Басты бет Мәдениет және руханият ЕСІМІ ҰЛТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫНА АЙНАЛҒАН

ЕСІМІ ҰЛТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫНА АЙНАЛҒАН

0
184

Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл

         Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді. 90 жылдық мерейтойын туған халқы әртүрлі кездесулер, әдеби кештер, жыр мүшәйрасы ретінде атап өтіп жатыр. 1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде бір жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.1955-56 ж.ж. Қарағанды қаласындағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істейді.1956-1959 ж.ж. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде оқыған. 1959-1971 ж.ж. «Жазушы» баспасында кіші редактор, «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды.1973 жылы Москва қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курсын бітіреді. 1974-1983 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты. Ж.Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты. Ақынның орыс тіліне аударылған «Весенние ветры» (1969), «Мое рождение» (1982), «Тебе говорю, потомок» (1986), «Солнцеворот» (1994) атты өлеңдер жинақтары басылды. 2003 жылы Санкт-Петербург қаласында орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері топтастырылған «Я есть» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. Сонымен бірге ақынның өлеңдері өзбек, чуваш, украин, тәжік және ағылшын тілдеріне аударылып басылды.

Ж.Нәжімеденов аударма саласында түрік ақындарының өлеңдерін, Сағдидің «Бустан» дастанын, А.Блоктың «Зауал» дастанын, А.Вознесенскийдің шығармалар жинағын, Ахмад Фаиздің өлеңдерін, М.Лермонтовтың, М.Цветаеваның, В.Маяковскийдің және т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Жұмекен Нәжімеденов – 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Небәрі 48 жыл ғана ғұмыр кешіп, бірақ оны мәнді, маңызды етіп сүрген ақында не арман бар деуге болар? Жұмекен Нәжімеденов қысқа өмірінің ішінде асқақ ақындығымен өз үнін естірте көзге түсіп, өшпейтін көркем туындылар қалдырды. Жұмекен Нәжімеденов – тұлғалы талант. Қазақ поэзиясы жөнінде сөз қозғала қалса, Жұмекенді ауызға алмай өту мүмкін емес. Ол сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ жұрт назарына ақындық ерекшелігімен ілінді. Әбділда Тәжібаев Нәжімеденовтің тырнақалды туындылары туралы бірден: “Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас, Жұмекен – жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын” деген болатын.

Ж.Нәжімеденовтің ақын ретіндегі жемісті еңбек еткен кезі – алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдар, яғни қазақ поэзиясының философиялық тұрғыдан тереңдеп, көркемдік жағынан әрлене түскен кезеңі. Қазақ поэзиясына ақын өз үлесін осы тұста қосты және ол қазақтың сөз өнерін өркендету жолында қаламы қолынан түскенше еңбек етті. Жұмекен поэзиясы сан қырлы. Ақын поэзиясы бірден қалыптаса қалған жоқ. Өмірді шынайы бейнелеу жолында талай ізденіс соқпақтарынан өтті. Жігерлі талпыныс, бойға біткен табиғи талантты еңбекқорлықпен баптай білушілік оны майталман лирик дәрежесіне көтерді. Шығармашылық болмысындағы ерекшелік пен асқан шеберлігімен Ж.Нәжімеденов қазақ әдебиетінен өзіндік лайықты орнын алды. Ақынның лирикалық қаһарманы – үлкен интеллект. Ол ұсақ-түйек төңірегінде, отбасы, ошақ қасында қалып қоймайды. Оның басты көтеретін мәселесі – адамгершілік, ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар-ожданына кереғарлықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық проблемалар, бүкіл планеталық мәселелер.  Ж.Нәжімеденовтің азаматтық үні “Жүрегімде бір тамшы қан болса егер” деп басталатын өлеңінде-ақ анық естіледі. Ақын ойлары кесек айтылған бұл өлең – кеудеден қайнап шыққан көңілдің ақ жамбысындай үлкен толғанысты туынды. Лирикалық кейіпкер өзін денені аралайтын бір тамшы қанға балап, сол қан сияқты туған жердің тамыр-тамырын аралайтындығын айтады. Адам қансыз өмір сүре алмайтын болса, ел де адамсыз өмір кешуі мүмкін емес деген ой айта келіп: Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке, Бүкіл дүние тұрып қалар секілді, – деп тұжырымдайды. Ақынның осы шағын өлеңі ақынның бүкіл поэзиясының лейтмотиві деп есептеу керек. Ақын – заман перзенті, сондықтан заман үнімен үндесе, заман ағымымен бірге болуы керек.

Жұмекен Нәжімеденов қазақ ли­рикасын тақырыптық жағынан байытты, оның мазмұнын тереңдетті, пішінін жетілдірді, жанрлық жаңа белестерге биіктетті. Ол стиль жағынан да ешкімге ұқ­самаса, оның лирикалық кейіпкері де өзгеше болмыс-бітімімен дараланған. Қазақ поэзиясының қадым заманнан бері қалыптасқан эпикалық дәстүрін жаңа сатыға көтере дамытып, алпысыншы-сексенінші жылдарда оның дастан, поэма секілді кең көлемді жанр­лық түрлерін байытып, оларға мазмұн жағынан да, пішін жағынан да айта қалғандай жаңалық қосты. Ақын, әсіресе, лирикалық дас­тан жазудың шебері. Оның шеберлігі публицистикалық және философия­лық поэмаларынан айқын көрінеді. Қаламгер лирикалық дастандарында көкірегінде туындап, шешімін ізде­ген проблемалық жайларды ұтымды қозғайды, оқырмандарға сол проблемалар төңірегінде ұлан-ғайыр ой салады. Ж.Нәжімеденовтің поэмалары – қазақ әдебиетіндегі дастаншылдық дәстүрді ілгері дамытқан, жаңалығы мол, мазмұны терең, пішіні сұлу сырлы мұра – қымбат қазына.

Сонымен Жұмекен Нәжімеденов – қазақ әдебиетінде поэзиясымен де, прозасымен де қомақты орынға ие болды. Ол – қазақ әдебиетіне ұшан-теңіз жаңалығымен келіп, оны шалқар байлыққа кенелткен ойшыл суреткер, қазақ әдебиетінің алтын тінді сөзінің зергері, ХХ ғасыр әдебиетінің көрнекті өкілі, шығармалары ХХІ ғасыр оқырмандарының санасын әспеттейтін туындыларының өшпес өміршеңдігімен көрінетін ойшыл-философ. Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы – әрқашанда үлкен марапатқа ие болуға лайық шығармашылық. Оның нәзік лирикасы, балладалары, дастандары өзіндік ерекше­ліктерімен, нұсқалылығымен, озық қасиеттерімен өз замандастарынан қара үзіп, әлі күнге дейін алдыңғы саптан көрінуде. Оның өлеңдері мен дастандарының әрбіреуі – болмысы бөлек, үлгілі туындылар. Ақынның «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен поэмалар жинағын «Атамұра» корпорациясының Мемле­кеттік сыйлыққа ұсынуы – өте орынды. Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республи­касының 2010 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі республикалық комис­сия­сының хабарламасында ақынның осы жинағы да бірнеше жазушылар­дың қатарында халық талқысына салуға жолданыпты. Жұмекен поэзиясы бұл сыйлыққа әбден лайық екеніне әрбір қазақ куә.

Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық таланты жас­тайы­нан кеңінен танылған. Оның туған жерге арналған өлеңдерінен қоңыр мұң се­зіледі. Атасы Нәжімеден қарттың тәр­бие­сін көп көргеннен, бәлкім, әңгімесін көп тыңдағаннан болар, бала күнінен те­рең ойға беріледі екен. Өйткені, әкесі Сабыр екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, майдан даласынан оралмай қалған. Сол Сабыр соғысқа аттанарда Нәжімеден қарт ауыл шетіндегі сорға баласының табан ізін бастырып, үстіне қара қазан төңкеріп қойыпты. Сабыр баласына: “Сені сағын­ғанда ізіңді көріп, мауқымды басармын. Өзіңді көргендей болармын, балам”, депті даланың данагөй қариясы. Әкесінің сорға басылған табан ізін бала Жұмекен ата­­сына еріп келіп, талай көрген болар-ау. Бәлкім, әкесінің майдан шебіне түсерден бұрын сағынышты жазған өлеңдерін Жұмекен де оқыған, қоңыр мұңға толы сыршыл жүрегіне мықтап тоқыған шығар. Бізге жеткен әңгімелерге қарағанда, Нә­жімеден қария сол ізге күн сайын келіп, қа­занды көтеріп, баласының ізіне ұзақ қа­рап отырады екен. Жұмекеннің артынан ерген қарындасының бірі Сәбила: “Бала кезімде әкемнің қалың дәптерге жазып, атама жолдаған өлеңдерін оқып отырушы едік. Әкем алты ай әскери дайындықта жүр­генде ауылға сағынышын өлеңмен жазатын болған ғой. Майданға түскеннен кейін хат-хабар келмеген. Әкемнің сол өлең дәптерін жоғалтып алдық. Жұмекен­­­нің өлең жазуына әкемнің әсері болды-ау деймін. Ол тіпті бала болып ойна­мау­шы еді. Үнемі қолынан домбырасын тас­та­май, баяу тартылатын күйлерді шер­те­тін. Үнемі терең ойға батып жүретін. Сол кезде не ойлайтынын қайдан білейік, мүмкін, Жұмекеннің жүрек түкпірінде поэзияның алғашқы шумақтары жазылған болар”, дейді.

Қа­зақтың ақиық-қыран ақыны Мұқағали Мақатаевтың мына бір пікіріне назар аударылып көрелік. “Жұмекен – жұмбақ ақын. Тамырын терең салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақындарға тән шал­қу, тебіреніс-толғаныстың өзі де құпия, жасырын. Оқушысының қолына тереңде жатқан ойының бір ұшын ұстатады да, арғы жағын өзің тап дегендей жайлап шығарып салады”, депті кезінде. Бұл – таланттың талантты тануы. Ақын­ның жеті түстің әрқайсысына “мі­нез­­деме” берген өлеңдері енген кітабы жайында “Жеті бояудың” авторы қазақ поэ­зиясында бұрын-соңды өткен алуан ақ­ындардың қай-қайсысына да ұқса­­­май­ды”, – дейді қазақ поэзиясының ерекше бір құбылысы Қадыр Мырза-Әлі. Жұмекеннің аңсары – дала. Табиғат сырларын, құбылыстарын суреттей оты­рып, далаға деген сағынышын өрнектейді. Оның табиғат жайлы өлеңдерін оқыса­ңыз, табиғаттың тылсымын өзіңіз қалт жі­бер­мей, бақылап тұрғандай әсерге бөле­несіз. Туған жердің қаншалықты ыстық боларын өлең жолдарын оқығанда түсі­не­сіз. Даланың жұпар ауасы дертіне шипа бо­ларын “Дала деген докторға көрінейін, Про­­фессор емдесін шұбат деген” деп бей­нелейді. Осы бір екі жолда қазақтың ұлттық сусыны – шұбаттың бойға қуат беретін дәруменін бейнелі түрде әсерлеп жеткізудегі шеберлігі тәнті етеді.

Жұмекеннің поэзияда өнікті еңбек­тен­геніне жылына бір кітаптан шығарғаны дәлел. Мәселен, оның бірнеше өлеңі ал­ғаш рет 1959 жылы жас ақындардың “Жас қанат” жинағына енеді. Өзінің бірінші кі­табы – “Балаусасы” 1961 жылы жарыққа шығады. Міне, осыдан кейін жыл арала­тып бір кітап шығарып отырған. “Сыбыз­ғы сыры” (1962), “Өз көзіммен” (1963), “Жарық пен жылу” (1964), “Жоқ, ұмытуға болмайды” (1965), “Күй кітабы” (1967), “Мез­гіл әуендері” (1968), “Қызғалдақ жай­лы баллада” (1969), “Ұлым, саған ай­там” (1970), “Мен туған күн” (1972) кі­тап­тары оқырманынан жақсы баға алды. Жұ­мекен тек өлең жазумен шектелген жоқ. 70-жылдардың басында орамды ой, бей­нелі сөз тіркестерімен соғыстан кейінгі ауыл тіршілігін сомдаған сүйекті дүниелер – “Ақ шағыл”, “Кішкентай”, “Даңқ пен дақпырт” романдары мен “Бетпе-бет”, “Дом­­быра мен көсеу” повестерін жазды. Осы шығармаларымен жаңа қырынан та­ныл­ған Жұмекен поэзияға қайта оралып, “Жеті бояу”, “Шуақ”, “Ашық аспан”, “Қы­ран қия”, “Менің Қазақстаным” жыр кітаптарымен оқырманын және бір тәнті етті. Бір таңданарлығы, Жұмекеннің поэзиялықта, прозалық та жинақтары араға жыл аралатып шығып тұрған. Бұл енді Жұмекеннің жұмбақ талантының жемісі екені даусыз.

Егер тірі болғанда 28 қарашада 90 ға толар еді. Тағдырға не шара, 21 жасында “Ме­нің Қазақстанымның” бүгінде еліміздің Гимніне айналған айшықты өлеңнің алғашқы нұсқасын жазған ақын қарашада дүниеден озған. Жұмекендей ақынның қа­рашада, қаздар қайтқанда дүниеге келіп, туған күнінен 6 күн бұрын дүние­ден озуы сәйкестік пе, әлде тағдырдың жа­зуы ма екен? Қарашада қаздар қайтқанда оның да мәңгілік мекеніне қайтуы Жаратушының ерекше тұлғаға көрсеткен белгісі болар, бәлкім.

Жұмекен есімі тәуелсіз қазақ елінде ұмытылмайтын ұлы тұлға болып қала береді. Оның есімі ұлттың рухани байлығына айналғаны да ақиқат. Туған өңірінде Ж.Нәжімеденов атындағы мек­тептердің, ескерткіш пен көше­лердің болуы соның айғағы деуге әбден болады. Ал оның «Менің Қазақстанымы» тілі шықпаған сәбиді де, ес жиған ересекті, дана мен ғұламаны да селт еткізері риясыз шындық. Өшпес өлең қалдырған ақынның есімі қазағы барда ұмытылмақ емес.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚҚУ БОЛЫП ӨРІЛГЕН – КҮЙ ТӨРЕСІ

          Аудандық мәдениет үйінде атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылды…