Басты бет Мәдениет және руханият ЖАЗИРА БАҚАЕВАНЫҢ ӨЛЕҢІН ТАЛДАУ

ЖАЗИРА БАҚАЕВАНЫҢ ӨЛЕҢІН ТАЛДАУ

0
100

Болат Бопайұлының ақын қызымыз Жазира Бақаеваның бір өлеңін талдаған жазбасы көзіме түсті. Этнограф, ұстаз, жазушы ағамыздың Жазираның өлеңіне деген құрметі деп қабылдадым. Дегенмен сөз қадірін, қазақ тілінің құрылымын тереңінен зерттеп жүрген жанның мына зерттеуі елең еткізгенін де жасыра алмаймын. Болат Бопайұлы жоғары білімді Іле педагогикалық университетінде алып, қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тамамдап, Шынжаң өлкесіндегі оқу-ағарту ісіне атсалысқан ұстаз. Алғашқы шығармалары сол жақта жарық көрді. Атамекенге оралған соң этнография саласымен түбегейлі айналысты. Оның соңында қазақ этнографиясына байланысты «Қазақ мінезі», «Қазақ кәдесі», «Қазақы түс жору», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақтың гүл мәдениеті», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ аспан есебі» сияқты оннан астам кітаптардың авторы.  1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің қазақ әдебиеті мен теориясы кафедрасында аспирантураны тамамдаған.
Болат Бопайұлы – Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып академиясының академигі. Ол «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталып, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы атанған. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне шектеусіз үлес қосып жүрген азамат берері мол тұсында бақи дүниеге аттанды. Оның шығармашылығы мен ғылыми еңбектері қазақ мәдениеті мен дәстүрін зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосты деп есептейміз. Сол кісінің Жазира қызымыздың өлеңіне жасаған талдауын оқырманмен бөліскенді жөн көрдік. Өлеңнің жалпы мәтінін оқыңыздар.
Үзілмей жеткен шақта шіліңгірден,

Өмір ғой өкіндірген, сүріндірген.

Түріліп кететіндей түнім бірден,

Үмітімді үркерге іліндіргем…

 

Қара аспан тұрған сәтте қасын керіп,

Айға да ақтарылғам жақын көріп.

Сенімім сергелдеңге түсірмесе,

Менің де сертім ақық, дәтім берік!

 

Дүние дейтін мына дүбірдегі,

Бір жарық мені өзіне сіңірмеді.

Төзімім түгесуге қалған сәтте,

Тылсымға еніп кеттім іңірдегі…

 

Ал, уақыт бәрін қайта безбендеуде,

Кәнігі сарапшылар сөзді емдеуде.

Менің еш пенделермен қатысым жоқ,

Жаңа өмір бастап кеттім өз кеудемде.

 

 

Енді зерттеушінің сөзіне кезек берейік. Жазира Бакаеваның өлеңдері терең лирикалық толғаныспен өрілген. Әр шумақ жеке-жеке мағына жүктеп, ақынның ішкі әлеміндегі сезімдері мен ойларын бейнелейді. Өлеңді талдап көрейік:

Бірінші шумақ

Үзілмей жеткен шақта шіліңгірден,

Өмір ғой өкіндірген, сүріндірген.

Түріліп кететіндей түнім бірден,

Үмітімді үркерге іліндіргем…

Өлеңнің бұл шумағы өмірдің қиындықтары мен үмітке сүйену туралы сыр шертеді. Ақын шіліңгірден (қызып тұрған жаз немесе ауыр кезеңнен) өткен кезді суреттеп, өмірдің сүріндіріп, өкіндіргенін айтады. “Түнім бірден түріліп кетердей” деген жолдар күрделі кезеңдердің аяқталуына деген үмітті білдіреді. Ал “Үмітімді үркерге іліндіргем” деген бейнелі сөз тіркесі адамның болашаққа деген сенімі мен арманын көрсетеді. Үркер – алыстағы жұлдыздар шоғыры ретінде мақсаттың биіктігін символдайды.

Екінші шумақ

Қара аспан тұрған сәтте қасын керіп,

Айға да ақтарылғам жақын көріп.

Сенімім сергелдеңге түсірмесе,

Менің де сертім ақық, дәтім берік!

Бұл шумақтағы қара аспан – көңілдің тұманды, үмітсіз күйін бейнелейді. Ақын ауыртпалық кезінде де ішкі сезімін айға айтып, жақын серігінен сырласу сияқты жандық тылсымды көрсетеді. “Сертім ақық, дәтім берік” деген жолдарда ақынның мызғымас рухы, сенімін жоғалтпағаны көрінеді. Мұндағы “ақық” – тазалық пен адалдықты, ал “дәт” беріктікті білдіреді.

Үшінші шумақ

Дүние дейтін мына дүбірдегі,

Бір жарық мені өзіне сіңірмеді.

Төзімім түгесуге қалған сәтте,

Тылсымға еніп кеттім іңірдегі…

Бұл шумақта “дүние дүбірі” өмірдің қарбалас тіршілігін, ал “жарық” адамның өзін өмірдің маңызды бір бөлігі ретінде сезінуін суреттейді. Ақын бұл “жарықтың” өзіне тиесілі болмағанын, қиындыққа ұшыраған сәтте іңір (қараңғылық, белгісіздік) арқылы тылсыммен үндескенін айтады. Бұл – ішкі жан дүниеге үңілу мен тыныштықты табу әрекеті.

Төртінші шумақ

Ал, уақыт бәрін қайта безбендеуде,

Кәнігі сарапшылар сөзді емдеуде.

Менің еш пенделермен қатысым жоқ,

Жаңа өмір бастап кеттім өз кеудемде.

Бұл шумақта ақын уақыттың әділ таразы екенін, өмірдің барлық сәттері қайта бағаланатынын меңзейді. “Сарапшылар сөзді емдеуде” дегені – адамдардың ақиқатқа жету жолындағы әрекетін білдіреді. Ақын өзге пенделермен байланысын үзіп, өзіндік жаңа өмір жолын бастағанын айқын көрсетеді. Бұл – ішкі еркіндікке жету, жаңғыру, рухани тазару жолын суреттейді.

Өлең – адам жанының терең күйзелісінен шыққан, бірақ үміт пен рухани тазару арқылы жеңіске жетудің көрінісі. Жазира Бакаеваның сөздері философиялық тереңдікке ие, ал тілдік қолданыстары әсерлі әрі бейнелі. Әр шумақтағы образдар арқылы оқырманды ақынның жан әлеміне жетелейді, оның рухани қайта түлеуінің куәгері етеді, депті этнограф Болат Бопайұлы.

Жазира Бақаеваның ақындығын өз басым мойындап қойғам. Оның әр сөзі терең мағынаға ие. Жан күйзелісін де, жүрек қуанышын да әдемі әспеттеп, санаға сіңіре салатын қасиеті бар. Ақындық Алладан келетін аманат деп жатамыз. Жазираның да сол аманатқа қиянат жасамай, өзіндік биігінде жырлап жүргеніне ризамыз. Ақындықты жүрек сырымен, жүрек сөзімен сезінетін қыздың әлі талай тамаша өлеңдерін оқимыз деген сенім бар. Ауызы дуалы адамдардың өлеңіңе деген сый-құрметі кемімесін, ақын қыз, дегіміз келеді.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ОТ КОКПАРИСТА ДО БОЛЬШОГО АРТИСТА

Елжан Турыс – яркий представитель Казахского национального театра драмы им. М. Ауэзова, чь…