Жылына бір рет берілетін Жолдаудан жаңалық, жақсылық күтетін әдетіміз бар. Арғы дүниемізден қарапайым халыққа жағымды нәрселер күтетініміз тағы рас. Дей тұрғанмен мемлекет басшысының өзінің саясаты, елдің жағдайын қайтсем жақсартам деген ниетін түсінуіміз керек болар. Жолдауда жасанды интеллектінің қарқынды дамуы әлемді өзгертіп жатқаны, сол үшін жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын жылдам енгізу қажет екені айтылды. Сол үшін цифрлық кодекс әзірлеп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет. Жаңа министрлікті премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқарады. Қазақстан үш жылда жаппай цифрланған ел болуға ниеттеніп отыр. Жаһан талабы болған жасанды интеллектіні дамытатын министрлік құрылғаны жөн де шығар. Егер өзіне жүктелген міндеттерді толық дәрежесінде атқара алса.
Тағы бір мәселе – инвестиция тарту. Биыл Президент Жолдауында ең көп айтылған міндет осы болды. Тоқаев дүниежүзінде инвестицияға талас күшейіп келе жатқанын айтып, қазіргі біздегі инвестиция тарту саясатына мардымсыз деген баға берді. Оның айтуынша, шетелдік қаражаттың көбі шикізат саласына құйылып жатыр. Сондықтан шикізат саласына жабысып алмай, өңдеу саласына көбірек қаражат тарту қажеттігін тіліне тиек етті. Тіпті жоғары технологияға салынатын инвестицияға үкімет жеңілдік жасауы керектігін де жасырмады. Инвесторлармен қарым-қатынасты түзеу жайлы да тапсырма болды. Жолдауда елдегі бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ екені айтылды. Яғни инвестиция тартумен айналысатын нақты мекеме жоқ. Президент осы мәселені шешу үшін премьер-министрге он күн уақыт берді. Бектенов осы аралықта нақты ұсыныс дайындауы қажет. Бүгінгі заманның талабы шығар, бәлкім. Әлемдік деңгейдегі елдермен тереземіз тең болуы үшін осындай қадамдар жасалуы тиіс шығар.
2024 жылдың басында Жетіген ауылы Алатау қаласы болып құрылған. Осы жолғы Жолдауда Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болатыны айтылды. Alatau City жобасын жүзеге асыруға Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан компания тікелей атсалысады. Қалаға арнайы мәртебе беріліп, ол үкіметке тікелей бағынады. Сондай-ақ Alatau City елдегі толық цифрланған алғашқы қалаға айналады деген жоспар бар. Тағы бір қала бой көтеріп, оның тұрғындары жұмыспен қамтылып жатса нұр үстіне нұр болмақ.
Кәрібай ҚОЖАҒҰЛ,
ауданның құрметті азаматы, Еңбек ардагері
