Кәсіпкерлік саласы сырт көзге бірден байлыққа кенеле қалатын жұмыстың ең оңай болып көрінгенмен өз алдына қиындығы мен жауапкершілігі мол, төзімділік пен іскерлікті, үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбекқорлықты талап ететін күрделі сала. Оны сол бағытта жүрген жандар ғана шынайы сезініп, жанымен ұғынады. Бұл салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, кәсіпкерліктің жілігін шағып, майын ішкен нағыз кәсіпкерлер көп арамызда. Ал бұл салаға енді ғана ат ізін салып жатқандар да біршама баршылық.
Осы орайда барша кәсіпкерлердің басын біріктіріп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, өзекті сауалдарының күрмеуін шешу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы облыстық филиалы директорының құқықтық көмек жөніндегі орынбасары Еркін Майлыбайұлы мен мекеменің қызметкері Ержан Багисбеков ауданымызға арнайы ат басын бұрды. Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері осы өңірде әр салада кәсіппен айналысып, өзінің табысын жеке кәсіптен тауып жүрген ауданымыздағы еңбекқор жандармен ерекше кездесу өткізді. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев жүргізді. Аудан прокурорының орынбасары Қайрат Қасенов жиынға арнайы қатысты. Сонымен қатар, ауданымыздың бөлім, мекеме басшылары мен тиісті сала өкілдері қатысты. Жиынның ең алғашқы сөз кезегі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Еркін Майлыбайұлына ұсынылды. Кәсіпкерлік саласында орын алып жатқан жаңашылдықтар мен басқа да бірқатар өзгерістерді тілге тиек етіп, кәсібін дөңгелетіп жүрген жандарды осы қажырлы еңбектің жолында қандай қиындықтар мен кедергілердің кездесіп жатқандығын бөлісе отыруға шақырды.
Жергілікті жеке кәсіпкерлер көкейлеріне түйіп келген түйткілді сауалдарын бірінен соң бірін жаудырды. Көбінің айтар уәжі бірдей деуге болады. Кәсібін бастаймын немесе ұлғайтамын деп ниеттенгендер арнайы бағдарламалар бойынша қайтарымсыз гранттар мен пайызы төмен жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай жүргендіктерін айтты. Оның ішінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастауға құжат тапсырғандардың қарасы да, айтары да көп болды.
«Ауыл аманаты» деген бағдарлама өз жұмысын бастаған кезде ауылдағы ағайын бөркін аспанға атқан болатын. Әрине бастапқыда біршама жанға несие қолдарына тиіп, мақсаттарына бір қадам жақындай түсті. Алайда мемлекеттің қамқорлығын сезініп, төмендетілген пайызбен несие алып, кәсібімді дөңгелетіп кетем деген биылғы қарашаның қуанышы ұзаққа созылмаған сияқты. Қарапайым халықтың өз алдына кәсібін ашып, таңдайын майлап, қарнын тоқтайтын бағдарлама аяғына келгенде әбден әбігерге салып, серіктестік ашам дегендердің салын суға кетіріп, шаруашылық құрам дегендерді шыдамын шегіне жеткізіп тастаған сыңайлы. Ауылшаруашылық саласындағы ағайынның азды-көпті ренішін осы жиын барысында анық аңғардық. Облыс орталығынан келген ұлттық палатаның өкілдері айтылған әрбір пікір мен қойылған сауалды қойын дәптерлеріне түртіп отырды. Көтерілген мәселелердің барлығына баса мән беріп, барынша шешілуіне ықпал жасайтындықтарын айтып сендірді. Қойылған сұрақтардың шешілуіне уақыт қажет болғандықтан кейбір кәсіпкерлерге жазбаша ресми өтініш қалдыруды сұраса, енді біреулеріне облыстық филиалға бас сұғу қажеттігін сұрады. Көкейлерінде өзекті сауал жиналып, жанарларында үміт сәулесі сөнбеген кәсіпкерлер осыдан кейін де бір қайран болып қалар деп үмітті үмітке жалғап тарқасты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасындағы Президентіміздің аманатын орындап, қарапайым халықтың түнде түсінен, күндіз есінен кетпей жүрген шағын несиесіне қолы жетіп, отбасының нәпақасы мен артылғанына жұмыс орнын ашып, халықты шын қуантатын күнге жетсе екен деп бізде шынайы тіледік.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ