Басты бет Заң және қоғам Сыбайластыққа бармау – қоғам талабы

Сыбайластыққа бармау – қоғам талабы

0
35

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мықты мемлекет болу үшін ең алдымен жемқорлар мен парақорларды қоғамнан аластау керек. Пенде болғасын тез байып алуды, тер төкпей ауқатты болуды армандайтын болармыз. Бірақ біз әділетті Қазақстан деген жаңаша көзқарастағы елді құрып отырған ұрпақпыз. Мемлекет басшысы да бұл мәселеде әркез тазалық пен адалдықты алға тартып, бай, қуатты ел болуымызды міндеттеп отыр. Мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді. «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде. Яғни бұл бағытта алда атқарылар шаруалар шаш етектен.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керек. Мемлекетік қызметте отырғандықтан біздің мекемеде бұл тақырып күн сайын көтеріліп отырады. Жемқорлықтың жолын кесу жолындағы насихат күнде дерлік айтылады басшылық тарапынан. Қаржымен жұмыс істегендіктен әр санға, әр цифрға мұқият қараймыз. Бізде нақпа-нақ қаржы емес, қаржылық құжаттармен жұмыс болғандықтан, әр тиынды қадағалаймыз. Мемлекет қаржысының діттеген жеріне мақсатты жұмсалуына жауаптымыз. Сыбайлас жемқорлық туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып, жазылып жатыр. Әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің жемқорлық әрекеттері туралы да көрсетіліп жатыр. Бұл жақсы қасиет емес. Ең алдымен санамызды тазартып, мемлекеттің қаржысына, мүлкіне қол сұғуға болмайтындығын естен шығармағанымыз жөн.

Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

Асем АҢЫЗБАЕВА,

аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…