Алматы облысының Шамалған ауылына меценаттар 17 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрғын үй кілттерін табыстады. Бұл туралы Zakon.kz корреспонденті хабарлайды. Жаңа үйлерді «Туған жер» бағдарламасы аясында, көмек көрсету мақсатында меценаттар өз қаражатына үйлер тұрғызып берді. Шамалған ауылына осы 17 үйді салу үшін 124,5 млн.теңге жұмсалды. Сонымен қатар, 35 млн. инженерлік коммуникацияларға кетті. «Осы әдемі үйлерді тұрғызып берген «BN INVEST» холдингінің басшысы Болат Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Сонымен қоса, басқа да бізге көмектескен жандарға үлкен рахмет айтамын», — деді жаңа үй иесі Рахым Сағындықов. Үй құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айынан басталып бүгінгі күнге дейін жүргізіп келді. Айта кетейік, барлық үйлерге су,газ және электр қуаты қосылған. Әр үйдің ауданы 120 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, меценаттар өз есебінен жақын жердегі 75 үйге ауыз суын қосып берді.