Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деген болатын. Қазіргі таңда бұл мәселе жұртшылық арасында қызу талқылануда. Күні кеше Елбасы Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, жаңа нұсқамен танысқан болатын. Осы кездесуде Президент қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты.
Осы тұста «Рухани жағыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс шаралар жоспарына сәйкес құрылған латын әліпбиіне көшу жөніндегі Алматы облысы бойынша жұмыс тобы ақпараттық түсіндіру жұмысын бастады. Топ мүшелері түсіндірме жұмысын құлагер ақын Ілистың ауылынан бастауды жөн санады. Аудандық Мәдениет үйінде өңір халқымен жүздесу өтті.
Мәдениет үйінде өткен жиынның шымылдығын аудан әкімі Әділбек Далбағаев ашты. Өз кезегінде ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөнінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті, латын әліпбиіне қатысты ой өрімдерін де ортаға салды.
Латын әліпбиіне халыққа түсіндірудегі жиында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев сөз алып, өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. «Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы» дейді А. Карбозұлы.
Мәдениет үйінде өткен жиында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлектетік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Мұратбек Иманғазинов та сөз алды. Өз кезегінде ол латын әліпбиіне көшуге қатысты пікірін білдірді.
«Латын әліпбиіне көшу керек. Себебі, біздің келешегіміз осыған байланысты болып келеді. Латын әліпбиіне өту әлемдік иновацияларды жедел игеруге, келешегімізге нық басып, технология мен коммуникацияны меңгеруде мүмкіндік беретін құрал. Латын әліпбиіне ауысу келешек ұрпақ үшін, саясатымыз үшін маңызы бар өзгеріс. Ендеше рухани жаңғырумыздың темірқазығы болып отырған латын қарпін халық болып қолдауымыз қажет», — дейді М.Иманғазинов.
Сондай-ақ жиын барысында латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, атап айтсақ, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, облыстық ҚХА өкілі, ақын Ақсұңқар Ақынбаба да латын қарпіне көшуге қатысты тұщымды ойларын айтты.
Келелі жиында өңір халқы облыстан арнайы келген топ мүшелеріне өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, латын әліпбиіне көшу жайында нақты мәліметтер алды.
Жиын соңы аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
***
Латын әліпбиіне көшу жөніндегі Алматы облысы бойынша жұмыс тобының мүшелері «Нұр Отан» партиясы Ақсу аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық мәдениет пен білім саласының қызметкерлері, аудан жастарымен дөңгелек үстел өткізді.
Латын әліпбиіне көшуге қатысты жиынжайды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы ашты.
-Бәріңізге белгілі, қандай мемлекет, ұлт болсын өзінің даму тарихында түлеп, түрленіп, жаңғырып отырмаса, онда қоғам дамуының үдерісіне ілесе алмай қалады. Бұл адамзат өркениетінің барысында дәлелденген. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап ел дамуының ұлы жоспарларын жасап, даму даңғылын жетілдіріп отырды. «Қазақстан — 2030» «Қазақстан -2050» Стратегиялық жоспарлары соның айғағы. Ендігі кезекте Елбасы рухани әлемді жаңғырту арқылы қазақстандықтардың нағыз елжанды бейнесі мен болашаққа деген батыл қадамын орнықтыруды қолға алды.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Мақсатқа анық жету үшін біздің ісімізден санамыз алда жүруі керек» деп атап өтті. Ендеше рухани жаңғыру сынды ұлы бастаманың басты жаңалығы латын әліпбиіне көшу арқылы сананы жаңғырту. Демек қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру алдағы міндеттердің бірегейі деп білуіміз қажет» дей келе басқарма басшысы әліпби ауыстыру бізге жат еместігін, жаңа әліпбиіге көшу әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі болатынын да тілге тиек етті.
Мұнан кейін сөз алған облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас латын әліпбиіне көшудің тиімді тұстарын айтып, көпшілік қойған сауалдарға тұщымды жауап қайрырды.
Осы күні топ мүшелері аудан орталығындағы Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында, ауданға қарасты Ойтоған, Қапал, Қызылағаш елді мекендерінде де болды. Жұртшылықпен жүздесуде ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері қазақ тілінің латын әліпбиіне көшудегі маңызы мен рөлі туралы, сонымен қатар жаңа әліпбиге көшуде жүзеге асатын принциптерді де тізбектеп, жаңа әліпбиді өзгерту Мәңгілік елдің мәңгілік тілі үшін қажет екендігін айты.