Басты бет Мәдениет және руханият ТҰҒЫРЛЫ МЕРЕКЕМЕН ҚАТАР КЕЛГЕН ТАРИХИ КҮН

ТҰҒЫРЛЫ МЕРЕКЕМЕН ҚАТАР КЕЛГЕН ТАРИХИ КҮН

0
793

Осыдан 33 жыл бұрын ата-бабамыздың асыл арманын, ақ тілегін орындадық, Егеменді ел болдық! Күні кеше еліміз үшін ең басты әрі ең ұлы мереке аталып өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытаудың төрінде өткен Ұлттық құрылтайда «Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символы», – деп осы күннің маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған сәйкес жыл сайын Республика күнін айрықша дәрежеде атап өтіп, тәуелсіздіктің баға жетпес құны мен тарихи маңызын ұрпақтың санасында жаңғыртып отыруымыз керек. Республика күні қайта түлеп, жаңа сипат алып, жаңаша мәртебеге ие болып, биыл үшінші рет ауқымды түрде аталып өтіліп, тарихтың қойнауына алтын әріптермен еніп отыр. Бұл – халқымыздың мерейін асырып, отандастарымызға ерекше рух беретін еліміздің ең ұлы мерекесі. Ұлттық мереке – Республика күнімен тұспа тұс ауданымызда бірқатар шаралар жүзеге асты.

Дана халқымызда «Азаматына қарап ауылын таны» деген тәмсіл бар. Ауызбірлік пен еңбекқорлықты ұштастырған Шошанай ауылының халқы мен атқамінер азаматтарының ел үшін еткен еңбектерінің жемісіне куә болып, Республика күніндегі дүбірлі тойды дүйім ел болып бірге тойладық. Ауылдың келбетіне көрік беріп тұрған Шошанайдағы жастар саябағының ашылуы дәл осы ұлттық мерекеге арнайы орайластырылды.

Әр адамның туған жері өзіне ерекше ыстық! Кіндік қаның тамған, құба талдан иілген бесігінде тербелген туған жердің қадірін ұғыну әр азаматтың борышы болуы тиіс. Бұл күн қастерлі Республика күнімен қатар ұрпақтың ата-баба рухына тағзым ететін күні ретінде де есте ерекше сақталды.  Осы киелі өлкені алғаш атақоныс етіп, ақшаңқан ақ ордасын тігіп, ұрпақ өрбіткен Біте мен Базар бабалардың аты ерекше аталып, ұрпағының санасында ерекше жаңғырды.  Аталы елдің ұрпағы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, болашақта жасыл желекке айналатын саябақ жасап, туған жердің тарихын өшіріп алмас үшін саябақтың төріне арғы аталардың ескерткішін орнатып, жастарға бар мүмкіндіктің жолын ашып, Ұлттық мереке Республика күнінде ел игілігіне табыс етті.  Сауапты істің оңынан болуы халықтың тарылмаған пейілінде екен.

Ауданымыздың картасындағы ең қиырда тұрған татулығы берік, ырысы мен берекесі тасыған киелі мекен Шошанайдың кіреберісі сол күні нағыз тойдың көркін кіргізіп, ақ үйлер қаз қатар тігіліп, алыстан менмұндалап тұрды. Саябақтың ашылуына ағылған адамның қарасында есеп жоқ. Әуелі  қақпаның сыртында бүкіл елмен бірге аудан әкімі мен зиялы қауым Сүмбе ауылының беделді қариясы Қалабай ақсақалдың бәтуәлі батасынан кейін жастар саябағының  лентасын қиды. Кимешек киген әжелердің шашуымен саябаққа алғашқы қадамдар жасалып, қырдың басында қойылған бабалардың ескерткіш тасын тамашалап, имам көпшілікпен бірге арнайы құран бағыштады.

Ауылдың жастары мен балаларына арналған саябақтың ойын алаңында жас спортшылар түрлі спорт түрлерінен өнер көрсетіп жатты. Алтыбақанның басында өнерпаз жігіттер мен қыздар әуелетіп ән шырқап тойдың сәнін кіргізе түсті. Шара сахнада салтанатты түрде ашылған соң алғашқы сөз аудан әкімі Бота Елеусізоваға ұсынылды. Өңір басшысы ауыл жұртшылығын жаңа саябақтың ашылуымен, сондай-ақ Республика күнімен шын жүректен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Ауданымыздың және облысымыздың құрметті азаматы, беделді ақсақал Ызғарбек Бектұрсынұлы да арнайы сахна төрінде сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың алатын орны мен маңызы орасан екендігін, тәуелсіздіктің құны ешнәрсемен өлшенбейтіндігін жіті түсіндірді.

«Албанда Қоңырбөрік, Жарман баба.

Бесбайдың бесжұлдызы жанған дара.

Алаш пен Біте, Базар, Тама, Майлы.

Талпынған татулықпен тауларға да!

Бесбайдың берекелі шаңырағы

Туғызар елім деген нарын әлі.

Аспантау, Қарадала ұрпақтарын,

Қолдасын Қоңырбөрік аруағы» деп жырлаған қасиетті Қарадаланың перзенті, танымал ақын осы қуанышқа арнайы ат басын бұрды. Қыр басынан қарап тұрған Біте мен Базар, Алаш, Тама, Майлы бабаларға арналып қойылған тасқа қашалып жазыған өлең жолдарының авторы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бақыт Беделхан да сахнаға көтеріліп, көсіліп сөйледі. Киелі  Шошанайдың топырағының қадірі мен қасиетін кейінгі жастарға ұғындырды.

Ақынның артынан ерген ізбасарлары, бүгінгі жас буын, поэзия әлеміне енді ат ізін сала бастаған бірі тілші, енді бірі ақын, алақандай ауылындағы Алатаудай қуанышқа құлын жүректерімен қуанып келген Сырғалым Елжанқызы мен  Аяжан Бекболатқызы және Базар бабаның 11 ұрпағы жас ақын, Мұқағали Нұрсұлтанұлы сахнаны қара сөздің және қара өлеңнің құдіретімен шайқады. Кешегі “Мен жастарға сенемін!”,- деп, Мағжан жырлаған «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар жоқ емес арамызда!

«Есігіңнің алдында төбе болса ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңның ішінде қария болса жазылып қойған хатпен тең» деген халықтың ауызекі даналығы тегін айтылмаса керек. Бір ақсақал немесе беделі бар азамат ауылдың тізгінін ұстамаса ол ауылдың болашағы бұлыңғыр болмақ. Ауыл көркейіп, жастары кемел келешекке көш түзеп бара жатса ол өңірдің үлкендері де дана әрі ақылгөй деген сөз. Өңірдің басы болып жүрген беделді ел ағасы, ауданның құрметті азаматы Мәулен Мұқажанұлы қорытынды сөзді сөйлеп, онымен бірге мінбеге көтерілген Марат Сиыршиев та Базар баба ұрпақтары атынан ақ тілегін ақтара айтып, ақын Бақыт Беделхан мен суретші, мүсінші Серғазы Жаманқараевтай атпал азаматтардың иығына шапан жауып, сый-құрметтерін көрсетті.

Осы саябақта бақытты ұрпақтар асыр салып, кәрісі мен жасы уақытын тиімді өткізетін, жаныңа сая болар ауылдың саясына айналса екен деп тіледік. Шошанай ауылының белсенді жастары да – қатардан қалмай қайырымдылық болсын, халықтың қамы болсын білек сыбана кірісіп кететін нағыз өз елінің патриоттары. Бұл ауылдың жастарының ауызбірлігі мен жұдырықтай жұмылып тіршілік істейтін еңбекқорлықтары өзгеге өнеге болуы тиіс.  «Ел ағасыз болмайды, Тон жағасыз болмайды», біз айтып отырған ауылдың елім деген атқамінер жастары алдыңғы буын ағалардың ақылымен, тәлім-тәрбиесімен  өмірдің көшінен адаспай ілесіп келеді. Ендеше дүйім елге даналығын айтар ардақты ақсақалы да, сөзбен емес іспен дәлелдейтін сайдың тасындай жастары да аман болсын! Қазақстанның әр ауылында осындай игі жақсылықтар бола берсін!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫЗ ЖІБЕК – САХНАНЫҢ МӘҢГІЛІК ҚОЙЫЛЫМЫ

Еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектің» дүниеге келгеніне…