын-аулақ сыйақы тағайындалғаны жайында хабарландым. Құжаттарымды, ЖСН імді алдын ала жібердім. Содан шара өтетін күні жарты сағат бұрын хабарласып тұр бір бала. Апай, келе қойыңыз, – деп. Қайда? – деймін ғой. Облыс орталығына. Неге? Марапатыңыз бар. Әй, шырағым, үш сағаттық жолға жарты сағатта ұшақпен бару керек шығар, қалай жетем, ақылға сыймайтын дүниені айтып тұрсыңдар ғой деп ашуға бастым. Жастардың салғырттығы дейміз бе, жоқ әлде, лауазымды тұлғалардың немкеттілігі ме, ол жағын түсінбедім. Бірақ сол марапат та, алғыс хат та діттеген жеріне жетпеді. Көк алма кеңірдегімізге қадалып тұрса да үмітімізді үзбейтін ұлттың өкіліненбіз. Мен де ұзақ уақыт үмітімді үзбей жүрдім. Өкінішке орай үмітім ақталмады… Менің ақымды біреудің жегені анық.

Адалдық – кісі ақысын жемеуден басталады. Әкеміз бізді күнәнің үлкені – кісі ақысын жеу. Содан бойларыңды алыс ұстаңдар, – деп тәрбиелеген. Балалық кезден санаға құйылған нәрсені уақыт та, басқа да өшіре алмайды екен. Ол сүйегіңе сіңіп, қаныңмен біте қайнасып кетеді екен. Сондықтан балаларымның құлағына да соны құйып, өсірдім. Оның нәтижесін уақыт көрсетер.

Адам – қоғамның басты тұлғасы. Ал адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі, адам бағасының бір өлшемі де іспетті. Адалдық деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық – пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Қазақ елінің адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз тазалығы мен мәрттігі туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктері, зерттеулерінен де кездестіруге болады. Адалдық әрекеті Адал еңбек пен Адал табыс тұтастығында танылады. Осы кеңістік – Отан абыройы мен тұлға тазалығын сақтайды.

Адал ұрпақ тәрбиелеу – қай уақытта болса да өз маңыздылығын жоғалтпаған мәселе. Халқының мүддесін жеке мүддесінен жоғары қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың басты борышымыз. Болашақ ұрпағымызға тек тәрбие мен білім берумен шектеліп қалмай, еңбекқорлыққа да үйретуіміз керек. Ең бастысы ар деген сөздің мағынасын сезініп, ұят деген ұғымды ұғынып, адалдық жолына түссе деген тілек қана біздікі…

Баян МАМЫРБАЕВА

 

 

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР