Қасиетті өнердің өз көрерменіне жол тартатын сахна дейтін киелі мекені болады. Ол жер әркім шығып үстемдігін жүргізе алмайтын өзіндік бөлек әлем. Сол киелі сахнаның киесін жанымен ұғына алатын иесі болады. Олар өнер адамдары. Тумысынан бойында табиғат дарытқан таланты бар, Алла таңдайына тарыдай бақ нәсіп еткен өнер иелері көпшіліктің көзайымына айналып, қоғамның көшін бастай алатындай ерекше жандар. Өнер жас таңдамайды. Ал жас өнерпаздар жиі туыла бермейді.
Бүгінгі айтылар әңгіме шабыттың тайының жалынан тартып, жайдақ мініп, өнер дейтін қасиетті өлкеге енді ат ізін сала бастаған жас талант иесі жайында болғалы тұр. Ол соңғы уақыттарда дәл осы киелі сахна арқылы аудан жұртшылығына азды-көпті таныс болып үлгерген Төкен Арман Жеңісбекұлы. Әңгімеміздің басты кейіпкері 1994 жылы Аспантаудың тал бесігі қасиетті мекен Қарадалаға кіндік қаны тамған. Қарапайым қазақтың жанұясында дүниеге келген бала Арман жастайынан өнер мен білімге құштар болып ержетеді. Мектепте білім алып жүрген жылдарда да бойындағы тағдыр тарту еткен таланты тыным бермей, арагідік мектепішілік шараларда бой көрсетіп тұруды жақсы бір үрдіске айналдырды. Қолына микрофон ұстап, сахнаға шығып, көпшіліктің алдына көтерілсе болды арқаланып шыға келетінін боз бала шағында-ақ байқаған екен. Осылайша ата-анасының батасын алған Арман еліміздің атағы айға жеткен небір өнер саңлақтарын тәрбиелеп шығарған Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсуді алдына мақсат етіп қояды.
Мектептің қабырғасын туған жерінде тамамдап, екінің бірінде жоқ ерекше мақсатына қол жеткізу үшін асқақ арманын арқалап, Алатаудың баурайындағы Алматы қаласына алып ұшады. Талайлаған өнер тарландарының жұлдызын жаққан Темірбек Жүргенов атындағы қара шаңырақ Арманның да армандарына қанат бітіріп, бойындағы өнердің бұлағынның көзін ашуға себепкер болды. Осы өнер ордасының муздрамма факультетінің “Театр және кино актері” мамандығы бойынша білім алып шыққан Арман әуелгі еңбек жолын туған ауылынан бастауды дұрыс көріп, қанаттанып ұшқан Қарадаласына қайта оралады. Аудандық мәдениет үйіндегі “Жазерке” халықтық ұлт-аспаптар ансамбіліне жұмысқа қабылданып, әншілігін шыңдай түседі. Араға аз уақыт салып, марқұм Асқар Наймантаевтың мұрындық болуымен ашылған “Қарадала” халықтық театрының әртісі болып жұмысқа қабылданады. Театрдың тырнақалды қойылымдарына Асқар Наймантаевтың өзі Арманның бойындағы өзіндік ерекше таланттың жасырынып тұрғандығын бірден байқап, ең алғашқы актерларының қатыран алған болатын. Сол уақыттан бері аталмыш театрдың сахнадағы әрбір шығармашылығының шамын жарқыратып, абыройын асқақтауына айтарлықтай үлесін қосып келе жатқан жайы бар.
Бала күнгі мақсатының бір ұшына қолын жеткізген Арман бүгінде бос уақытында шығармашылығын одан әрі шыңдай түсу үшін түрлі көркем шығармалармен танысып, кітап оқуға тырысады. Сонымен қатар, үнемі халық алдында сахнада жүргендіктен ден бітіміне, түр сымбатына ерекше көңіл бөліп, спортпен шұғылдануды да жанына серік еткен. Отбасының ортасында жиі болып, таза ауада серуендеп, бала тәрбиесімен айналысуға да уақыт табатын көрінеді. Жалпы өнер дейтін қасиетті ұғымның мәртебесін төмендетпей, бойындағы табиғат дарытқан талантын таза ұстап, киелі сахнада көрерменнің көзайымына айналып, жүрегінен орын таба алатын, еліміздің мәдени қабырғасының бір кірпіші болып қаланып келе жатқан жас әрі жалынды өнер адамына куә болдық.
«Жас келсе іске!» деп, өскелең ұрпақты әрқашан еңбекке баулып, жақсы іске үйір қылып отырған ата-бабаларымыз көреген болған. Осы жас буынның өнерге келіп, өңіріміздің мәдениетін көтеруге бар білімі мен күш-жігерін салып жұмыс істеп жатқандығы жаныңа рухани рақат сыйлайды. Еліміздің мәдениеті мен бүкіл ұлттық құндылықтарға негізделген ұлттық өнерін, ұлттық салт-дәстүрінөшіріп алмай одан әрі жалындата түсетін, аға буынна аманат болған ұлттық өнерді өскелең ұрпаққа қаз қалпында аманаттап бере алатын антына адал білімді әрі еңбекқор жастардың қатары арта берсін!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ