Әділеттілік пен адалдық туралы мемлекет басшысының осыдан екі жыл бұрынғы Жолдауында жақсы айтылды. Адалдық, әділдік туралы айтқанда әрине әр адам өз бойындағы қажетсіз, керек емес қасиеттерден арылуға ұмтылуы тиіс. Бірақ қоғамды бірден тап-тұйнақтай етіп тазалау тағы мүмкін емес. Бұл жерде ұлы Абайдың тағылымын қайта қарап, санасына құйып, Абай ілімі арқылы көкірек сәулелерінің нұрлана түсуі үшін жұмыс та, насихат та керек-ақ.
Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Қазір де жаман дәуірде өмір сүріп жатқан жоқпыз. Шүкір, бәрі бар. Дей тұрғанмен жемқорлық деген дертке шектеу қоя алмай жатқанымыз өтірік емес. Оны да бірен-саран қарынның қамын алдыңғы орынға шығарып алған, қолында билігі барлар істеп отыр. Ондай жандарға Абайдың «Толық адам» ілімін жатпай, тұрмай оқыту қажет-ақ. «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайтындығы, әр адамның ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайтындығы. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – дейді Абай. Бұдан артық не айтуға болады? Өзің білмей тұрғанды білгеннен үйрен, сабақ ал деп тұр. Абайдай данышпаны бар қазақ бақытты.
Абай атамыздың 180 жылдық тойы туған жерінде дүрілдеп өтті. Тойдан соң риза болғандар, көңілі толмағандар болуы заңдылық. Ақынның тойында неге бір ақын сөз бастамады, неге бір жазушы шараны жаппады, деген өкпе-наздарды да естіп қалдық. Ондай болмаса той өте ме? Жазылмаған заңдылық. Бастысы атамыздың аруағы риза болатындай он күн бойы Семей жерінде, Абай ауданында, Қарауылда бір күн құры болмай, әртүрлі әдеби-мәдени шаралармен жұртшылық сусындады. Қазіргі заманның ең мықты жазушыларының бірегейі өзім үшін – Тынымбай Нұрмағанбетов. Проза жанрында алдына жан салмай келеді. Сол кісінің Абай туралы жазбасы көзіме түсті. Абайдың аты аталғанда Мұхтар Әуезов бірге аталуы керек дегенді ұқтырғысы келіпті ағам. Абаймен бірге Мұхтардың да тойы деуіміз керек еді деген өзінің жеке ойын білдіріпті. Ұлы Абайдың аты аталған жерде ұлы Мұхтардың, ал ұлы Мұхтардың аты аталған кезде ұлы Абайдың аты аталмай қалуы қисынсыз дегенді айтыпты ағам. Шындығы сол. «Абай жолы» романы арқылы Абайды бүкіл әлем таныды. Оның бар болмысын түсінді. Халықтың салт-дәстүрінен шығады дейді Тынымбай ағам. «Абай жолын» «Путь Абая» деп аударған орыстың көрнекті жазушысы Леонид Соболев пен Мұхтар ағамыздың арасында мынандай әңгіме болған екен Бөжей асының суреттелуіне байланысты.
– Мұхтар Омарханович, сіздің суреттеуіңіз бойынша Бөжей асында кеше ғана бір-бірімен жауласқан, кәдімгідей өзара қақтығыстарға барған екі елдің жігіттері бірігіп, асқа келген меймандарға ас-ауқат салынған табақтарды атпен тасып жүр. Араларында бұрын-соңды ештеңе болмағандай. Сіздің халықта дәстүр осындай ма, әлде халқыңыздың беделін көтеру үшін суреткерлікпен барған әрекетіңіз бе? – дейді. Сонда Мұхтар Әуезов:
– Леонид Сергеевич, халқымыздың осы бір ерекше дәстүрін суреттеген тұста оқырманды толық сендіретіндей етіп бере алдым ба, жоқ па деп те ойланып тұрмын. Бірақ біздің халықта атам заманнан бері өлім үстінде арадағы реніш, өкпе атауы түгел кешілуге тиіс осындай салт бары рас, – дейді. Сонда Леонид Соболев Мұхтар Омарханұлының жүзіне таңданыспен қарап тұрып:
– Мұхтар Омарханович, онда сіздің халыққа демократияның қажеті қанша? – деген екен. Сол ұлылардың екеуара әңгімесіндегі осы бір диалогтың өзінен ұлтымыздың адалдығы, әділеттігі көрініп тұр емес пе? Егер дәл сол кездегі ата-бабаларымыздың ары мен ұяты, адалдығы мен әділдігі әрқайсысымыздың бойымызда болса өміріміз бүгінгіден де жарқын болары риясыз шындық. Салтымыздың өзіне таңданыс білдірген орыс жазушысы ұлтымыздың ұстанымына да риза болғаны анық.
Адалдық жолы – тура жол. Қоғамды құратын – халық, жеке тұлға. Ақиқаты, әділетті қоғам орнату үшін алдымен адам адал болуы керек. Бір адамның адалдығы қоғамға аздық етеді. Бүкіл қоғам әділетті болса, заң үстемдік құрады. Заңның алдында қара да, хан да бірдей. Сондықтан «Әділетті Қазақстанды» «Адал азамат» қана дамыта алады. Уақыт қазір ғарыш жылдамдығы іспетті. Ай айналып, жылға жетер. Өркениет көші тоқтамайды. Озығы алға жылжиды. Тозығы қалады. Елдің, ұлттың дамуы да солай. Ал біздің әлемдегі орнымыз қандай? Ол немен айқындалады? Бұл ең алдымен, ұлттың сапасына байланысты. Сол ұлттың тілі мен салт-дәстүрінің қаншалықты сақталғандығына байланысты. Адам баласына тән адалдық әр азаматтың бойынан, болмысынан, ойынан көрініп тұрса, ұлттың сапасы сонда сезіледі.
Заманауи көштен қалған ұлттың, елдің өндірісі де, экономикасы да дамымайды. Біз көштен қалмай, өз салт-дәстүрімізбен әлемді мойындатуымыз керек. Адалдық арқылы Әділетті Қазақстанды құрамыз. Еліміз үшін таза еңбек етіп, адал тер төгіп, ар, ұят деген қасиеттерді бәрінен биік қойғанда біз бағындырмайтын белес болмайды.
Баян МАМЫРБАЕВА
