БІТІМІ БӨЛЕК БЕКЖАН

0
109

Бекжан Тұрыс жалпы қазақтың мақтанышы, беткеұстар арда азаматы, ал аудан үшін болмысы бөлек тұлға. Шыны сол. Оны жерлесіміз болғандықтан аса қатты құрметтейміз, өнерін пір тұтамыз, азаматтығын жоғары бағалаймыз, адами болмысын қадірлейміз. Ол өзін өнерге, сахнаға ғашық адаммын дейді. Сол ғашықтығының арқасында ол көрерменіне сыйлы. Сахнаның киесін жан дүниесімен түсінгендіктен ол өнер алдында абыройлы. Өнерін өмірім деп сезінгендіктен ол ардақты.

Ауданда өнердің тойы өтті. Бекжанның құрметіне арналған мәдениет мерекесі өтті. Аудан жұртшылығын рухани байлыққа кенелткен, өнермен сусындатқан, жан ләззатын сыйлаған тамаша театр тойы өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы, Шошанай аулының тумасы, Шонжы орта мектебінің түлегі Бекжан Тұрыстың 60 жылдық мерейлі тойы туған жерінде, туған-туыс, дос-жаранның, жанашыр жерлестерінің ортасында дүркіреп өтті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының басшысынан бастап атақтары дардай әртістері келді. Әкемтеатрда қызмет еткеніне қырық жылдай болған актердың мерейлі тойын бірге қарсы алайық деп келген әріптестерінен бөлек өнердегі достары, іні-қарындастарының да қарасын көрдік.

Өткен бейсенбі күні Шошанай жұрты тайлы-тұяғына дейін жиналып, ауылдың кіре берісінен шашуларын шашып, Бекжан балаларын ұжымымен, достарымен қарсы алды. Өзі табалдырығын аттаған мектепте басқосу ұйымдастырды. Оқушылар кәсіби әртістердің алдында өнерлерін паш етті. Бекжан ағаларының әркезде сомдаған рөлдерін ұсынып, қонақтарды күлкіге қарық қылды. Ауылдың хатымханасында ас беріліп, құран оқылды. Бекжанның балалық шағынан естеліктер айтылды. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар көп жиналды. Өнердегі жанашыры, тілеулесі сарбастаулық Айдос Бауыржанұлы ағасына темір тұлпар сыйға тартты. Ауылдастары көненің жолымен ат мінгізді. Ол атты қуанышын бөлісуге келген әріптесі, танымал актер Мұрат Нұрәсіловке атап жіберді. Мінеки жігіттік деген осы болар. Кино, театр актері Мұрат Нұрәсілов мынандай құрметті күтпеген болуы керек, қатты қобалжыды. Бекжанның тойынан ат мініп қайтам деген ойым түгілі түсімде жоқ еді. Ризамын. Ауылдың кеңпейіл жұртына, Бекжанның кішкентай ғана ауылының тұрғындарына басымды иемін деп жүрекжарды ниетін жеткізді. Шошанай деген шағын ауылға қонақ болып келген тұлғалар ауылдастардың Бекжанға деген ізгі пейіліне ризашылықтарын білдіріп жатты.

Жұма күні Әлмерек атамыздың басында Бекжанды қостап, Нұрлан Оразалин ағам бастап бір топ өнер адамдары жиналды. Той Әлмерек бабамыздың ескерткішінен бастау алды. Қазақстанның құрметті құрылысшысы Стахан Белғожаев атамыз батасын беріп, ақын, драматург, жазушы Нұрлан Оразалин ағамыз ақжарма тілегін ақтарды. Бекжан Тұрыстың өнердегі жолын, оның азаматтық ұстанымын тіліне тиек етті. Еліне, жұртына, жалпы қазағына сіңірген еңбегін санамалап шықты. Сонан соң ауданның бас имамы Алмат Әшірбаев аруақтарға бағыштап құран оқыды.

Жиналған қауым аудандық мәдениет үйіне қарай бет бұрды. Мұнда ұзыннан-ұзын жолға қызыл кілем төселіп, оның екі қапталын ұлттық киім киген әжелер шашуларымен қаумалап тұрды. Шараның кейіпкерінің төбесі көрінісімен ду қол шапалақтар соғылып, әжелер шашуларын шашып, тойды бастап жіберді. Той тізгінін қолына алған ақын, «Шалқар» радиосының аға редакторы, журналист, Шалкөденің төл перзенті Бақыт Жағыпар жүрекжарды сөздерін төкпелеп, Бекжанға ілесіп келген ағаларының аттарын атап, түстерін түстеп берді. Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, кино, театр актері Бауыржан Қаптағаев ағасы Бекжан туралы жан сырын ақтарды десек болады. Шыншылым, батырым, батылым, дарындым, ақылдым Бекжаным, деп төгілгенде жүректен шыққан сөздің шынайылығы жүректерге жетіп жатты. Арамыз он жас болса да біз құрдаспыз, ойымыз, пікіріміз бір жерден шығатын бауырмыз. Сен қазақтың маңдайына біткен жұлдызысың. Сенімен бір сахнада ойнау мен үшін бақыт деп ақжарма тілегін ақтарды. Бекжанның астына тағы да ат мінгізілді. Шашу шашылды. Бұл жолғы атын режиссер Әубәкір Рахимовке мінгізіп жіберді. Бекжанның бойындағы бар болмысын таныған, оның отыз жасында-ақ қариялық қауқарын байқаған ағаларына алғыс айтты мерейтой иесі. Халқына Ақылбай ақсақал ретінде танылған Бекжанымыз кейін биік белестерді бағындырды. Оған бүкіл қазағы куә.

         «Өмір – рөл емес, бірақ әр рөл – өмір» деген Бекжан Тұрыстың нақылға айналған сөзі сахнадан менмұндалап тұрды. Зал көрерменге лық толды. Әртіс үшін бұдан асқан қандай бақыт керек. «Өнер – тәуекелі жеткендердің тұғыры» атты әдеби-сазды кештің тізгінін қолына алған Бақыт Жағыпар Қарадала – өлең менен ән басы,

Көкбастау мен Кеңес, Сүмбе, Жамбасы.

Ақсу, Ақши, Шонжы, Сұңқар, Шошанай,

Тастықара – дәуірлердің жалғасы.

Қарадала – Шүңгіт, Көксай – жыр басы,

Қарасаз бен Айғайтастың сырласы.

Анашоқы, Қалжат, Құлжа жалғасар,

Қулық пенен Торайғырдың құрдасы.

Қарадала – Тоғызбұлақ, Өр, Кетпен,

Ғасырлардың бел құрдасы ер жеткен.

Қара халық қара қайғы кешкенде,

Қам көңілін қара өлеңмен тербеткен.

Қарадала – кеудемдегі жез үн ғой,

Қарадала – менің бала кезім ғой.

Ғасырларға, ұрпақтарға жалғасар,

Қарадала – қара өлең ғой…

Сезім ғой…

Қарадала – өзім ғой… деп Нұрлан ағамыз жырға қосқан қасиетті Қарадалада кіндігі кесіліп, қияға қанат қағып, қазақ кино-театр өнерінің кеңістігінде қырандай қалықтап, Алты Алаштың ардағына айналған төл перзентіміз Бекжан Асаубайұлының 60 жылдық мерейлі тойына қош келдіңіздер,– деген әуезді үні жиналған қауымның қол шапалақтарымен қолдауына ие болды. Бекжанның өнердегі досы, жанашыр інісі Саят Медеуов әннен шашу шашты. Сахнаға Ұлту Қабаева көтеріліп, көңілді әнін орындап, көрермендерін бір сілкінтіп алды.

         «Мен үшін басты рөль де, эпизодтық роль де бірдей. Өйткені ол менің жаныммен қалап, сүйген кәсібім. Кішкентай ғана эпизодтық рольмен-ақ сахнада жарқырай көрініп, көрерменнің есінде қалуға болады» деген Бекжанның өз сөзін мысалға алып Есмұхан Обаев сахналаған Мұхтар Әуезовтың «Абай» спектаклінен үзінді көрсетілді. Ерлан Біләл, Мұрат Нұрәсіл, Дулыға Ақмолда сынды актерлермен Жиренше рөлін сомдаған Бекжанның жан тебіренісін, Айдар мен Ажардың махаббатына араша түскен Абайды сомдаған Ерлан Біләлдің табиғи таза талантына куә болдық. 10 минуттық қойылымнан 10 жылдық рухани азық алдық десек болады. Осы тұста сыншы Әлия Бөпежанованың Бекжан туралы жазбасын оқырман назарына сала кетелік. Мысалы «Абайдағы» Жиреншенің Айдар мен Ажардың арасындағы сүйіспеншілікке байланысты дауға билік айтатын Жиреншенің, яғни Бекжанның дестелеп сөйлеуі, сөз саптауы қандай. Өзі сыр бермегенсігенмен, әбден қансорпасы шыққанын етектей қол орамалымен бет-мойнының терін бипаздап сүрте бергенінен, ең соңында орамалды желкесіне салып алғанынан сезесіз. Бітіспен жаулыққа бет алған Оразбайлар тобының өкілі Жиренше осал жау емес, өз уақытының, ортасының мықтыларының бірі. Актер ойыны осыны танытты.  Бір сәт өткен ғасырдағы әйел теңдігі дейміз бе, бітімге келтіретін билердің бейнесі дейміз бе тарихқа сүңгіп қайттық.

Осыдан соң Бекжанның кинода, театрда сомдаған рөлдерінен құрастырылған бейнебаян ұсынылды көрерменге. «Ұят болмасын», «77 күннен» бастап, Қожанасыр болып күлдірген, Біржан, Шәмші болып ән салған, ірі тұлғаларды сомдаған сәттерін есімізге тағы бір салып өтті. Бекжан кез келген рөлін жай сомдап қана қойған жоқ, көрерменін бір күлдіріп, бір жылатып, жан дүниесіне төңкеріс жасады. Аз ғана уақыт ішінде сондай күйге түстік. Бақыт Жағыпар танымал адамдардың Бекжан туралы айтқандарынан мысал келтіріп, жазушы Зейнеп Ахметованың Бекжанның бірнеше қойылымына бардым. Шәмшісі ерекше. Өйткені ол Шәмші әндерін өзі орындайтын мықты әнші ғой. Бекжанда шынайылық басым, – деп ағынан жарылғандығын көрерменге жеткізді. Ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасынан» үзінді ұсынылды. Бекжан-Шәмші өзінің  сезімін, ғашықтығын, жан толғанысын сахнада көрсетті. Көрермен риза болысты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Президентінің көмекшісі Арман Қырықбаевтың, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың құттықтау хаттарын тапсыру үшін сахна төріне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан шықты. Бекжан ағасын мерейлі тойымен құттықтап, Астанадан аманаттап әкелген хаттарының мәтінін оқып, ыстық ықыласын төкпеледі. Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлы Қарасазда Мұқағалимен мақтансақ, Қарадалада Бекжанымызбен мақтанамыз. Қараша айында Қонаев қаласында үлкен шығармашылық кешіңізді облыс әкімі Марат Елеусізұлының мұрындық болуымен өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Осындай рухани дүние сыйлап жатқан Сізге алғысымыз шексіз деп ізгі ниетін жеткізді. Аудан әкімі Бота Елеусізова жерлесіміз Бекжан Тұрыстың қуанышына ортақтасып келген барша қонақтарға ризашылығын білдірді. Өнерде өрге жүзген Бекжан ағасына бар жақсылықтарды тіледі. М.О.Әуезов атындағы қазақ академиялық ұлттық театрының директоры Еркін Жуасбеков Бекжанның бар болмысы, оның актерлік шеберлігі жөнінде көшелі сөзін айтты. Бекжанмен қатар оқып, театрда қатар келе жатқандығын, оның бүгінгі өнер саласындағы орнының айшықты, ешкімге ұқсамайтындығын жеткізді. Сахна төріне Нұрлан Оразалин шықты. Нұрлан ағам әңгімені әріден бастап, Бекжанның тек әртіс емес, қоғам қайраткерлігі қабілетін, ол жазғанда кез келген журналисіңнен асып түсетін тағы бір қырын айтты. Бекжанның әр рөлінде айтатын сөзіне қатты көңіл бөлетіндігін, кейде айтылуға болмайтын нәрсенің өзін қиыннан қиыстырып жіберетін шеберлігін айтты. Тоқсаныншы жылдары ауылдан жұрт қалаға қарай сабылған тұстағы бір оқиғаны есіне салды. «Албан ауса, Аспантау жетім қалмай ма?» деген сөйлемді өзінің спектаклінде пайдаланғандығын есіне салды. Нұрлан ағам сөздің майын тамызды. Ірі қоғамдық мәселелерді де қамтыды. Сонан соң сөзге шыққан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әубәкір Рахимов өткен ғасырдың 80 жылдарында келген жас актерлердің ішінде Бекжан бірден көзге түсе қойған жоқ. Өзгелердей өзін көрсетіп өзеуреуге тәрбиесі жібермеді, бірақ сол байсалды қалпымен ұлтының ұлына айналды деген аталы сөзін айтты. Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов жүрекжарды лебізін білдіріп, «Жарты баба» қорының атынан ат мінгізді. Стахан ағамыз да ата жолымен деп иығына шапан жауып, сый-құрметін көрсетті.

Театрда бірге қызмет атқаратын әншілігі тағы бар, өнердегі қарындасы Салтанат Бақаева әннен тарту жасады. «Алатау серілері» тобы шыққанда зал бір дүрлігіп алды. Қазақтың рухын аспандатқан әндері кештің көрігін қыздыра түсті. Жаңаша леппен ұлттық өнерге өз үлестерін қосып жүрген жігіттердің өнері көрермендерін қуанышқа кенелтті. Жерлес ақын інілері Жарас Сәрсек пен Бақыт Беделхандар ағаларына арнаған өлеңдерін оқыды. Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев сахнаға шыққанда ду қол шапалақтары жауды. Сәдіғожа бабамның ауылына келіп «Сарыбидайды» орындамау ұят болар деп «Сарыбидайды» әуелетті. «Дариға-дәуренін» көрермендер сұрап алды. Құлағымыздың құрышы қанып, жанымыз рахатқа батып, керемет күйге бөлендік.

Әдеби сазды кештің нүктесін Бақыт Беделханның әні мен сөзіне жазылған «Қарадалам» әні қойды. Алғашқы орындаушысы болғандықтан ба, әлде Әсеттің жүрегінен шыққандықтан ба, осы ән Әсет Есжанның орындауында бәрібір өзгеше. Жиналған жұрт бірге шырқап, орындарынан тұрып, мәре-сәре болысты.

Сыртқа шыққанда ауылдың азаматтарының атынан Бекжанға тағы бір ат мінгізілді. Бір сағат үзілістен соң «Бес бойдаққа бір той» спектаклі қойылды. Тынымбай Нұрмағанбетовтың сценарийі бойынша сахналанған пьесаның қоюшы режиссері – Әубәкір Рахимов. Басты рөлде өзіміздің Бекжанымыз. Театрға бармағалы, рухани сусындамағалы біраз болғанын осы кеште түсіндік. Рахаттанып күлдік, қынжылдық, күрсіндік, әртістермен бірге күй кештік. Бір ауылдың, бір отбасының басынан өтіп жатқан оқиғаны өзіміздің басымыздан өтіп жатқандай қабылдадық. Жас актерлердің ойынына риза болдық. Аудандық мәдениет үйінің сахнасына кие қонды ма деп алаңдадық. Театры көбейген елдің түрмесі азаяды, деген тәмсілдің шындығына көз жеткіздік. Сөзбен жеткізе алмайтындай жан дүниемізде алапат арпалыс болды. Өзіміздің жан дүниеміздегі рухани бостығымыздың орнын сәл де болса толтырғандай масаттандық.

Қоғамның өзекті мәселелерін сахнадан айтып: «Ұлым, саған айтамын, ұлтым сен тыңда» деп елуінде моноспектакль арқылы жан сырын ақтарған Бекжанның алпыс жылдық мерейлі тойы жоғары деңгейде өтті. Соның елесінен әлі шыға алмай жүрміз. Елу жылдығында «Ұлым саған айтам» деген Бекжанымыз алпысында «Өнер – тәуекелі жеткендердің тұғыры» деп аталы сөзін жеткізді. Кішілігі мен кісілігін жоғалтпаған, атақ-даңққа мастанбаған, сахнаны жан-тәніммен сүйетін жанның шынайы бейнесін көрдік. Өнер деген ұлы дүниенің бір пұшпағын илеп жүрген жерлесіміздің өнердегі тұғырының мықты екендігіне көзіміз жетті. Аудан халқына, туған жеріне өзінің берерін беріп кетті. Өнері арқылы бәрімізді селт еткізді. Шөліміз қанбай қалғандай, қап, тағы да бола түссе екен деген ниетпен шығарып салдық. Ұлттық төлтума өнердің шыңына шықса да адами болмысын жоғалтпаған Бекжан Тұрыстың дәл осы қалпында ұзақ ғұмыр сүруін тіледік…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚҚУ БОЛЫП ӨРІЛГЕН – КҮЙ ТӨРЕСІ

          Аудандық мәдениет үйінде атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылды…