Елімізде жастарға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – жастардың рухани, мәдени дамуын, білім алуын, кәсіби біліктілікті арттыруын, физикалық тұрғыдан толыққанды дамуына жол ашу. Мемлекет бірінші кезекте жастардың сапалы білім алуын, денсаулығын сақтауды, жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікпен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие алуын, экологиялық мәдениетін қалыптастыруын, мәдени демалысқа баулуды және талантты жастарға көмек беруді басым бағытта қарастырады. Жастар – ұлт үмітін арқалаған елдің ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екендігін толық сезінеміз. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған, болып қалады да. Мәселен, өнер саласында беткеұстар қабілетті де қарымды Димаш Құдайбергеновтің бір өзі төбе емес пе?! Әлемдік деңгейде Қазақстанның жастары деген атақты лайықты көтеріп жүрген тек өнерден мысал келтірсек Ержан Максим, Данелия Түлешова, Қарақат Башанова, Рухия Байдүкеновалар қазақтың рухын асқақтатып жүр емес пе?! Ал спорттан мысал айтсақ, оған тіпті газеттің беті тарлық етер.
Бүгінде ауданымызда 19353 жас тұрады. Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген 2564 «NEET» санатындағы жастар бар. Бұл жұмыссыздық деңгейінің – 13,25 пайызы. Қазіргі таңда «NEET» санатындағы жастармен, жұмыссыздармен белсенді түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Кез келген жұмыс қайырымдылықтан, жақсылық жасаудан бастау алуы керек. Құрғақ сөзбен орақ орып, құры цифрмен есеп бергенімізбен көсегеміз көгермейді. Біздің аудандық жастар ресурстық орталығының алға қойған мақсаты да осында. Жастардың басын мейлінше қосып, әртүрлі шараларға араластыру. Телефонға байланып, үйден шықпай, қимыл-әрекет жасамай жатып алатын жастардың да бар екендігін жасыра алмаймыз. Оларды әңгімеге тартып, ең болмағанда қарты, қариясы бар, көмекке зәру адамдарға көмек беруге ынталандырып жүрміз. Жалғызілікті, бала-шағасы жоқ кейуаналарға қол ұшын созып, олардың отындарын жарып, аулаларын тазалап, суларын тасып беру сияқты қарапайым жұмыстарды дәстүрге айналдырып алдық. Белсенді жастар жоқ емес. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген халық қағидатын ұстанған жастарымыз қазір көмекке зәру қарияларды бес саусақтарындай біледі, барып көмектерін көрсетіп тұрады.
Ғаламторға тәуелді болған жастарды сергітетін, ойларын тазалайтын, денсаулықтарын жақсартатын бірден-бір жол ол – спорт. Спорт арқылы жастар танысады, табысады, достасады, жарыстарға бірге дайындалады, әрі қарай үлкен жобаларға қатысады. Қысқы спорт ойындарын Аваттың тауында шаңғы тебу, шана сүйреу сияқты жарыстарға арнадық. Оған қатысқан адамдар өте көп болды. Одан бөлек арқан тарту, гір тасын көтеру бойынша жастар бақтарын сынасты. Қызықты жарыс күн ұзаққа созылды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонан соң Қырғызсай ауылында «Бабалар салған сара жол» деген атпен көкпар өтті. Шараға аудан жастары белсене қатысты. Өткізген шаралардың барлығы тамаша десек артық айтқандық болар. Кейде кемшіліктер, кейде жетіспей жатқан тұстары да кездесіп жатты. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой дана халқымыз. Біздің мақсат жиналыс жасап немесе жоғарыдан келген нұсқаулықтарды орындап қана қою емес. Ауданымыздағы талантты ақын ағамыз, ұлағатты ұстаз Мамытхан ағаның өмір жолымен таныстыру үшін жастардың басын қостық. Бүгінде атағы алты Алашқа мәшһүр болған азулы ақын Бақыт Беделханның ұстазы Мамытхан ағамен кездесуден жастар рухани ләззат алды, біліммен сусындады, ақындықтың ауыр жолын түсінді. «Bauyrsaq party» мерекелік шарасына ұйытқы болған ауданның жастары, жастар істері жөніндегі нұсқаушылары. Олар көптеп бауырсақ пісіріп, оны көпшілікке тегін таратты.
Жастардың бойындағы шығармашылық мәдениетін дамыту мақсатында аудан әкімдігінің алдындағы алаңда жанды дауыспен ән саламыз акциясы аясында «Әсем ән жүректен жүрекке» атты шара өткіздік. Онда жастар еш қысылмастан халық әндерінен бастап заманауи әндерді жанды дауыста шырқап, жиналғандарға керемет көңіл-күй сыйлады. Бұл бастама әрі қарай жалғасын табады деген сенімдемін. «Үлгілі отбасы» деген ұлттық жобасы бар. Оған елімізге үлгі, өнеге болатындай отбасыларының өмір жолдары, еңбектерін дәріптеп, баршаға танытамыз. Аудандық мәдениет үйінде отбасылық тәрбиенің үздік үлгілерін және қазақ халқының құндылықтарын насихаттау, ата-ана бала қарым-қатынасын жетілдіру, үлгілі отбасын анықтау және олардың татулығын арттырып, қолдау мақсатында жастардың отбасын қатыстырдық. Байқауда топ жарып 1-орынды Шонжы ауылының Жұмағалиевтар отбасы алса, екінші орынды Шарын ауылынан Мырзабаевтар отбасы еншіледі, ал үшінші орынды Бахар ауылының Акрамхановтар отбасы ие болды. Осы жерде мақтанышпен айта кеткім келіп тұр, 15 мамыр отбасы күніне орай Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Үлгілі отбасы» байқауының жеңімпаздары біздің Шошанай ауылынан Қатаевтарға бұйырғаны зор еңбек пен маңдай термен келген жеңіс дер едім.
«Kino Go» жобасымыз іске қосылды. Аудандық мәдениет үйінде патриоттық тәрбиеге жетелейтін, құмар мойындарынан бойларын алыс ұстауға насихаттайтын фильмдер көрсетілді. Бұл жобаның басты мақсаты отандық көркем кинотуындыларды дәріптеу және әскер қатарынан қашып жүрген жастарға үлгі көрсету, Отанды қорғау деген абыройлы істен қашпаңдар деген ұстанымды насихаттау.
Мемлекет тарапынан жастар саясатына қолдау қарқынды жүріп келеді. Бірақ соны ауылдық жерлерде түсіндіру жұмыстары кемшін болып тұр. Осы бағытта «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың мазмұны түсіндірілді. «NEET» санатындағы және жұмыссыз жастарға «Бизнес бастау», «Zhaspoject», «Жастар практикасы», «Ақылы қоғам», «Қайта даярлау курстары», «Жасыл Ел» атты жастар бағытындағы қолдауға толы мемлекеттік бағдарламалар туралы толық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Әрине айтуға оңай, дей тұрғанмен жастардың ынтасын жақсылық пен ізгілікті іске аудару үшін әлі де атқарылар шаруалар шаш етектен. Біз жастарға сенеміз. Еліміздің болашағы, мемлекетіміздің өркендеуі біздің қолымызда. Оған тек білім мен тынымсыз еңбекпен жете аламыз.
Жәнібек АЙҒОЖАЕВ,
аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі