Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Солардың ішінен білімнің мәнін «Ақыл – тозбас киім, білім – сарқылмас бұлақ» деген халықтың даналық сөзінен-ақ байқауға болады. Еліміз қарқын алып, дамыған сайын білімге де үлкен талап қоюда. Соған қарай ұрпақтарымыз білімді, саналы, бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Аудандық мәдениет үйінде білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» атты тақырыпта өтті. Ең алдымен аудандық білім беру ұйымдарының көрмесін аралаумен бастау алған тамыз кеңесінде бірнеше тақырыптағы айшықты ой, түрлі мәселелер айтылды. Жиында сөз тізгінін ұстаған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев жиынға қатысушылармен таныстырып, регламентін бекітіп, тақырып бойынша сөз кезегін аудандық білім бөлімінің басшысы Адилжан Ашировқа берді. Баяндамашы 2016-2017 оқу жылындағы орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбие, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылуы, ақпараттық коммуникативтік технологиялар мен электрондық оқыту жүйесі турасында сөз қозғады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы және білім беруді, ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы білім сапасын арттыру жөніндегі жұмыстардың негізгі бағыттарына шолу жасап шықты аудандық білім бөлімінің басшысы Адилжан Аширов. Сонымен қатар балаларды оқулықпен қамтамасыз ету, аудандағы педогог кадрлардың жағдайы, өткен оқу жылында жетістікке жеткен оқушылар мен мұғалімдер, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жазғы демалыс, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне жіберілген балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту (инклюзивті білім беру) және ұлттық біріңғай тестілеу нәтижесі сияқты мәселелерге де көз жүгіртті. Балабақшаларда кезекте тұрған балалардың саны әлдеқайда көп екендігін айтқан аудандық білім бөлімінің басшысы 2017-2018 оқу жылдарындағы білім саласында болған өзгерістерді жіпке тізіп, өткен жылғы ҰБТ-дағы кемшіліктерді болдырмау үшін білім сапасын көтерудің жаңаша жоспарымен де таныстырды. Елбасының «Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет», – деген сөзін тілге тиек етіп, ауданда №4 Шонжы және Қырғызсай орта мектептерінің базалық мектеп болғандығынан хабар берді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы білім саласына қатысты тапсырмаларының жүйелі орындалып, оның ішінде үш тілділікке байланысты жасалып жатқан жұмыстар жайын қозғаған аудандық білім бөлімінің басшысы Адилжан Аширов бұл экономикалық және әлеуметтік жаңғыртудың маңызды қыры екендігін ескертті. Сөз соңында өткен жылы тынымсыз еңбек етіп, белгілі бір жетістікке жеткен білім саласының қызметкерлеріне алғысын айтып, келесі оқу жылында бұдан да зор жетістікке жетеміз деген сенімін білдірді.
Тамыз кеңесінде жарыссөзге шығып, Елбасының салиқалы саясатын, білім сапасын көтерудегі тапсырмалары мен міндеттері жайын қаузаған Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектептің директоры Бибігүл Абдилова «Табысты мектеп жүйесін құрудағы инновациялық қызмет» тақырыбында баяндама жасады. Ал Сүмбе орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзада Малыбаева «Рухани байлық – ұлттық құндылық», Шарын орта мектебінің физика пәні мұғалімі Бағдат Сыдықова «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту ретінде СLIL әдісі», №1 Шонжы орта мектебінің логопед-дефектологы Алия Самигулина «Интеллектуалды білім беру жағдайында логопед пен дефектологтың міндеттері», «Нұрлы болашақ» балабақшасының меңгерушісі Дильбар Тохмятова «Ерте жастағы балалардың тұлғалық дамуына мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың рөлі» тақырыптарында баяндама жасады. Тамыз кеңесінің қорытынды сөзін сөйлеген аудан әкімі Алимжан Тохтасунов жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздар қауымын құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Елдің өркениеті мен мәдениеті, тәлімі мен тәрбиесінің дұрыс болуы ұстаздармен тікелей байланысты екендігін айтып, баланы балабақша табалдырығынан тәрбиеге баулу керектігін жөн деп санады. Алдағы мақсаттар мен міндеттер турасында бірер сөз қозғаған соң білім саласының бірқатар қызметкерлеріне құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыс етті.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік», – деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Ақыл-ой тәрбиесі әр заманда жастарға білім берудің негізгі құралы болып келеді. Білім мен ғылымға ұмтылыс халық санасының тереңінен әрдайым орын алары хақ. Ендеше ұстаздарымыз білікті, ұрпақтарымыз білімді де саналы болсын дейміз.
Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ