Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында «Қаратал» ықшам ауданында шахмат және үстел ойындарынан жасөспірімдер арасында мамандандырылған спорт мектебінің ашылу салтанаты өтті. Оның шымылдығын әйгілі «Тақиялы періште» фильмінің белгілі киноактері Әлімғазы Райымбеков ашты -, деп хабарлайды Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Жалпы біздің облыста математикалық білімді жоғары деңгейде көтеру мақсатында жұмыстар қолға алынып жатыр. Соның бірі осы шахмат және үстел ойындарынан мектептің ашылуы. Ол адамның логикалық ойлау қабілетін дамытады, математика қабілетін арттырады. Сонымен қатар, шахмат ойыны мінез-құлықтың қалыптасуына, ұстамды және ізденімпаз болуына ықпал етеді. Сондай-ақ, балалар ойын ережелерін толық меңгеріп, ойынның стратегиясы мен тактикасын жете түсіну нәтижесінде жарыстарға қатысып, кез-келген ойыншымен ойнай алады. Сөйтіп, шеберліктерін шыңдай түседі», — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының коммуналды мемлекеттік мекемесінің директоры Жаксикельдинов Бахтияр.
Бүгінгі таңда аталмыш мектептің есігі тек жасөспірімдерге ғана емес әлеуметтік жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға айқара ашық. Сонымен қатар, қарттар да бос уақытын тиімді пайдалана алады.Сыйымдылығы 30 адамды қамтитын мектепте шахмат, шашки, тоғызқұмалақ ойындарын үйретіп, өзара жарыстырады.
Айта кету керек, осындай аула клубтары алдағы уақытта басқа да аудандарда ашу жоспарлануда.