Басты бет Мәдениет және руханият ӨНЕРДІҢ СЫРТЫ – СҰЛУ, ІШІ – МАЙДАН

ӨНЕРДІҢ СЫРТЫ – СҰЛУ, ІШІ – МАЙДАН

0
169

Музыка мен өлең әлемінде теңдей  самғап келетін  ақын Азамат Нұрмұхан бір сөзінде: «Мен ақындығынан азаматтығын, адамгершілікті жоғары қойған адаммын» деп ағынан жарылған-тұғын. Өмір-жолында азаматтығы мен адамгершілікті арқа тұтқан Азаматпен әңгімелесудің орайы туды.

1990 жылы Қызылқайың орта мектебінің бірінші сыныбына бардым. Бақыт Каденова деген керемет ұстазым болды, – деп бастады әңгімесін ол. –   Әке-шешем жаз жайлау, қыс қыстау малда жүргендіктен мектеп уақытында әжем – Күлбаран Батталқызының тәрбиесінде болдық. Малдағы үйге каникулға шыққанда баратынбыз. Әже тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Әріп танып білгеннен мені кітап оқуға баулыды. Мектепте жаттаған әр тақпағымды үйге келген соң міндетті түрде оқып беретін едім. Қателікке бой алдырмаудың жолын да әжемнен үйрендім. Өз ұстанымы арқылы үйдегі төрт баланы темірдей тәртіпке үйретіп, тәрбиеледі десем болады.  Тазалық пен жинақылықты, өзімізбен өзіміз болуды да бала кезімізден бойға сіңіріп, кез келген қиындыққа төтеп берудің де жолын үйреткен асыл әжем еді. «Азаматтың» азамат болып қалыптасуында әжемнің қолтаңбасы бар.

  Алтыншы сыныптан бастап оқып жүрген батырлар жыры мен өзге ақындардың өлеңдері әсер етті ме, білмедім: Теремін бидай масағын, Несіне одан қашамын, – деген сыңайлы жолдардан тұратын өлеңдерді құрап жаза бастадым. Сол кезде бидайдың масағын теретін едік қой. Сондай құрама өлең жазып жүрсем де ешкімге тіс жарып айтып, не болмаса көрсеткен емеспін. Жоғары  сыныпқа көшкенде  ғашықтық туралы өлеңдер жаздым. Мұны да жан баласына айтқаным жоқ. Көріп, біліп қойса мазақтап, келекететіндей көрінетін-ді.

Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы Дзержинск (қазіргі Алакөл ауданына қарасты Тоқжайлау) ауылындағы училищеге оқуға түстім. Екі жыл оқыдым. Оқу оңай болмады. Топтағы 36 баланың бітіретін жылы 6-уы ғана қалдық. Олар оқудың ғана қиындығынан емес, жергілікті балалардың ұрып-соғуына да төтеп бере алмай, кетіп қалып жатты. Бастан түрлі жағдай өтті. Бірақ барлық қиындыққа мойынсұнбай, алдыға қойған мақсатқа жету жолында аянып қалмадым. 2001 жылы училищені жақсыға бітіріп, дипломымды қолға алып, үйге келдім. Ол жылдары ауылдағы адамдардың жағдайы мәз емес еді. Ата-анамыз да малдан шығып, үйде отырған шақ. Әрі сол тұста малдың да құны төмен, жұмыс жоқ кезең еді. Анам көрші ауылдағы кафеде жұмыс істеп, күніне 200 теңге табатын-ды. Сол жылы  бір жыл тракторист болып еңбек еттім. Жұмыс істеп жүрген кезімде «шіркін, қалаға барып оқысам ғой» деп армандайтын едім. Ойымды жүзеге асыруда 2002 жылы Талдықорған қаласындағы музыкалық колледжге түссем деп шештім. Бұл ойымды шешеме айтып едім, ол кісі еш қарсылық білдірмей, жетелеп қалаға алып келді. Осылай Қ. Байсейітов атындағы музыкалық колледждің домбыра емес, сол жылы жаңадан ашылған контрабас класына оқуға түстім. Бұл класқа мені мұғалімдердің өздері бөліпті. Неге бұлай деп сұрағанымда: «Сенің қолың үлкен, домбыраға келмейді, пернеге сыймайды» деген соң контрабас класында оқуыма тура келді.

Әжем: «Ешкім сені басынбасын деп» тәрбиелеп өсірді. Сол тәрбиемен басыма ешкімді шығармауға тырысып жүретін едім. Колледжге түскенде біраз мінез де көрсеттім. Басынғысы келетіндердің ығына жығылмай, илеуіне илектелмеуге тырыстым. Көп жағдайда өз соқпағыммен жүрдім десем болады. Керісінше балалардың көбі айналамда жүруге тырысатын-ды. Себебі менің бойымда қорқу деген сезім мүлдем жоқ еді.

Жоғарыда айтқандай, контрабас аспабында ойнайтын класқа  мұғалімдердің қалауы бойынша жіберді ғой. Жаңа оқу жылы басталып жатқан кез. Дәлізде кетіп бара жатып бір мұғалім «Мына аспапта ойнайтын боласың» деді. Мен болсам ашуланып: «Мынау ма не, деп, әлгі аспапты аяғыммен бір тептім». Осы бір тентек мінезім үшін колледждің бөлім меңгерушісі Несіпжан Нұрасылқызынан қатты ұрыс естідім. Сөз сүйектен өтеді ғой. Несіпжан апайдың айтқандары маған өмірлік сабақ болды. Өзімді жаңа қырынан тәрбиелеуге тырысып, бойымды тіктедім.

Осылай колледждегі контрабас аспабында ойнайтын Азаматтың жаңа өмірі бастау алды. Бұл аспапты меңгеру үшін таңғы бестен коллдежге келіп, сабақ басталғанша дайындалатын едім. Осы аспаптан сабақ беретін Ертай Батырханұлы деген ұстаздың шебер ойнағанын көріп: «Неге маған да осылай ойнамасқа» деген оймен қатар ішімде от пайда болды және осы ойымды дамыту жолында барынша тырысып, көп еңбек еттім,  – деп өткен өмірінен  әдемі әңгіме өрбіткен ақын жігіт  сөзін былайша жалғады.

Бір жолы ағайым маған Раков деген композитордың методикалық және нота кітабын берді. Орыс тілінде жазылған методикалық кітапты түсінген жеріме дейін оқып, зердеме тоқуға тырыстым. Көп дүниені сол кітаптан алып, меңгеріп шықтым десем болады. Аспапта қалай ойнау керек мәдениетін осы Раковтың кітабын оқу арқылы үйрендім. Одан кейін Қайрат Байкенжинов деген ағай сабақ берді. Сол кісі бірде маған: «Азамат, осы аспапты терең меңгергің келсе Алматы қаласындағы П. Чайковский атындағы музыка колледжіне ауысып алсаң дұрыс болады» деген ақылын айтты. Екі курсты бітірген жылы еш ойланбай Алматыдағы оқу орнына ауыстым.

 

***

Сол кезде Чайковский атындағы музыка колледжінің директоры Сұлтан Қожахметов еді. Ауысып келген студент қалай екен деді ме, менің аспапта ойнауымды көру үшін қабылдауға өзі қатысты. Алайда, маған «нөл» деген баға берді. Содан кейін мынадай шарт қойды. «Қаңтар айында тапсыратын емтиханға өзім кіріп қатысамын. Егер дәл осылай ойнайтын болсаң, бір жыл академияға кетесің. Ал бір жылдан кейін қайта бірінші курсқа тапсыратын боласың», – деді. Мені осындай шарт қоя отырып үшінші курсқа қабылдады. Директордың айтқан сөздері миымда жатталып қалған. Намысқа тырысып  ертемен колледждің алдына келіп, есіктің ашылғанын күтіп, кіре сала қолыма аспабымды алып дайындыққа кірісіп кетемін. Күндерім үздіксіз дайындықпен өтіп жатты. Негізі контрабас деген аспаптардың ішіндегі ең күрделісі болып саналады. Бұл аспаптың диапазоны, позициялары да басқа. Аспапты меңгеру үлкен еңбекті талап етеді. Аспапта перне деген жоқ, ішектері өте қалың, грифқа жеткенге дейін басып ойнау үшін саусақ әлді болуы тиіс және құлақ дыбысты таза есту керек. Бір дыбыстан мүлт кетсеңіз бүткіл дыбыс таза емес болып шығады.

Күнде осылай дайындалатынымды директор да көріп жүрді. Айтқандай, қаңтардағы емтиханға өзі кіріп қатысты. Алайда, ол бұған дейін бірде-бір студенттің емтиханына кіріп көрмепті. Мүмкін менің жанарымнан от көрді ме, кім білсін?!

Емтихан тапсырар кездегі бір орында тұрып аспапта ойнаған сәт әлі есімде. Академияға кетіп қалмасам екен деген оймен қобалжығаным соншалық қара терге түсіп кеттім. Маңдайдан аққан терім еденге тамып, кесенің көлеміндей болған ғой. Ойнап біткен соң ортаға директор шығып сөйледі. Сондағы айтқаны: «Біз сені үшінші курсқа қалдыратын болдық. Ал қалдыру себебін не деп ойлайсың?» деді. Мен үндемей тұрдым. «Қалдырудың себебі сенің ойының үшін емес, сенің мына ойнағаның ары кетсе нөлден бірге ғана көтеріліпті. Сені үшінші курсқа қалдырып тұрған жерге тамған терің» деді де артынша мақтай жөнелді.

«Мен бұл баланы үнемі дайындық үстінде көремін. Дәл осындай дайындалған студентті көрмедім. Одан кейін, не деген тазалық, не деген құлақ, не деген интонация деп ұстазыма қарата айтып, мынау болатын бала» деп сөзін түйіндеді. Осындай жылы сөзден кейін ұстазым Мүсілім Әмзе де мені жақын тартып қалды.

Одан кейін Мүсілім Әмзенің қамқорлығының арқасында талай дүниені үйрендім. Музыка әлемінде жүріп өнердің сырты сұлу болғанымен, іші майдан екенін де терең түсіне бастадым.

Колледжде оқып жүргенімде Мүсілім ағайым: «Құрманғазы атындағы оркестрге жұмысқа тұрасың ба?» – деп сұрады. Мен қуана келістім. Осылай конкурсқа қатысып, Үсен деген бала екеуміз жарты ставкамен жұмысқа қабылдандық. Айлығымыз 16 мың теңге болды. Бір жылдан кейін, 2006 жылы Мүсілім ағайым менің Отырар сазы оркестріне жұмысқа тұруыма себепкер болды.

Құрманғазы атындағы оркестрде жұмыс істеп жүргенде (2005 жыл) алғаш рет ұжыммен бірге Астанаға концертке баратын болдым. Сөйтіп бардық. Жанымда Самат деген қыл қобызда ойнайтын досым: «Жүр барып, музыкалық академияны (қазіргі «Шабыт» университеті) көріп қайтайық» деді. Мен ойланбастан келісе кеттім. Бұл оқу орнының ғимараты тура рояльға ұқсатып салынған екен. Сол тұстағы таң-тамаша қалыпқа енген менің санамда: «Шіркін, мына ғимараттың ішінде оқыған адамда еш арман жоқ шығар. Неге мен де осы жерде оқымасқа» деген ой жаңғырып тұрды.

Алматыға қайтып келгенде қасымдағы балаларға мен түбі Астанаға оқуға түсіп, сол жаққа кетемін деуші едім. Сол ойымды қалайда жүзеге асыру үшін қиялмен әлгі академияда өзімнің оқып жүргенімді көз алдыма елестететінмін. Колледждің дипломын  алған күні «Астана,  қайдасың!» деп тартып отырдым.

 ***

Поезда тамбурға шығып терезеден қарап тұрып іштей «Құдайым, менің оқуға түсіп кетуіме жәрдемдесе көр» деп дұға тілеймін. Астанаға келгенде ешкімді танымаймын. Академияның жатақханасына келдім. Әркімнен бір сұрастырып, не істерімді білмей, еңсем түсіп отырсам бетіме бажырайып біреу қарайды. Сөйтсем бізден бір курс жоғары оқыған Тілектес деген жігіт. «Сен Чайковскийде оқыған бала емессің бе?» деп мән-жайды толық білген соң мені жетектеп, жүгіріп жүріп шаруамның бәрін бітіріп,  жатақханадағы бөлмесіне алып келді. Сөйтіп маған тест кітаптарын беріп, осыған дайындал деді. Арасында сауал қойып, жауабын сұрайды. Тестке дайындаламын деп жүріп мамандығым бойынша дайындығым аз болып қалды. Дей тұрғанмен барлығын қосқандағы көрсеткіш 96 балл болып, академияға түсіп кеттім. Жаңа айттым ғой, тамбурда тұрып Алладан тілек тіледім деп. Сапардағы адамның дұғасы қабыл болады деген рас екен.

Қуанышым қойныма сыймай, ауылдағы ата-анама қоңырау шалып, академияға оқуға түскенімді айтып жар салғаным бар. Керемет сезімде ауылға келдім. Ата-анам тағы да ұлан асыр той жасады.

Астанада жүріп жаңа бір тынысым ашылды десем болады. Академияда оқыған төрт жылда контрабас аспабының қырсырына одан әрі тереңдеп, күн-түн демей дайындық үстінде жүріп, шыңдала түстім.

2007 жылы Секен Тұрысбектің «Ақжауын» камералық оркестріне жұмысқа тұрдым. Жаңа жерде жаңа тынысым ашылып, Секен ағамның арқасында көптеген тұлғаларды танып, білдім. Аға мені өзіне бауыр тұтты. Үнемі қасына ертіп жүрді. Үйіне де ертіп алып кететін. Қажытай  Ілиясов, Бақыт Беделхан сынды ағаларымды Секен ағамның үйінде алғаш көріп, танысқан едім. Осы әлемде жүріп менің өлеңге деген құштарлығым артты. Академияда оқып жүргенімде тарих пәнінен ақын Сарин Қалқаман ағам сабақ берді. Сабақ қана беріп қоймай, маған ақын ретінде өлең жазудың техникасын, формасын, буынын, құрылымын, айтар ойын, мән-мағынасын түсіндіріп, бойыма сіңіруге бірден-бір себепші болған жан.

 ***

2008 жылы М. Мақатаев атындағы екінші қалалық жыр-мүшәйрасы өтетін болып, соған қатысуға бел будым. «Ақиық ғажап аға» атты өлеңіммен байқауға қатыстым. Осы мүшәйрада әділқазы алқасында болған Ф.Оңғарсынова, Қ. Жұмағалиев және Н. Айтұлы сынды ақындардың алдында өлең оқу бұйырды. Мүшәйрада жүлделі екінші орынды иелендім. Сол кезде Фариза апам сахна төріне шығып, менің бір қолымды ұстап тұрып: «Болашағың бар, талпынып тұрған бала екенсің. Болашақта сенен жақсы ақын шығады», – деп мақтады. Бұл менің өзімді ақын сезініп ел алдына алғаш шыққан сәтім болатын. Әрі Фариза апамнан жылы сөз есту… көкке төбем екі елі жетпей қуанғаным да есімде.

Осы мүшәйрада Несібек ағам да қасына шақырып алып жөн сұрасқан соң бір жапырақ қағазға телефон нөмірін жазып, хабарлас деді.

Ертеңіне-ақ  ақын  аға жазып берген нөмірге қоңырау шалдым. Телефонды  жеңгеміз көтеріп, тұтқаны ағайға берді. Сол күні ақынның  үйінде болып кемінде үш сағаттай әңгімелестік. Ағамен араласа жүріп әдебиеттегі өзіндік орны бар жандарды танып білуді Алла маған нәсіп етіпті. Несіпбек ағамның жанында жүріп талай жақсы дүниені бойға  сіңірдім. Бұл да менің өмірлік жолымдағы үлкен бір ізгіліктің нышаны екен.

2014 жылы Қайрат Бақытжанұлы, Жангелді Немеребай сынды ағаларымның ақылымен Астанадан Талдықорғанға қоныс тептік. Сол кезде І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры Әли Демегенұлы Алпысбаевқа кіргенімде: «Кел, келсең үйіңді де алып беремін», – деп сөз берді. Сөйтіп бір күнде жүгімізді жинап, көз жұмып, нар тәуекел деп Талдықорғанға тарттық. Сол тұста жас мамандар үшін баспана беріліп жатқанымен біз бірден үй ала алмадық. Келген соң филармонияға жұмысқа тұрдық. Жан жарым Мақпал екеуміздің алатын айлығымыз шайлығымызға жетпей жүрді.  72 мың теңгенің 45 мың теңгесін пәтерге төлейміз, 20 мың теңгені балабақшаға береміз. Қалғаны азық-түлікке жетпей қалады. Қысқасы қатты күйзеліп, қиындыққа тап болдық. Дәл осы жылдарда тоқтамай өлең жаздым. «Алғыс» атты кітабымдағы өлеңдердің басым бөлігі сол жылдары дүниеге келген еді.

 

***

 2015 жылы Талдықорғанға ақын Ерлан Жүніс, Есболат Айдабосын ағам қоныс аударып келді. Ерланның жанында, әңгімесін тыңдай жүріп көптеген ақынды одан сайын терең біле бастадым. Бірде Есболат ағаммен сөйлесіп отырғанымда: «Азамат, саған азаматтық өлеңдер жазу керек қой», – деді. Оның осы сөзі «Неге маған азаматтық лирика» жазбасқа деген идея тастады.

«Алғыс» атты  кітабымдағы өлеңдердің тең жартысы азаматтық лирика болып табылады.  Одан кейін «Ым» деген атаумен  екінші кітабым жарық көрді. Бұл кітап та  таза азаматтық лирикадан тұрады…

Ақын Сағыныш әпкемнің өлеңіндегі «Отбасым – шағын жұмағым» деп айтатынындай, менің де өз жұмағым бар. Жан жарым – Мақпалмен  академияда оқып жүрген кезде танысып, табыстық.

Ол  орыс тілді қыз болды. Сырттай көріп жүргеніммен арамыз достықтан әрі аспады. Кейін «Ақжауын» оркестріне жұмысқа тұрғанда сол жерден Мақпалды көрдім. Сөйтіп бірге жұмыс істеп жүріп оған тіптен жақындай түстім. Адам жақындаған сайын бауыр басу пайда болады екен. Оның алдындағы іштей пайда болған шоқ бар, сол шоғың жақындаған сайын отқа ұласады емес пе? Мақпалдың әр қылығы мені тәнті етті. Сонымен қатар, анамның бойындағы дүниелерді Мақпалдан көріп, одан сайын ынтызар етіп, ғашықтық сезімі пайда болды. Ғашықтығым махаббатқа ұласып, отбасын құруға бел будым. Өмірге Аңсаған, Ақниет, Айкөркем есімді қыздарымыз  келді. Бүгінде шағын жұмағымда бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайым бар деп ағынан  жарылды Азамат.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚҚУ БОЛЫП ӨРІЛГЕН – КҮЙ ТӨРЕСІ

          Аудандық мәдениет үйінде атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылды…