Басты бет Мәдениет және руханият БІЗДІҢ АУЫЛ КЕТПЕННІҢ ЕТЕГІНДЕ…

БІЗДІҢ АУЫЛ КЕТПЕННІҢ ЕТЕГІНДЕ…

0
194

       Кетпен ауылының жұртшылығы керемет кештің куәсі болды. Алматы облысы әкімінің қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын мәдениет күндерінің байқауы Сәдіғожа Мошанұлы атындағы мәдениет үйінде өтті. Өнер десе ішкен астарын тастайтын халықтың ұрпағымыз ғой. Мәдениет күнін тойлауға тұрғындар көптеп жиналды.

Бұл байқаудың мақсаты – аудан, қала мәдениетін жандандыру, байқау арқылы өңірдің тарихы мен дәстүрін дәріптеу, халықтың рухани бірлігін күшейту, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу. Шараның басы ұлттық ойындар алаңында ұйымдастырылған ат спортын тамашалаудан басталды. Күн де жарқырап мерекеге көрік қоса түсті. Аттың жалында өскен қазақпыз. Жастардың ат спортына деген қызығушылықтарына қуандық. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, қыз қуу, аңға бүркіт салу сияқты ұлттық ойындардың тамаша үлгісі көрсетілді. Табиғаты таңғажайып Кетпеннің кең төсіндегі аттың шабысы, адамдардың оған қиқу қосуы жаймашуақ, бейбіт өмірдің жаршысындай жиналғандардың көңілін аспандатып-ақ тастады.

«Еңбек – айшықты  өрнек» атты  ауылдан  шыққан   тұлғалардың көрмесінде небір марқасқалардың, аттары алты алашқа тараған ақын-жазушылардың портреттері мен кітаптары менмұндалап тұрды.

 «Мәдениеті елімнің – бабамнан қалған  аманат» атты  ұмыт болған салт-дәстүрді көрсету бағдарламаның негізгі тармақтарының бірі еді. Кетпендіктер Кеусен дәстүрін көрсетті. Қазақ халқы кез келген шаруаның басталып-аяқталуын ескерусіз қалдырмаған. Кеусен – егіннен мол өнім алған ауыл шаруалары еңбеккерлерінің елдегі ағайынға өзінен артылғанын бөліп беру мырзалығы, егінді серік еткен диқан қауымының дәстүрлі салты. Бұл дәстүрдің астарында қазаққа тән бауырмалдылық, кеңдік, мәрттік және қайырымды іске жаны құмар халықтың өзіне ғана тән болмысы жатыр. Кеусен – қазақ егіншілерінің күзде егін жиғанда, қырманға егін бастырғанда, басқа да дақылдардан өнім алғанда ет жақын туыстарын, көрші-қолаң, ауылдастарын егін орып жинасуға, қырман басысуға, картоп, сәбіз, пияз қазысып жинасуға көмекке шақыруы. Осының бәрі кино лентасындай көрерменге тарту етілді. Даладағы жер ошаққа бауырсақ пісіріліп, дала дастарқаны көрсетілді. Егін иесі жұмыс істеген адамдарды құр қол қайтармайтынын да жиналған қауымға танымдық дүние ретінде ұсынылды. Өте ғажайып көрсетілім болды.

«Ауылдың көне дәмі»  атты шеберлік  сағаты да керемет өтті. Ұйғырдың ыстық тандыр наны сол жерде пісіріліп, келген қонақтар ауыз тиіп, мәре-сәре күйге бөленді. Ұйғыр мен қазақтың достығын, татулығын, бірлігін паш еткен көрініс деп баға беруге болады.

      «Өнерін ел таныған  жұмақ өлке»   атты   қазақ тарихы мен ұлттық дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды ұштастырылған  көрмеде не жоқ дейсіз. Тұрмысқа қажетті заттардың бәрін табуға болады. Ши тоқылып, киіз басылып, жүн түтіліп, түскиіздің ою-өрнегі салынды. Қолдары шебер жандар әр ауылдан шығатынына тағы бір рет көз жеткіздік. Алыстан ат арылтып келген қонақтар, әділқазылар алқасының мүшелері таңдай қағысты.Одан кейінгі дүние тіпті тамаша деуге болады.

Қарадала – қара өлеңнің тамыры,

Қара бұлттың арасында жамығы.

Желмен бірге күбірлейді жусаны,

Жүрегімнің соққанындай жаңғыры!

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік ерекше қолтаңбасы бар ақын, драматург, Қарадала өңірінің қарымды қаламгері Бақыт Беделханұлының «Сарыбидай» драмасынан үзінді сахналанды. Сағыныш па, махаббат па, әйтеуір керемет бір сезімге толы дүние жиналғандардың жүрек қылдарын дір еткізіп, мұңға шөктірді. Бұл қойылымды аталмыш мәдениет үйі жанынан құрылған «Керуен» театры көрерменге жеткізді. Сәтті шықты.

Қосылып сала-сала түрлі жақтан,

Қуысын тауларымның үңгіп аққан.

Өзенім, Кепебұлақ бердім сәлем,

Толқыныңа тереңнен сүңгіп шыққан.

Анау ма ирелең жол – Кетпен асу?

Секілді гүлдер жерге төккен шашу.

Жасымнан тауда туып өскеннен бе,

Маған қызық қиялмен көкте адасу! – деген Нүсіпбек Исахметовтың жыр жолдарымен байқаудың шымылдығы ашылды. Кетпен тауының етегінде орналасқан іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған  қасиетті Қарадала төріндегі, құтты мекен Кетпен ауылының Сәдіғожа Мошанұлы атындағы мәдениет үйіне көрермен лық толды. Шараның тізгінін қолына алғандар амандық-саулықтан соң арнайы келген қонақтармен таныстырды. Олар ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ғұмаров Төлеужан Нүсіпжанұлы, мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілер Одағының, ҚР Дизайнерлер Одағының, ҚР Қолөнершілер Одағының мүшесі, «Ұста Дәркембай» атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмейстері Абдиева Ғазиза Мәкешқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар, домбырашы, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, «Хазар» тобының солисі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы директорының орынбасары Нұғманов Алмас Самалбекұлы. Өнер мен мәдениетке еңбектері сіңген, халық шығармашылығын дамытуға өздерінің үлестерін қосып жүрген атақтары дардай адамдардың Кетпен ауылына келуін жақсы ырымға баладық. Олар біздің өнерпаздардың өнеріне баға беретін болады.

Алғашқы құттықтау сөз аудандық мәслихаттың төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Нұрәкім Есжанға берілді. Ол ауылым – алтын бесігім байқауына келген барша жұртқа құтты болсын айтты. Нағыз тұлға, нағыз дарын ауылдан шығады. Кетпен ауылы да ғалымдар мен оқымыстылар, жазушылар мен суретшілер, ақындар мен әртістерді дүниеге әкелген қасиетті мекен. Ауылдың берекесі бірден байқалып тұрғандығын тіліне тиек етіп, ауданның мәдениет күндеріне төрелік етуге келген жандарға сәттілік тілеп, ауданымыздың биік тұғырдан көрінетініне сенім білдірді.

Сонан соң сөз алған Алматы облысының халық шығармашылығы орталығының директоры Әнуар Үмбетәлиев байқаудың басы керемет көріністермен ашылғандығын айтып, бағдарламаға сай мол дүние қамтылғандығын ескеріп, мынандай көрініспен жүлдесіз қалмассыздар деген ізгі тілегін жеткізді.

Әрі қарай концерттік бағдарламаға кезек берілді.

«Сарыбидай» сағыныш әні ме екен,

Көрмеген көп ойлардың жүзі де өткен.

Осы әнді естігенде гүл шоғын ап,

Алдымнан шық қалқатай күлімдеп сен, – деп жырлаған Сәдіғожаның әнін Нүсіпбек Исахметов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қаламгер Асрандин орындады. Өнерге дым қатысы жоқ мамандық иесінің орындауындағы ән көрермен жүрегінен жол тапты. Ауылдың «Күншуақ» әжелер ансамблінің орындауындағы «Той базар» әні жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, көнеден келе жатқан әндерді кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген әжелердің өнерін көпшілік ду қол шапалақтарымен қарсы алды. Ән айтылды, би биленді, күй шертілді. Жиналған қауым ризашылықтарын білдірді.

Қорытынды сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров өзінің шынайы ризашылығын жеткізді. Шығармашылық жағынан үлкен дүние жүзеге асқандығын айтты. Басқа аудандардың да дайындығын көреміз, салыстырамыз, жеңіске лайықты жұмыс атқарыпсыздар, сәттілік жар болсын деген ақжарма тілегін ақтарды.

Байқаудың өзінің шарттары мен бағдарламасы болады. Бұл жолы да сол бағыттан таймай, ұлттық құндылықтар шеңберін кеңейте түсіп, салт-дәстүр мен ұлттық тағамдардың ұмытыла бастаған түрлерін ұсынып, бір сәт тарих қойнауына сүңгітіп жіберген шараның жалпы ұйымдастырылуына риза болғанымызды жасыра алмаймыз. Әрине оның биік деңгейде өтуіне атсалысқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ешмұханбетқызының тікелей атсалысуы десек артық айқандық бола қоймас.

Ел іші – өнер кеніші деген рас. Қолөнер бұйымдарын жасап жүрген шеберлер, ұлттық тағамның түр-түрін ешқандай оқулықсыз-ақ игерген аналар, көнеден келе жатқан күй өнерінің шыңырау шыңына шыққан жігіттердің өнері, мың бұралған бишілердің таланты, ұлттық ойындардың қалпын бұзбай жеткізген жастардың шығармашылығы таңдай қақтырды. Айтуға оңай болғанымен осының бәрі үлкен еңбекпен, маңдай тердің төгілуімен бітетін шаруа. Ауылым – алтын бесігім деген тәмсілдің шын мәнінде алтын қазына екендігін дәлелдеген өнер байқауы болды. Ауданның мәдениет саласында жүрген қыз-жігіттердің еңбектері жанып, жүлделі олса екен деген тілеумен қайттық ауылдан.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚҚУ БОЛЫП ӨРІЛГЕН – КҮЙ ТӨРЕСІ

          Аудандық мәдениет үйінде атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылды…