Соңғы жылдары алаяқтық қылмыстарының саны артқаны туралы ресми мәліметтер жиі жарияланып жүр. Бірақ бұл мәселенің ауқымы тек статистикамен өлшенбейді. Қоғамда алаяқтықтың күнделікті өмірге жақындап, үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқаны байқалады.
Бұрын мұндай жағдайлар сирек тіркеліп, жеке оқиға ретінде қабылданатын. Қазір алдану фактісі көпшіліктің басынан өтетін тәуекелге айналды. Бұл – құбылыстың сипаты өзгергенінің айқын белгісі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев интернет алаяқтықтың көбеюіне байланысты бұған бірнеше рет тоқталып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Мемлекет басшысы алаяқтықтың жаңа тәсілдері азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырғанын атап өтті. Бұл – мәселенің жекелеген құқықбұзушылық деңгейінен асып, жүйелі проблемаға айналғанын көрсетеді.
Алаяқтықтың қазіргі түрі бұрынғыдан едәуір өзгеше. Егер бұрын қылмыс көбіне тікелей байланыс арқылы жасалса, бүгінде цифрлық кеңістікке көшті. Қылмыскер жәбірленушімен бетпе-бет кездеспейді, бірақ оның қаржылық шешіміне ықпал ете алады.
Қазіргі уақытта кең таралған тәсілдер: өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, жалған қоңыраулар арқылы қорқыту немесе сендіру, онлайн несие рәсімдеу, жалған инвестициялық жобалар ұсыну. Мұнда тәсілдердің барлығы қысқа уақыт ішінде шешім қабылдатуға бағытталған.
Сарапшылар алаяқтықтың негізгі тетігі ретінде психологиялық ықпалды атап көрсетсе, психологтар алаяқтар көбіне үш факторды пайдаланатынын айтады. Нақты айтсақ: қорқыныш, сенім және асығыстық. Адам қорқынышқа немесе күтпеген жағдайға тап болғанда, ақпаратты толық талдамай, тез шешім қабылдауға бейім келеді. Ал сенім факторы – ресми тұлға бейнесін қалыптастыру арқылы күшейтіледі. Нәтижесінде адам өзі қабылдаған шешімнің салдарын бірден бағалай алмайды.
Мамандар пікірінше, алаяқтықтың кең таралуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, цифрландыру. Онлайн қызметтердің дамуы көптеген процесті жеңілдетті, бірақ сонымен бірге жаңа қауіптерді де әкелді. Екіншіден, ақпараттық сауаттылық деңгейінің әркелкілігі. Барлық азамат цифрлық қауіпсіздік талаптарын бірдей деңгейде меңгермеген. Үшіншіден, әлеуметтік жағдай. Жылдам табысқа ұмтылу, қаржылық қысым адамдарды тәуекелге итермелейді. Бұл факторлар алаяқтық үшін қолайлы орта қалыптастырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, алаяқтықпен күрес тек қылмысты анықтау мен жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет.
Алаяқтық – цифрлық қоғамның жаңа қатерлерінің бірі. Бұл құбылыспен күресу үшін тек құқықтық шаралар жеткіліксіз. Мұнда білім мен жауапкершілікке негізделген көзқарас қажет. Өйткені қазіргі алаяқтық күш қолдануға емес, ақпарат пен сенімге сүйенеді. Бұл туралы Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
С. БАЗАРҚҰЛОВА
