Түркия президенті Реджеп Тайып Эрдоған түрік тілінің тазалығын сақтауға шақырды, деп хабарлайды «Анадолу» агенттігі. Түркия президенті Анкарада өткен 8-ші Халықаралық түрік тілі съезіне қатысып, түрік тілінің әлемдегі ең бай тілдердің бірі екендігін және түрік халқының ұлттық бірегейлігінің негізін құрайтындығын атап өтті.
«Түрік тілінде негізсіз қолданылатын кірме сөздер көбейіп барады. Мысалы, Түркияның спорт кешендеріне жануарлар жарысын ұйымдастыратын еуропалық орталықтардың атын беру — дұрыс емес және лайықсыз», — деді Эрдоған. Эрдоған мыңдаған жылдар бұрын жасалған түрік тілінің сөздігінде 10 мыңға жуық сөз болғандығын еске салды. «Мұндай тілді «кедей» деу — ақылға сыймайды. Тілдің әлсіреуімен бірге халықтың рухы да әлсірейтінін ұмытпау керек. Сондықтан тілді қорғау қажет. Түрік тілінің байлығы мен сақталуы өте маңызды», — деді ол.