Әр саланың өз майталмандары болады. Өз жұмысын жақсы меңгерген, айналасына ақыл-кеңесін беріп, жастарға үлгі көрсететін мамандар баршылық. Кез келген адамның бойында атқарып отырған жұмысына адалдық, мемлекеттің тапсырмасын жүзеге асырудағы жауапкершілігі жоғары болғанда сол сала ілгері басады. Өзім ауданда туып-өсіп, осында ұзақ жыл еңбек еткен жанмын. Шүкір зейнетке шығып, бүгінде қазыналы қарттардың қатарын толықтырып жүрген жайым бар. Әлеуметтік салада тер төктім, сол саланың ыстық-суығын бір кісідей сезіндім десем артық айтқандық бола қоймас. Бейнеттің зейнетін көріп жүрмін.
Өзіммен бірге ұзақ жыл әлеуметтік салада еңбек еткен әріптесім, ұстазым Махинур Жалилова апайым 23 тамыз күні 80 жасқа толады. Көзкөргендер деген әдемі теңеу бар ғой. Мен де сол көзкөрген апайымның мерейлі күнінде ыстық ықыласымды білдіргім келді. 80 жасқа шаршамай, шалдықпай жетіп, немере, шөбере тәрбиесіне атсалысып, әлі де тың, бақуатты апайыма ең алдымен зор денсаулық тілеймін. Ұлы Отан соғысы аяқталып, ел есін жия алмай жатқан ауыр жылдары дүниеге келіпті. Махинур Жалилқызы 1962-1964 жылдары Талдықорған қаласындағы кооперативтік училищесінде сауда жүргізушісі (товаровед) мамандығы бойынша білім алады. 1965-1967 жылдары Талғар қаласындағы ауылшаруашылығы техникумын аяқтап есепші-бухгалтер деген қосымша мамандық иесі атанады. Алғашқы еңбек жолын Сүмбедегі Ленин атындағы колхозда есепті болып бастайды, сонан соң аудандық статистика бөліміне инспектор, аға инспектор, экономист лауазымдарын атқарады. Өзінің білімі мен іскерлігі арқасында атқарған жұмыстарының тек жемісін көреді. Мұндай кадр қашанда қажеттілік тудыратыны рас. Үлкен сала саналатын әлеуметтік бөлімге бас бухгалтерлікке жұмысқа шақырылады. Бұл бөлімде нұсқаушы, бөлім басшысы да болады. Тапжылмай тура 30 жыл осы салада бас есепші қызметін абыроймен атқарып, еңбек демалысына шығады. Айтуға оңай болғанымен, бұл жылдар қайта құру жылдары, нарық экономикасы мен үлкен дағдарыстың кезеңі еді. Өзінің жинаған өмірлік тәжірибесі мен есеп-қисапқа жүйріктігінің арқасында бұл бөлімнің жұмысын жандандырды десек артық айтқандық емес. Кейінгі буын әріптестеріне білгенін үйретуден ешқашан жалықпаған адам. Өзім де солардың бірімін. Махинур апайдан сабырлылықты, тиянақтылықты, жауапкершілікті үйрендім. Одан жаман болмадым. Аталмыш салада ұзақ жыл еңбек еттім. Махинур апайдың сөйлеген сөзі де, жүріс-тұрысы да бізге үлгі болатын. Өзімнің ұстазым санаймын. Өнегелі ісімен талай марапаттар мен мадақтауларға ие болды. Өмірге әкелген үш ұл, бір қыздан бүгінде он екі немере, алты шөбере көрген бақытты әже. Шаңырағын шаттыққа бөлеген жанға ұзақ ғұмыр тілейміз. Балалары да тәрбиелі, білімді боп ержетті. Өмірден өз жолдарын адаспай тауып, бүгінде бір-бір отбасының шырағын жағып отыр.
Ұлағатты өмір кешіп, қоғамға да, өзіне де пайдасын тигізіп, бүгінде сексен деген жастың сеңгіріне шыққан апайды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымы және ардагерлері атынан шын жүректен құттықтаймын. Махинур апайдың жүз жасқа дәл қазіргідей сергек, тың қалпында жетуіне тілектеспін. Қызметтен қол үзбей жүріп отбасының берекесін кіргізіп, ұрпағының саналы болып қалыптасуына еңбек сіңірген апайдың бақытты күні бәрімізге жұғысты болсын.
Серік ҚАПАРОВ,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы ардагерлердің бастауыш ұйымының төрағасы
