Басты бет Өңір тынысы БІРЛІК ПЕН ДАМУ

БІРЛІК ПЕН ДАМУ

0
41

Аудандық мәдениет үйінің іші көрерменге толы. Алыстан ат арылтып келген қонақтардың да қарасы көрінді. Апта басынан басталған ауданның 90 жылдық торқалы тойының бүгін мәреге жеткен күні. Білім мен ғылымға, мәдениет пен өнерге, денсаулық пен спортқа, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікке арналған күндер өз деңгейінде өтті. Әр күніміз мерекеге толы болды. Ауданның көрікті жерлері мен табыстарын паш еткен бейнебаяндар, әдемі суреттер менмұндалап аудандық мәдениет ошағының айналасына көрік қосып тұрды. Қоғам қайраткері, үлкен парасат иесі, ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің өлеңімен бастау алған апталықтың қорытындысы да ақын ағамыздың өлеңімен ашылды.

Кең төсiнен кеудем талай саз ұқты,

Тапты жүрек өлең атты азықты;

Кетпен, Жоңғар қос қанаты тәрiздi

Алып құстың алып ұшқан жазықты.

Айхай, Дала!

Асау көңiл, ән-дала!

Көкжиегi көсiлетiн паңдана,

Көз жетпейтiн, құс қанаты талатын

Кең өлкеге қарайды көк таңдана, – деп шараның тізгінін қолына алған жүргізушілер Шығысы Аспанасты елімен шектескен, батысында Бұғыты жоталары жамбастаған, өр жағында Үйсін таулары төбесін көкке тіреген құнарлы өлке, қасиетті мекен – ауданымыздың 90 жылдығымен жиналған қауымды құттықтады. Бұл форум «Бірлік пен даму» деп аталыпты. Шараның алғашқы тілек-сөзін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы Майлыбаев алды. Ең алдымен аудан тұрғындарын торқалы тойларымен құттықтады. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің арнайы аманаттап жіберген құттықтау сөзін оқып, адресатын аудан әкімі Бота Елеусізоваға табыс етті.  Облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Сұлтанұлы сөзге шығып, ауданның экономикалық жағынан қарқындап дамып келе жатқандығын тіліне тиек етіп, аудан халқына құтты болсын айтты, аудан басшысына тілек хатын ұсынды.

Жалпы ауданның 90 жылдығы әдеттегіден өзгеше форматта өткендігін атап кету керек. Сегіз қанатты үй тігілмей, ас ішіп, аяқ босатылмай, жұртқа рухани қуат, дем берілсе деген ұстанымды басшылыққа алған ниет діттеген мақсатына жетті деуге болады. Қорытынды шарада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты тапсырмасын жүзеге асырудың бір жолы ретінде форум форматына енгендігіне куә болдық. Лэдэкран арқылы виртуалды көмекші шықты. Виртуалды көмекші І-Sharyn көпшілікпен амандасып, ауданның 90 жылдық тойымен құттықтап «Бірлік пен даму» форумында кездескеніне қуанышты екендігін жеткізді. Сахна төріне аудан әкімі Бота Серікқызы шықты. Әдеттегідей мінберге емес сахна ортасында тұрып өзінің ізгі тілегін жеткізді.

 Баршаңызды туған өлкеміздің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! “Туған жерге туыңды тік” бастамасын ту етіп, осы өңірден түлеп ұшқан әр салада жетістікке жеткен жерлестеріміз ауданымызға келіп өз үлесін қосуға және туған өлкесін жан-жақты қолдауды, ауданымыздың жарқын болашағына қызмет етуді қолға алатын мерейтой апталығын жасадық. Осы орайда тарихтың өзі таңбалаған тоқсан жылдықтың мерейіне апта бойы әр саланы қамтитын форумдар мен танымдық шаралар, концерттер мен кездесулер өткізілді.

Ал бүгін осы апталық өз мәресіне жетіп, барлық сала бойынша жасалған жұмыстар қорытындылануда.

90 жыл тарих үшін аз ғана уақыт болғанымен, бір адамның толыққанды ғұмырымен тең кезең. Осы кезең ішінде ауданымыз Тәуелсіз елімізбен бірге дамуға қарай бет алып, бүгінгі күнде облыс аумағындағы алдыңғы қатарлы аудандардың біріне айналды. Бұл аймақты дамыту жолында көптеген азаматтардың маңдай тері тамды. Ауданның құрылған жылынан күні бүгінге дейін 16 азамат аудан тізгінін қолдарына алған екен. Олардың аттарын атап, елеп-ескеруді жөн санаған аудан басшысы жиналған қауымға әркезде ауданда басшы болған азаматтардың есімдерін атап шықты. Олар 1935-1940 жж. Марупов Ибрагим, 1940-1942 жж. Дуспаев Өтебай Мерғалиевич, 1942-1944 жж. ДуйсековЖумадин, 1944 -1946 жж. Раджибаев Юнус Рахметович, 1946-1951 жж. Нурғожаев, 1951-1952 жж. Сембай Темірханов, 1952-1956 жж. А.Наурузов,1956-1959 жж. Тәнекеев Сәйдәлім Нысанбайұлы, 1959-1970 жж. Исламов Кинтал Бакиевич, 1970-1988 жж. Ашим Арзиев, 1988-1990 жж. Жәмшит Розахунов,1990-1999 жж Насыров Муратбек Мырзагулович,1997-2007жж.Тохтасунов Владимир Имтахунович, 2007-2014 жж.Омаров Коюмчан Аванович, 2014-2017 жж. Тохтасунов Алимжан Имтахунович, 2017-2023жж Нурахунов Шухрат Турдахуновичтер.

Осындай тұлғалардың ерен еңбегі мен туған өлкесіне деген сүйіспеншілігінің арқасында ауданымыз барлық бағытта алға қарай сенімді әрі нық қадам жасап келді. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көз қуантарлық деңгейге көтерілді. Ауданның еңбекқор халқымен жұдырықтай жұмыла жүріп жоспарланған бірқатар жұмыстарды жүзеге асырдық. Біз бірлігімізбен, татулығымызбен еліміздің тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосып келеміз. Ауданымыздың барлық ауылдық округі ауызсумен толықтай қамтылып келе жатыр. Газ құбырлары тартылып, жайлы әрі заманауи өмір сүруімізге қолайлы жағдайлар туды. Аудан орталығымен қоса Шарын, Тасқарасу, Бахар ауылдық округтерінде де табиғи газдың құбыры тартылды. М.Хамраев атындағы Шарын орта мектебі, Шырын орта мектебі, Илья Молутов атындағы Шонжы орта мектебі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай білім ордасына айналды. Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебіне жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Денсаулық саласына да көңіл бөлініп, Ават, Кіші Дихан, Дардамты, Ақтам, Тиірмен, Шырын ауылдарына дәрігерлік амбулаториясы салынды. Аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты қолданысқа беріліп, ел игілігі үшін қызмет етуде. Халықтың мәдени-рухани тұрғыда дамуы үшін Шарын ауылының 600 орынды мәдениет үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілді. Өткен жылы бірқатар жанұяларға баспана бақытын сыйлаған көп қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің тағы бір ғимараты бой көтеріп, құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, кезекте тұрған отбасыларға  су жаңа пәтердің кілттері табыс етілді. Көкпек – Шонжы – Жаркент аралығындағы күре жолдың толықтай күрделі жөндеуден өткені жергілікті халықты ерекше қуанышқа бөледі, – деп ауданда соңғы жылдары атқарылған жұмыстармен қысқаша таныстырып өтті.

Сонан соң виртуалды көмекші І-Sharynды экранға шақырды. І-Sharynға 10 жылдан кейінгі ауданымыздың дамыған келбеті мен инфрақұрылымы қандай болатындығын көрерменнің назарына ұсынуды тапсырды. Виртуалды көмекші белгілі уақыт сұрады.

Бұл шаралардың көшін бастап тұрған «Туған жерге туыңды тік» деген қағида болғандықтан бүгінде тау тұлғаға айналған ағамыз Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің тарихтан тағылым беретіндей тұщымды әңгімесіне кезек берілді. Сұхбат ретінде жасалған дүниеде көп нәрсе айтылды. Қазақтың тарихынан басталған әңгіме ауданның тарихына табан тіреді. Оқығаны мен тоқығаны көп, туған жеріне деген махаббатын керемет жыр жолдарына сыйдырған ақын ауданымыз туралы жүрекжарды лебізін жеткізді.

Өзі келе алмағандықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Шахимардан  Нурумов та ақжарма тілегін бейнебаян арқылы жеткізді. Қазақ халқының кең пейілді дархандығын, бауырмалдығын, бірлігі мен татулығын сөз етіп, бақытты елде өмір сүріп отырған ұйғыр халқының бақытты екенін жеткізді.

Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының достық пен татулықтың құнын жоғары бағалайтын тамаша сөзі бар. Бір шаңыраққа шаншылған уықтай көптеген этностар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келе жатқаны өтірік емес. Шындық. Осы орайда республикалық ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы Долқунтай Абдухелил өзінің құттықтауын жеткізу үшін сахна төріне көтерілді. Қазақстан деген татулығы жарасқан, бірлігі бекем,тұғыры мықты мемлекетте өзге этностар тең дәрежеде қызмет атқарып, еліміздің дамуына үлестерін қосып жатқандығын, өзге елдерге қарағанда Қазақстанда ұлт татулығы мен ел бірлігі берік орныққандығын тіліне тиек етті. Аудан тұрғындарын мерейтойларымен құттықтады.

І-Sharynға берілген тапсырма орындалды ма деген сұраққа жасанды интеллект әлі он бес минут уақыт беріңіз деп жауап қатты.

 Форум әрі қарай жалғасты. Ауданымыздың алдағы 10 жылға жасалатын даму жоспарына қосатын ұсыныстар мен пікірлер болса, әлі де уақыттың бар екендігін, сонымен қатар кіреберістегі журналға жазуға болатындығын немесе QR код арқылы сілтемеге өтіп ұсыныс қалдыруға болатындығын еске салды шараның жүргізушілері.

Осы өлкенің киелі топырағына кіндік қаны тамған елімізге танымал қаламгер Сәуле Мағазбекқызы әр жыл сайын өзінің туған ауылына  тізгін тартып, артынан ерген өкшебасар ұрпаққа барынша қолдау танытып отыратындығының куәгеріміз. Келесі құттықтау сөз айту үшін сахна төріне жазушы, ақын Сәуле Досжан шықты. Жиналған қауымды торқалы тойларымен құттықтап, Ақтам деген шағын ауылда дүниеге келіп, сол жерде орта мектепті бітіріп, бүгінде республикалық деңгейде есімі танымал тұлғаға айналғандығын айтып өтті. Біліммен ғана биіктерді бағындыруға болатындығын, өзі біраз жылдан бері мектепті тек беске оқитын балаларға стипендия тағайындағанын мақтанышпен жеткізді. Олардың қатары жыл сайын көбейіп, өзі қолдау көрсеткен балалардың бүгінде шетелде білімдерін жалғастырып жатқандығын жеткізді. Мұқағали кішкентай ғана Қарасазын әлемге танытса мен де шағын ғана Ақтамымды әлемге паш еткім келеді деген арманын да айтты. Ауылымның жылт еткен жақсылығына марқайып отырамын. Ауданның 90 жылдығы ерекше форматта өтіп жатқаны қуантты. Бота Серікқызының еңбегіне табыс тілеймін, аудан халқына құтты болсын айтамын деп ақжарма тілегін ақтарды.

Боз жусаны бұрқыраған, кермиық қасиетті Қарадала өзінің 90 жылдық мерейін тойлап, қазан қайнатып жатқанда, іргелес кереге таулы Кегеннен ат терлеткен аудан басшысы Нұрбақыт Теңізбаев өзінің ақ тілегін арқалап келіпті. Кеген мен Ұйғыр ауданы құстың қос қанатындай бірге самғайтын, табиғаты да, жер жағдайы ұқсас екі ауданның тойы. Біз де тілекшіміз. Көршілердің тойы құтты болсын. Бота Серікқызына естелік ретінде Көлсайдың сұлу көрінісін тарту етемін, – деп сыйлығын ұсынды.

Ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов ат арылтып келген қонақтарға қош келдіңіздер деп, ауданның 90 жылдығы керемет көңіл-күймен өткендігін айтып, қасиетті Қарадаланың қалың жұртына шынайы ниетін жеткізді. 90 жыл аудан тарихы үшін көп болмаса да, бір ғасырға жуық уақыт ішінде өзгерген, өнген, өркендеген елдің тұрғындары атанып, осындай той жасауға мүмкіндік туғанына ризашылық сезімін жеткізді.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді. Өз тілегін айтуға сахна төріне Шамахун Нурумов шықты. Ұйғыр ауданы деген атауды қазақтың ұлы тұлғасы Тұрар Рысқұлов қойып кеткендігін өз пайымы арқылы жеткізді. Қазақстан деген алып мемлекетте 130 дан астам ұлыстың тату-тәтті тұрып жатқандығы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың салиқалы саясатының арқасында екендігін жеткізді. Аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтады.

Өткенімізді түгендеп, тарихтың қазығын нық қақпай, болашағымыз жарқын болады деп айта алмаймыз. Осы орайда анамыздың жасы, бабамыздың қаны тамған киелі өлкенің тарихын зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген тарихшылар ортамызға келіпті. Жүргізілген археологиялық жұмыстардың жемісін сүйіншілеп, жаңалығымен бөлісу үшін PhD-доктор,  «Есік»  мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Талғар қалашығын қорғау және зерттеу» бөлімінің жетекшісі Хамит Амантайұлы Айтқұл сахна төріне көтерілді. Ауданнан табылған  қорған, одан шыққан бұйымдар туралы, темірден, тіпті алтыннан жасалған зергерлік заттардың тарихы өте ежелден басталатыны туралы қызықты әңгімеледі. Ауданның тарихын қамтыған екі кітапты Бота Серікқызына табыс етті.

Өлкенің тарихы зерттеліп, өскелең ұрпаққа құнды дүниелердің қалатындығына қуандық. Бұл жаңалықтың басы ғана екен. Тарихи зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, кітаптардың келесі томдары жарық көретіндігінен де құлағдар болдық.

Жасанды интеллект дайындаған ауданның болашағының бейнебаяны ұсынылды көрермен назарына. Егер ол жүзеге асар болса туған өлкеміз көз тоярлықтай кейіпке енеді екен. Армандар орындалар ғасырда тұрмыз. Дәл осылай боларына тілеулеспіз.

Мемлекет басшысы: «Туған жерге туыңды тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматтарымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал»,– деп айқындап өткен болатын. Әрбір азаматтың жүрегі елім деп соғуы керек! «Қарадала» халықтық театры жігіттерінің «Елім деп соқсын жүрегім» әнімен концерттік бағдарлама басталып, «Мен сені сүйем, Қазақстан» әнімен нүктесі қойылды.

Апта бойы өткен ауданның 90 жылдық мерейлі тойы өз мәресіне жетті. Ауданның дамуына әркім өз үлесін қосқаны хақ. Оның нәтижесі бүгінгі өркендеген, көркейген, табиғаты таңғажайып өлкенің төрінде өтіп жатқан торқалы тойымыздың көрінісі. Мағыналы, мәнді өткен шара болды. Өнер мен мәдениет, білім мен денсаулық, спорт пен кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы саласы түгел қамтылды. Әдеттегідей бір күндік есеп беру концертіне айналмай, тарихтан тағылым алатындай, көкейге ой түйетіндей, шынайы мереке болды. Біткен іске – сыншы көп, демекші, әркім өз ой өлшемінде пікірлерін айтып, наздарын да жеткізіп жатыр. Ол – заңдылық. Дей тұрғанмен биылғы той бұрынғылардан өзгеше. Бұған ешкімнің дауы бола қоймас. Мәдениетті, салиқалы, тағылымды өтті. Бір ғасырға жуық тарихқа ие ауданның болашағы жасанды интеллект көрсеткендей өркениетті боларына кәміл сенімдіміз. Жүз жылдықта амандықпен жүздесейік…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЭКОПРОЕКТЫ ЧАРЫНА

Ряд важных проектов по развитию инфраструктуры реализован на территории Чарынского государ…