Басты бет Көкжиек Қашықтықтан оқытуға қаншалықты дәрмендіміз?

Қашықтықтан оқытуға қаншалықты дәрмендіміз?

0
12,085

Жер-жаһанды бір мезетте өз құрсауына алған коронавирус әдеттегі қалыптасқан тіршілікті де әп-сәтте басқа арнаға бұрып жіберді. Қаһарлансам он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызам деген Алланың құдіретіне бас имеске шара қалмағандай. Үйден шықпаймыз. Бұл – бүгіннің басты қағидасы. Білім беру саласында да карантинге байланысты көптеген шаралар жүзеге асырылды. Солардың бірі – білім алушыларды қашықтықтан оқыту, яғни үйден шықпай сабақ оқу. Қалалық жердегі оқушылардың жағдайын ауылмен салыстыруға әсте келмес. Тіпті біздің аудан орталығындағыларды шалғай ауылдармен де салыстыра алмайсыз. Өйткені интернет желісі мүлдем жоқ ауылдар да бар. 


        Осы орайда, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің білім саласының қашықтықтан оқыту форматына көшуі кезінде туындаған көптеген сұрақтардың ең күрделісі – ауыл мектептеріне, шалғай ауылдарда оқитын балаларға қашықтықтан білім беру екендігін өзі де мойындады. Министрдің айтуынша, «Қашықтықтан оқытуда проблемалар аз емес. Мәселені шешу үшін қазір төрт бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірінші бағыт – теледидар арқылы тиісті сабақтар беру. Республикалық екі телеарна келісімін беріп, тиісті жұмысты бастап кеттік. Балақайлардың жақсы көретін «Балапан» және «ЕЛ АРНА» телеарнасы арқылы тиісті график бойынша күнде сабақ беріп отыр. Күніне 8 сағат сабақ өтеді. «Екінші үлкен бағыт – радио. Теледидар сигналы жетпейтін елді мекендерде «Қазақ радиосы» бар екенін жақсы білеміз. Ол – бұрыннан келе жатқан қарашаңырақ. Осы радиостанциямен келісімге келдік. «Қазақ радиосы» толқынында да күнделікті сабақ жүргізілетін болады. Үшінші бағыт – пошта арқылы. Төртінші бағыт – интернет желісі арқылы жүргізілетін жұмыстар», – деп тізбелеп, олардың жұмыс істеу кестесін де анықтап берді. Ең бастысы — ұстаздарымыздың осы платформаларда жұмыс істей білуі. Цифрлық ресурстарды тиімді қолдана білу де – үлкен мәселе. Мұнда интернеттің, компьютерлердің жетіспеушілігі, техникалық мүмкіндігі болғанымен, интернетке қосылу мәселелері сияқты сұрақтар көптеп туындады. Білім министрі шалғайда орналасқан елді мекендердегі мектептерде сабақ беру мәселесіне де тоқталды. «Оларда бала саны өте аз. 15-50 бала оқитын мектептер бар. Республика бойынша осындай мектептер тізімін жасадық. Ол мектептерде карантиндік шара болмаса, ары қарай дәстүрлі түрде оқуын жалғастыра беруге мүмкіндік бар. Олай болғанда да, бір ауысымда оқитын балалар екі ауысымға бөлініп оқитын болды. Сабақтың ұзақтығын 30 минутқа дейін қысқарттық. Басқа да санитарлық іс-шараларды қолданып, жұмысты жалғастыра береміз», – деді.
Бізде де бала саны аз мектептер баршылық. Бірақ облыс әкімі Амандық Баталовтың бұйрығымен мектептерге балалар бармайтын болыпты. Өйткені сақтықта қорлық жоқ демекші, адам денсаулығы басты назарда. Білім министрінің қабылдаған шараларын басшылыққа алып, аудандағы интернет жүйесі жоқ, бала саны аз деген мектептерге хабарластық. Солардың бүгінгі жай-күйімен таныстырайық.
Үлкен Диқан орта мектебінің директоры Гүлшат Оңласыновамен арада болған әңгімеден ұққанымыз, мұғалімдер толықтай дерлік өз жұмыстарымен айналысуда. 183 оқушы                      «Балапан» бағдарламасы арқылы оқыса, 136 бала WhatsApp арқылы кері байланыс жасаумен, 47 оқушы волонтерлердің көмегімен білім алып жатыр екен. Волонтерлердің құрамында педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, мектептің хатшысы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бар көрінеді. Оларды балалар санына қарай бөліп, арнайы уақытша оқу кестесін жасап, аптаның екі күнінде үйді-үйлеріне баратындай етіпті. Директордың айтуынша, мынандай әлемдік қиын кезеңде қашықтықтан оқыту шығар жолдың бірі екені рас, дегенмен мұғалімдердің оқушылармен бетпе-бет сабақ өткеніндей болмайтындығын өкінішпен түсіндірді. Солай бола тұрса да қашықтықтан оқытудың әдістерін, жаңаша форматты қабылдағандықтарын да жасырмады. Бастауыш сынып оқушыларына ата-аналары көмектесіп, слайдтар дайындау арқылы байланысқа шығып жатса, жоғары сынып оқушылары кері байланыс жасау арқылы сабақтарын оқып, білімдерін жетілдіріп жүр. 11 оқушы Ұлттық Бірыңғай Тестке дайындалып, әр пән бойынша қосымша дәріс алады екен. «Алтын белгіге» үміткер 1 оқушы тестілеу орталығы арқылы дайындыққа кірісіпті. «Біз біргеміз» деген ұранмен ата-аналармен байланыстары күшейе түскендігін жақсылыққа балады. Аты жаман аурудан аман шығып, мектептерінің есіктері ашылатын күннің алыс еместігіне сенім білдірді.
Дәл осындай жағдайдағы Жаңасай негізгі мектебінің директоры Қарлығаш Диқанбаймен тілдестік. Жалпы мектепте мектепалды дайындық бөлімін қосқанда 42 оқушы бар екен. 1 сынып пен 9 сынып аралығындағылар саны – 37. «Балапан», «Қазақстан» телеарналары арқылы сабақтарын оқып, 9 адам волонтерлікпен айналысып, дүйсенбі, жұма күндері әр оқушыға тапсырмаларды үйлеріне апарып, жұма күні қайтадан жинап, мұғалімдерге жеткізеді екен. WhatsApp, интернет жүйесі жоқ болғандықтан үй телефондары арқылы мұғалімдермен тікелей байланысқа шығып, оқудың жаңаша үлгісін қалыптастырып алыпты. Дүйсенбі күнгі тапсырмалардағы қателіктерін, ескертпелерін жұма күні түзетіп, түсінбеген жерлерін әр пәннің мұғалімдері телефон арқылы қайта түсіндіріп, оқушылар сабақтарын толықтай меңгеріп жатқандығын айтты. Бала саны аз болғандықтан мүмкін сабақ өту де жеңілірек болар. Не десек те Жаңасай негізгі мектебінің мұғалімдері оқушылармен тығыз байланыста сабақтарын өткізіп жатқандарын естіп, қуаныстық.
Н.Исахметов атындағы орта мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Маржангүл Қонаеваның айтуынша, бүгінде қашықтықпен 88 оқушы білім алып жатыр екен. Интернет, WhatsApp дегендер мүлдем болмағандықтан оларға 12 волонтер көмектесіп, әр үйге тапсырмаларын апарып, кері байланыс жасап, орындағандарын қайта әкеліп, мүмкіндіктерінше оқушылардың сабақтан қалып қалмауларын қадағалап отырғандығын жеткізді. Мұнда ең күрделісі ҰБТ-ға қатысатын балалардың оқуы екендігі даусыз. Жыл басында ұлттық тестке қатысам деген 8 бала өздері үшін ноутбук, планшет сатып алған, қазір сол арқылы тестілеу орталығынан тапсырмалар алып, өз білімдерін сынауда.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты ең үлкен өзгеріс білім саласында болып жатыр. Қашықтықтан оқытуға дайын болмасақ та оның кедергілерін сатылап бағындырып, үйден оқытудың да әдістерін үйрене бастадық. Басында өте тосын, жат болып көрінген дүниелерімізді біртіндеп түсініп, ата-аналар балаларының оқу процесіне де араласатын жағдайға жетті. Әр нәрсенің бір қайыры болады демекші, карантин кезіндегі білім алуда ата-аналар балаларына жақындай түсті десек өтірік болмайды. Біз бүгін қиындық туған кезеңдегі шалғай ауыл балаларының білім алу үрдісінен хабардар болдық. Шүкір делік, жаман емес. Әркім өз шама-шарқыларынша бұл қиындықтан да шығу жолдарын қарастырып, Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын мұқият орындауда. Бұл өмірде бәрі өткінші болғандықтан, бұл күндердің де өте шығатынына кәміл сенеміз. Бастысы – адамдардың саулығы. Біз бірлесе отырып барлық кедергілерді жеңеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…