Төрт мүшесі сау болса да кейде пенделер өмірдің ұсақ-түйек кедергілеріне тосқауыл қоя алмай шаршайтыны бар. Осындай сәттерде мүгедек балаларын асырап, солардың ауыртпалығына шаршамай, шалдықпай жүрген жандардың қайсарлығына таңғалмасқа шараң жоқ. Біздің ауылда Алмагүл Байназарова деген үй шаруасында отырған ана бар. Жолдасы Ерлан ІІ топтағы мүгедек, отбасындағы бес баланың төртеуі ерекше. Осындай жағдайда өзін сабырға шақырып, дағдарысқа түспей, балаларын асыраудың қамында жүргенін батырлыққа балауға болады. Өзінің қолынан тігіншілік келеді. Мемлекеттен алатын мардымсыз жәрдемақыға қараса тіршілігі кейін кететінін түсініп, қайтарымсыз грантқа өз жобасымен қатысты. Одан алған бір миллион 200 мыңға 2 жиналмалы үстел, үтік, 4 тігін машинасын алып, ауласынан шағын тігін цехын ашты. Бастапқыда құрақ көрпелер жасап, киімдерге ою-өрнектер салып бастаған кәсіпкерлігі уақыт өте келе өркендей бастады. Бүгінгі таңда тұрақты тапсырыс берушілерінің саны артып, қыз ұзатудың жасауын, басқа да ұлттық нақыштағы камзол, шапандар тіге бастады. Алмагүлдің үй шаруасындағы бітпейтін тіршіліктеріне қарамай, тәуекелге барып бастаған кәсіпкерлігі алға басқанына ауыл тұрғындары, көрші-қолаңдары мәз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше күтім керектігін бәріміз жақсы білеміз. Соның арасында ауыл тұрғындарынан түсетін тапсырыстарды дер кезінде атқаруға уақыт тауып жатқаны қуантарлық іс. Қанатымен су шашқан қарлығаштай шырылдап, үйдің де, кәсіпкерліктің де тізгінін қолына мықтап ұстаған Алмагүлге Құдай қуат берсін дейміз. Өзіне берілген сынақтан сүрінбей өтіп, батырлық танытқан анаға айтарымыз тек алғыс ғана. Үлкен жүректі аналарымыз аман болсын.
Қаракөз АЛҒАЗИЕВА,
Шарын ауылының әлеуметтік қызметкері