Басты бет Әр қилы ЖАҢАШЫЛДЫҚ ПА, ЖАСАНДЫ ЖЕҢІЛДІК ПЕ?

ЖАҢАШЫЛДЫҚ ПА, ЖАСАНДЫ ЖЕҢІЛДІК ПЕ?

0
125

Қазіргі қоғамда ең көп талқыланып отырған тақырыптың бірі – жасанды интеллект (ЖИ). Бұл тек жаңа технологиялық жетістік қана емес, адамзат дамуының жаңа кезеңін айқындайтын бетбұрыс. Әлемдік білім беру жүйесі жедел цифрландырылып жатқан тұста Қазақстан да бұл үдерістен қалыс қалмай, өз қадамын жасап келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық елге айналуы тиіс», – деп атап өтті. Бұл бастама білім саласына да тікелей қатысты. Тіпті арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жоспары да айтылып отыр.

ЖИ-дің білім саласына ықпалы жөнінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Лаура Дарханова өз ойын былай жеткізді:

Жасанды интеллект мұғалімдер үшін ең әуелі уақыт үнемдеудің құралы. Сабақ жоспарын әзірлеу, тест сұрақтарын дайындау, көрнекілік жасау сынды көп еңбекті қажет ететін шаруаларды нейрожелі бірнеше минутта атқарады. Бұл ұстазға шығармашылық ізденіске көбірек көңіл бөлуге, әр оқушының қабілетіне жеке назар аударуға мүмкіндік береді. Ал оқушы үшін ЖИ – күрделі тақырыпты бейнематериалдар мен интерактивті тапсырмалар арқылы қызықты әрі жеңіл түсінудің жолы, – дейді ол.

Сонымен бірге, ұстаз ЖИ-дің шектеулеріне де тоқталды. Нейрожелілердің кейде жалған немесе толық емес ақпарат беру құбылысы «галлюцинация» деп аталады. Мұндай жағдайда мұғалімнің кәсіби сүзгісі аса маңызды. Ал оқушы дайын жауапқа тым үйреніп кетсе, сыни ойлау қабілеті әлсіреп, ізденіс төмендеуі мүмкін. Демек, ЖИ құралдарын бейімдеп, педагогикалық іріктеуден өткізу – ұстаздың міндеті болып қала бермек.

Бүгінде ЖИ әлемнің озық елдерінде білім беру процесіне кеңінен енгізілуде. Мәселен, Финляндияда әр оқушыға жеке оқу жоспары жасалып, қабілетіне қарай тапсырмалар бейімделеді. Оңтүстік Кореяда виртуалды мұғалімдер тәжірибесі енгізілуде, бірақ бұл – ұстаздың орнын басу емес, қосымша көмек ретінде қолдану. Ал АҚШ-та мектептерде ЖИ сыни ойлау дағдыларын дамытуға қызмет етсе, университеттерде ғылыми деректерді талдаудың қуатты құралы ретінде пайдаланылады.

Қазақстан үшін маңыздысы – осы тәжірибелерді ұлттық білім жүйесіне бейімдей отырып енгізу, тіл мен әдебиет сабақтарының, рухани құндылықтардың ерекшелігін ескеру дейді маман.

Бұл тұрғыда жазушы Қанат Тілеухан да ЖИ-дің әлеуетін өз саласынан мысал келтіре отырып атап өтті:

Жуырда қазақ баспасөзінің редакцияларында болдым. «Ақжелкен» журналы соңғы үш нөмірінің мұқабасын жасанды интеллект көмегімен әзірлеген. Бұрынғыдай дизайнер емес, нейрожелі жасаған. Бұл – ЖИ-дің журналистика саласына да еніп, пайдалы іске жарап жатқанын көрсетеді, – дейді.

Алайда қаламгер жасанды интеллектің теріс қолданылуына да алаңдайды.TikTok, Instagram секілді әлеуметтік желілерде қазақтың абыз қарияларының бейнесін бейәдеп сөздермен астастырып, күлкіге айналдыру – қоғам үшін қауіпті құбылыс. Оның ойынша, дәл ЖИ-дің өзін осындай теріс контентті сүзгіден өткізу үшін пайдалануға болады. Сонда ол адамға зиян емес, мәдени-рухани дамуға қызмет ететін құралға айналар еді.

Расында да, жасанды интеллект – білім беру саласына жаңа серпін беретін қуатты мүмкіндік. Бірақ ол мұғалімді алмастыратын құрал емес. Керісінше, ұстаздың еңбегін жеңілдететін, шығармашылық ізденісіне дем беретін серік қана. Мәселе – оны қалай қолдануда. Егер ЖИ-ді дұрыс бағытта пайдалансақ, білім сапасын арттырып, оқушылардың ойлау қабілетін дамытамыз. Ал бақылаусыз қолдансақ – дайын ақпаратқа тәуелді, сыни ойлаудан алшақ ұрпақ қалыптастыру қаупі бар.

ЖИ – бір мезетте әрі мүмкіндік, әрі сынақ. Сондықтан таңдау –  біздің қолымызда.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…