Басты бет Әр қилы АЛЫСТАН ХАБАР АЛҒЫЗҒАН

АЛЫСТАН ХАБАР АЛҒЫЗҒАН

0
187

         Қазан айының тоғызы айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған пошташылардың төл мерекесі. Пошта байланысы бұрынғыдай емес, жаңа сипатқа енген. Заманауи, жаңа технология әдісі негізінде халықпен байланысын арттырған. Ғаламтордағы онлайн тәртіптің етек жайғанына қарамастан, поштаға деген сұраныс азайған жоқ.  Өйткені олар халыққа қызмет көрсету саласындағы көшбасшы мекемелердің бірі. Біздің ауданда да пошта байланысының жұмысы жандана түсті. Мекемеге қашан бас сұқсаң қалың қарашаның ортасынан шығасың. Яғни бұл жерде жұмыс қызу деген сөз.

Аудандық «Қазпошта» бөлімінің басшысы Нәвердин Меримовпен мереке қарсаңында кездесе кеттік. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың бірі деуге болады. Келе жатқан кәсіби күндерімен құттықтап, жұмыс барысы жайлы әңгімеге тарттым.

Басшының әңгімесіне құлақ түріп көрейік. Қай заманда болмасын, қандай кәсіпті алсаңыз  да қоғам дамуына қосар үлесі зор. Әрқайсысы өзіндік мән,   маңызымен, қажеттілігімен ерекшеленеді. Соның ішінде пошта қызметінің алар  орны айрықша. Бұрындары алыста жүрген туысының, оқудағы баласының сағынышқа толы хаттарын күтсе, шын ғашықтар бір-біріне хат арқылы сезімдерін жеткізетін де осы пошта болатын. Оны аға буын жақсы біледі. Кешке қарай есіктің алдына шығып алып пошташының жолын әр тұрғын күтетін. Олар өздері жаздырып алған басылымдарының жаңа санын тосатын. Сосын қариялар есік алдындағы орындыққа отырып алып, көзілдіріктерін тағып, газет-журналдарды ақтарысатын. Әр заманның өзіндік ерекшеліктері осындай сәттерден байқалатын. Ал бүгінгі таңдағы пошташының қызметі де осындай, тек басқаша сипатта, әрі ұсынатын қызметі де сан түрлі. Қазіргі заман талабына сай шапшаң, тиімді, қолжетімді екендігін түсіндіріп бақты. Ғарыштың жылдамдығымен жүретін болғанымыз да рас. Сосын сәл шегініс жасап, поштаның тарихынан сыр шертті.

Пошта қызметі алапат соғыс жылдары да, қайта құру заманында өз құндылығын жоғалтпаған бірден-бір мекеме екенін тілге тиек етті. Әртүрлі даму кезеңдерін, құрылымдық өзгерістерді бастан кешкендігін айта келе 1993 жылы қазан айында бұрынғы Байланыс министрлігінің құрамындағы біртұтас «Байланыс» саласынан бөлініп шығып, дербес шаруашылық субъектісі болғандығынан мағлұмат берді. 1995 жылы қарашадан бастап республикалық мемлекеттік кәсіпорын. ҚР Үкіметінің «Пошта байланысы мемлекеттік кәсіпорны мен оған қарасты кәсіпорындарды қайта құру туралы» 1999 жылы 20 желтоқсанда «Қазпошта» АҚ болып қайта құрылды. Құрылтайшысы – ҚР Үкіметі. Мемлекеттің үлесі – 100 пайыз. Ал, 2006 жылғы 23 ақпан айынан бастап «Қазпошта» АҚ мемлекеттік акциясы «Самрұқ-Қазына» қорына өтті. 2012 жылдан бастап «Қазпошта» мемлекеттік салым бағдарламасы «Халықтық IPО»-ның брокерлік және трансфер-агенттік қызметтерін көрсетеді, деген мәліметтерге де қанық болдық. Пошта бөлімшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жайы жақсарып, қол еңбегін көп қажет ететін үрдістердің автоматтандырылып жатқандығын тіліне тиек етті. Сонымен қатар біздің бөлімше тұрғындарға қаржылық қызмет  де көрсетеді. Олардың  қатарында  – SALEM,  TENGE WESTERN UNION, Юнистрим сияқты шұғыл ақша аударылымын жіберу, барлық салық және коммуналдық төлемдерді төлеу қызметі бар. Бүгінгі күні көптеген зейнеткер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері өз алымдарын (зейнетақысы мен еңбекақысын) Қазпошта АҚ карточкасымен алады. Сонымен бірге «Хоум Кредит Банк» АҚ, Альфа Банк АҚ,  АзияКредит Банк АҚ, Еуразиялық банк АҚ және АТФ банк АҚ серіктес банктерінен несие  рәсімдеуіне мүмкіндік бар екендігін түсіндірді.

Тағы да тарих беттерін қайта ашатын болсақ ауданда ең алғашқы пошта немесе телеграф 1935 жылы 1 наурызда Подгорное ауылында қазіргі Қырғызсайда ашылған. Сол жылдары үш атты арбамен ауыл-ауылдарға хат тасылған екен. Аудан орталығы Шонжыға көшірілгенде бас поштамыз әл Фараби мен Емелев көшелерінің қиылысындағы ғимаратта болған. 1958 жылы Алматы қаласынан газет, журнал ұшақ арқылы жеткізілгендігін бүгінде аға буын білсе де, жастар жағы хабарсыз. 1976 жылы Шонжыдағы А.Арзиев пен И.Бәхтия көшелерінің қиылысынан жаңа ғимарат бой көтерді. Оны сол жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері Мәсүт Сабиров басқарып, әр елді мекенде пошта бөлімшелері салынып, бандерольдар мен посылкалар тасылып, газет-журналдардың таралымдары артып, пошта қызметі көп-көрім өрге басты. Одан кейінгі жылдары Ахметжан Азимов, Анвар Юсупов  Бахитжан Бахтахуновтар басқарды. Әр басшы өздерінің қарым-қабілеттеріне қарай жаңашылдық енгізіп отырды. Жастар басшылыққа келгенде жұмыс әдісі жаңаша сипатқа ие болғандығын түсіндірді.

Қаржыландыруды жеделдету үшін банкоматтар орнатылды. Олар Шонжыдан бөлек Шарын мен Үлкен Ақсуда халыққа қызмет көрсетіп келеді. Хоум кредиттен несие алушылар аудан орталығына келмей-ақ Қалжат, Кіші Диқан, Кетпен, Дардамты, Үлкен Ақсу, Шарын, Тасқарасу ауылдарында, сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталығының 47 түрін жүзеге асыратын пошталар Шарын, Тасқарасу, Кетпен ауылдарында бар екендігін ұқтық. Бүгінгі таңда пошта тармағында 83 қызметші еңбек етеді. Бүгінде 5 автокөлік үш аудан және бір облыстық пошта маршртуттары, сонымен бірге Райымбек, Кеген, Шелек аудандарының сәлем, сауқаттарын жеткізіп отырамыз, – деп Навердин Меримов әңгімесін қорытындылады.

Оңтайлы сәтті пайдаланып, аудандық газет арқылы өзі басқарып отырған бөлімше қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтауымды өтінді. Айдың бірінші күні өткен қарттар күнінде зейнетте жүрген қарияларды жинап, оларға ыстық ықыластарын білдіріп, сый-құрмет көрсеткендерін де сөз арасында айтып өтті. Өткенін құрметтегеннің болашағы жарқын болары анық. Іштей риза болдық.

Біз де пошта қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, олардың халық үшін атқарып отырған жұмыстарына табыс тілейміз. Алыстан хабар алғызатын, елдің аманатын тасымалдайтын, сәлем-сауқаттарды дер кезінде тиісті мекенжайына жеткізетін пошташылардың жұмыстары ұшан-теңіз. Кез келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Пошта саласының мамандарына мерекеде жақсылықтар жар болсын дейміз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…