Медицина ғылымы дәлелдеген ақиқат бар: бір адамның мәйіті жеті адамның өмірін сақтап қала алады. Бірақ Қазақстанда бұл мүмкіндік толық іске аспай отыр. Себебі заң тек адамның өз еркін ғана емес, туыстарының да шешімін ескереді. Ал осы шешімнің артында кейде басқа бір жүректің соғысы, бір баланың демі тұр…
Бүгінде елімізде төрт мыңнан астам адам ағза ауыстыруды күтіп отыр. Олардың арасында балалар да бар. Бұл – тек цифр емес, тағдыр мен үміттің, күрес пен сенімнің бейнесі.
2020 жылға дейін адам көзі тірісінде донор болатынын жазып қалдырмаса да, қайтыс болған соң ағзасы алына беретін. Ал жаңа заң бойынша, енді бәрі марқұмның туыстарының рұқсатымен ғана жүзеге асады. Осы тұрғыда медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев қазір донорлық ісі тоқырап тұрғанын айтады. «Мәйіттен ағза алу туыстардың келісіміне байланысты, ал көбіне олар қарсы болады. Бір мәйіт бес-алты адамның өмірін жалғастыра алады. Дамыған елдерде органның 70-90 пайызы мәйіттен алынады. Біз де соған ұмтылуымыз керек. Өйткені бұл – сана мен мәдениет деңгейін көрсететін өлшем», – дейді ғалым.
Донор болу – ізгілік пен жауапкершіліктің белгісі. Ал ағзаны сату – қылмыс. Қазақстанда мұндай әрекет заңмен қатаң тыйым салынған. Елімізде жыл сайын 200-300 трансплантация жасалса, донорлық жұмыспен 40 стационар, ал ағза алмастыру оталарын жүргізуге лицензиясы бар 7 жоғары мамандандырылған орталық айналысады екен. Олардың үшеуі – Астанада, қалғандары – Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Түркістан қалаларында орналасқан. Алайда өлімнен кейінгі донорлардың үлесі бар болғаны 15 пайыз шамасында. Өткен жылы 250 трансплантацияның ішінде тек 23 ота ғана мәйіт донорларынан алынған ағзамен жасалыпты.
Ал дәрігер-кардиохирург Тимур Достайұлының пікірінше, трансплантация – тек операция емес, науқас пен донор арасындағы биологиялық үйлесімділікті дәл табу өнері.
«Әрбір ота жеке дайындықты, генетикалық сәйкестікті қажет етеді. Жүрек трансплантациясы – ең күрделі операция. Ол ағзасы әлсіреген, инфекциялық дерт белсенді жүріп жатқан науқастарға жасалмайды. Ал кей жағдайда донор табылғанша жүрек қызметін уақытша атқаратын механикалық құрылғылар қолданылады», – дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, донорлық белсенділік әсіресе Петропавл, Көкшетау, Қостанай және Павлодар өңірлерінде байқалады.
Жалпы Қазақстанда 2012 жылы алғаш рет жүрек, 2015 жылдан бастап өкпе трансплантациясы жасала бастаған. Ендігі мақсат – балаларға арналған ағза ауыстыруды кеңейту. Донор болу – ерлік емес, адамдықтың ең жоғарғы көрінісі. Өйткені кейде бір адамның соңғы демі екінші адамның алғашқы тынысына айналады.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
