Ауыл еңбеккерлерінің абыройлы ісін ардақтайтын дүбірлі той Шалкөде төрінде өтті. Шопандардың слеті деген ұғыммен санамызда қалып қойған той осыдан бәленбай жыл бұрын басқа құрылымда өмір сүрген кезден қалыптасқан еді. Арада үзіліс болып, бұл той қайтадан жаңғырды. Кеген ауданындағы қымызмұрындықтың жалғасы іспетті біздің ауданның мал шаруашылығы саласындағы еңбеккерлерге арналған жайлау тойы дүбірлі өтті. Қазақ үйлер тігіліп, қазан қайнатылып, қымыз сапырылып, ұлттық киімдегі үлкен-кіші тойдың сәнін аша түскен.
Бүгінгі күн – мал баққан шопанға, дертке дауа тапқан ветеринарға, сусыз тіршілік жоқ деп, жер суарған су маманына арналған мерекелік шара деп таныстырылды. Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Мал өсіріп, өнім өндіру – ата-бабамыздан қалған киелі кәсіп. Шопан – дала тіршілігінің тірегі. Ата кәсіпті заман талабына сай дамытып, еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуде. Еңбек адамы жылы деп жарияланған жылы бұл тойдың өтуі заңдылық та болар. Әрине жердің шалғайлығы қолбайлау болғанын айтпасқа болмас. Талай адам Шалкөде жайлауының кереметін көруді аңсады. Ал ауданның шенділері мен шекпенділері бұл тойдың өтуіне өздерінің үлестерін қосқандығы бірден байқалып тұрды. Әр округ өзінің үйін жабдықтап, келген қонақтарға астарын ұсынып, ұлттық салт-дәстүр бойынша барын беріп, мәре-сәре болып жатты. Арнайы жасалған сахна, алтыбақан тепкен қыз-жігіт тойдың көрігін қыздыра түскен. Қазақ малсыз өмірін елестете алмайды. Төрт түлігі сай болған жұрт қана бақуатты бола алады. Мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы – ветеринария саласына тікелей байланысты. Бұл сала – халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Сондықтан ветеринарлық жүйені жаңғыртып, оны заманауи деңгейге көтеру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Су – тіршілік көзі. Әрбір тамшы суды тиімді пайдалану – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Суару жүйелерін жаңғырту, су ресурстарын үнемдеу – ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі шарттарының бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мал шаруашылығы -экспорттық әлеуеті жоғарғы саланың бірі. Бірақ жем-шөп дайындау, ветеринария және өнім өңдеу бағыттарын дамыту – басты басымдыққа айналуы тиіс. Су – стратегиялық ресурс. Оны үнемдеп пайдалану – ауыл шаруашылығын тиімді жүргізудің кепілі. Біз жаңа суару жүйелерін енгізіп, суды ысырапсыз қолдануға көшуіміз керек» – деп аграрлық секторды дамытудың басты бағыттарын айқындаған болатын.
Әдемі әуенмен басталған шараның алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімі Бота Елеусізова алды. Көк жайлаудың төресі, кешегі желмаясына мініп жаһанды кезген Асанқайғының арманындағы жерұйық мекен Шалкөде жайлауының төрінде бүгін біз қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, ұзақ жылдар бойы ұлықталмай ұмыт болып бара жатқан шопандар тойын дүркіретіп өткізгелі отырмыз. Ұлтымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық өнері, ас мәзірі мен дала спорты жаңғыртылып, көшпенді елдің ұлттық мәдениеті дәріптелетін, жалпы бүтіндей ұлттық болмысымыз насихатталатын осындай игі шараға баршаңыз қош келдіңіздер, деп сөзін бастады.
Біздің ауданымыз ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығына бейімделген аудан. Аудан бойынша бүгінгі таңда 185 мыңнан астам қой мен ешкі, 72 мыңнан астам ірі қара және 15 мыңнан астам жылқы бар. Сонымен қатар бінеше мал бордақылау алаңдары да өңіріміздің мал шаруашылығының дамуына өзіндік үлестерін қосып келе жатыр. Ал көшпенді халықтың көне салтымен қатал қысты қыстауда, ала жазды жайлауда өткізіп, мал басын көбейтіп отырған шопандарымыздың еңбегі ерен әрі өлшеусіз деп бағалауға болады. Бүгін біз төрт түлігін түгендеп, төрт құбыласын теңестірген мал шаруашылығының нағыз майталмандары малшылар қауымының мерекесін дүйім жұрт болып атап өтіп, мал бағу мен мал басын көбейтуде озық еңбек етіп, жетістіктерге жеткен бірқатар ауыл малшыларын арнайы марапаттап, маңдай тер мен адал еңбектерін елеп ескеретін боламыз.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ауылшаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес!» деп шегелеп айтқан болатын. Осы орайда ауылшаруашылық саласының негізгі үлес салмағы болып отырған мал шаруашылығының тұрақты әрі жан-жақты дамуы және өңірлерде мал басының көбеюі сәйкесінше еліміздің экономикасының даму қарқынына оң әсерін тиігзетіндігі айқын. Баршаңызды бүгінгі Шалкөде жайлауында өтіп жатқан Шопандар тойы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің бірлігі артып, іргесі берік болсын! Тәуелсіздігіміздің тамыры тереңге жайылып, ертеңіміз еңселі болғай! Жыл сайын жайдары жазда жайлаудың төрінде осындай дүбірлі тойда бас қосайық! – деп ізгі ниетін жиылған қауымға арнады.
Аудан әкімінің ақжарма тілегі әрі қарай марапаттарға жалғасты.Үлкен Ақсу ауылдық округінің ветеринар мамандары «Нива» автокөлігіне ие болды. Ауыл үшін бұл зор жетістік. Одан бөлек ауылшаруашылығында тер төгіп жүрген жандар әртүрлі сый сияпатқа, құрмет грамоталарына ие болды. Еңбек адамы – елдің негізі, ауыл – халықтың тамыры. Келесі құттықтау сөзге шыққан тиірмендік ветеринар Нұралым Кебиров ауыл еңбеккерлерінің еңбегі еленгеніне мақтанышын жасырмады. Қарапайым еңбек адамы жыл бойы атқарған еңбегінің жемісін көріп, жаз жайлауда той жасау ата-бабадан қалыптасқан дәстүр, жазылмаған дала заңы екендігін айтып, жиналған қауымға өзінің ыстық ықыласын арнады.
Ауданымыздың сыйлы ақсақалы Ноғайбек Дәуренбеков өзінің ауыл әкімі болған кезінде жасалатын тойдан естелік айтып, өткен шаққа саяхат жасады. Мамытхан Құдайбергенов те мұндай шопандар тойының бірнешесін көргендігін, көрші аудандардың малшылар қауымымен қауқылдасып, өткен-кеткенді еске түсіретін керемет шара деп бағасын берді. Жігітбасы Нұрахмет Арипов та өзінің жүрекжарды ниетін айтып, жайлаудың таза саф ауасы мен адамдардың кеңпейіл көңілдеріне ризашылық сезімін жеткізді.
Ресми бөлімнен соң кезек ән мен жырға берілді. Спорттық жарыстардан бақ сынасқан бір топ жүлде жолында жан берісіп, жан алысты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болысты. Жайлаудың кең төрінде еңбек адамы құрметке бөленді. Шопандар тойына қатысқан адамдар мәз-мейрам болып тарасты. Бүгінгі күн –дала төсін дүбірлеткен, маңдайын күн сүйген, ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарының мерекесі! Еңбек адамы – елдің тірегі. Шынайы дамудың негізі – қарапайым еңбеккердің адал еңбегінде жатыр. Сондықтан мемлекет еңбек адамына құрмет көрсетіп келеді, бүгінгі мереке соның дәлелі. Жайлау той – қазақтың жазғы жайлауға көшкенде тойланатын, ғасырлар бойы аталып келе жатқан мерекесі.
Қыстан аман шығып, жазғы жайлауына жеткен бабаларымыз арқасын кеңге салып, бұл күнi ән айтудан, ептiлiк пен күштiлiкке баулитын ұлттық ойындардан сайыстар өткізген. Бүгінгі тойдада ұлттық ойындардың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Қыз қуу, палуандар сайысы, аударыспақ, теңге ілуден ептілер мен мықтылар сайысқа шықты. Шалкөде төсіндегі шопандар тойы елдің есінде қалатындай дүркіреп өтті. Келесі жылы да осы дәстүр жалғасын табатынына бек сенімдіміз.
Баян МАМЫРБАЕВА
