Ақынның жанын ақын ғана түсінеді деген тәмсіл бар. Бірақ шындығы олай емес. Жақсы өлеңді жүрегімен қабылдайтын адам ақын жанын түсіне алады деп ойлаймын. Ауданнан шыққан мықты ақындарымыз баршылық. Бақыт Беделханның өзі бүгінде алты Алаштың азулы ақынына айналды. Айгүл Жұмәділіміз өзіндік өрнектерімен өлең өрінде өзгеше леппен жырлап жүрген танымал ақын болды. Біз үшін зор мақтаныш.
Ауданда жүріп те жыр маржанын төгіп, тамаша ой-өрнегімен елді елең еткізер өлең жазып жүрген тағы бір тамаша ақынымыз – Жазира Бақаева. Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасына қатысып, жүлдемен оралды. Кітапханашылар арасында өткен жыр сайысында «Абай — ұлттың ұлы тұмары» атты өлеңін тарту етті. Астана қаласындағы ұлттық кітапхана ұйымдастырған бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен сен тұр, мен атайын деген ақындар үміттерін үкілеп келген екен. Жазира қызымыздың айы оңынан туып, әділқазылар алқасында отырған ауыздары дуалы ақындардың құрмет, қошеметіне бөленді. Абай атындағы сыйлықтың иегері атанды. Арнайы төсбелгісін кеудесіне тақты. Бұдан артық қандай марапат керек ақын үшін. Біз де жерлес ақынымыздың атасының атындағы жүлдеге ие болғанына шын жүректен қуаныстық. Ақындық Алладан келетін аманат. Сол аманатты жауапкершілікпен арқалап жүрген Жазира қызымыздың талабы таудай болып шықты. Тілекшіміз. Ақындықты бойтұмарындай бағалап, сөздің қадірін қастерлеп, жүрегінен жарып шыққан сөздерді өлеңге айналдырып жүрген Жазира Бақаеваны жүлдесімен құттықтаймыз. Абай атындағы жүлде кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін сыйлық. Оны біздің ақын қыз өзінің тамаша жырымен бағындырды. Кітапханадағы жұмысымен қатар ақындықты бойтұмары еткен жанға тек табыстар жар болсын дейміз. Жүлдеге ие болған жырды оқырман қауым, сіздер де оқып көріңіздер.
АБАЙ — ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТҰМАРЫ!
Уа, адамзат алдындағы данышпан!
Пенделікті қайтем мынау жан ұшқан.
Мынау ғасыр,
мынау ұлы дүние,
Қара өлеңнің қасиетімен қауышқан.
О, ғазал жыр!
Қазағыңа тәпсірлеген сөз алдыр.
Өзің жазған қара сөздер болмаса,
Қара жұртты айналдырып тажал жүр.
Сол тажалдан сақтанамын,
сақтансам,
Сол тажалдан арашала бақ қонсаң!
Құралайдың көздеріндей дүние,
Ұлы Абайдың сөздерімен жаққан шам.
Қарашаға өзің шашқан жарық нұр!
Дүниенің төрт бұрышын алып тұр.
Танымына төрткүл әлем таңданған,
Тамырында қан ойнаған халық бұл!
Жұрт алдында қамсыз, мұңсыз көрінген,
Періште емен, пенделіктен жерінген…
Жүрегімде тарамданған тамырлар,
Дос пен дұшпан жолдарындай бөлінген.
Дүн-дүние көзіндегі бір кемдік!
Сырт айналсам сыбырласып күлген жұрт.
Қанатымды қырқып бара жатады,
Қабырғамның арасынан кірген құрт.
Қара өлеңнен маржан тізген – Ұлы Абай!
Жарық жұлдыз – көкте тұрған құламай.
Желсіз түнде жарық Айдың сәулесін,
Көл бетіне түсіреді кім олай?!
Уа, адамзат алдындағы данышпан!
Пенделікті қайтем мынау жан ұшқан.
Мынау ғасыр, мынау ұлы дүние,
Қара өлеңнің қасиетімен қауышқан.
180 жыл өтті,
ұлы ұрпағың,
Ұлы жырымен табысқан!
Баян МАМЫРБАЕВА
