Басты бет Әр қилы ШАБЫТ ҚЫРАН

ШАБЫТ ҚЫРАН

0
1,570

Көңілдің құзар шыңынан салып өткір көз,
Құлдилап құлап, көкірегімнен төктім сөз.
Тастардан ытқып түлкідей қашқан түрлі
ойлар
Сытылмасын деп қырандай ұшып жеттім
тез.

Шыңырауда тұрып киесі қыран шабыттың,
Қалт жібермейтін қырағы екенін сан ұқтым.
Қырлардан қашқан шындықты қуып жетсін
деп,
Ырымдап тұрып түнек томағаңды
ағыттым.

Тырнақты қыран тілшінің өткір тіліндей,
Ойлардан ұшқан олжасын алар сүрінбей.
Шабыты келіп, шыңына қонған шағында,
Қадалар көзі қыранның суық түріндей.

Тілшінің шабыт қыраны мойын бұрғанда,
Тұрмаса жемтік айналар бәрі құрбанға!
Әділдік, шындық тасадан қашып құтылмас,
Көз салып шыңнан тілшідей қыран тұрғанда!

Шіркін-ай десеңші… Тілшілер жайында аз ғана ой қозғайын десем, олардың ұшқыр қаламы мен өткір ойлары қыран бүркіттің қайраты мен қырағылығын көз алдыма әкеле берді. Қызу қанды қыранның барлық қасиеті тілшілердің бойынан табылады десем артық айтты демессіздер.
Әр жылы жайдары жаздың маусымында келетін тілшілердің биылғы кәсіби мерекесінде осы бір қиындығы да қызығы да мол мамандықтың қыр-сырына тоқталып, сол салада тер төгіп жүрген мамандарды мерекесімен құттықтауды жөн деп санадым. Өткен жылы Алла сәтін салып маған да дәл осындай мінезді жандармен әріптес болу бақыты бұйырды. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген һакім Абайдың өнегесін ұстанып, жаңағы өз өлеңімде өрнектелген қырандай қырағы шабытты қолыма қондырып, көңілдің құзынан жанымның кеңістігіне көз салып тұрып, талай кеудені толқытқан тақырыптардың томағасын ағытып бақтым.
Мысқылы мен қулығы, әзілі мен әлегі, өтірігі мен шыны, мұңы мен қуанышы шиеленісіп жатқан өмірдің бірталай уақытын тілшінің жанымен ұғып, тілшінің көзімен қарап, құлағымен естіп те көрдім. Проза мен поэзиясы ұштасқан ұшы-қиыры жоқ қазақтың даласындай шексіз де шетсіз өнердің өлкесінде шабыт қыранын олжаға салған тілшіліктің «құсбегісі» бола алдым ба? Нағыз тілшілердей сол қасиетті өлкеден олжалы орала алдым ба білмеймін, дегенмен менің өмірімде үлкен бір рухани серпіліс орын алды, мен осыған қуандым. Анығын айтқанда өмірімде елеулі өзгеріс орын алған орта – аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің ұжымы.
Осы ортада жұмыс жасаған кездерде журналистика саласында жүрген жандардың ішкі дүниесіне тереңнен үңілдім. Әр тақырыпқа қалам сермегенде түрлі маман иесі болып мың құбылуға тура келеді. Дәрігер де, мұғалім де, кәсіпкер де, кенші де, мұнайшы да, әскери болсын мейлі спортшы да барлығы-барлығы журналистің жан-жақты зерттеуінен өтетін, әр салаға кәсіби көзқараспен қарайтын күрделі мамандық дәл осы – журналистика саласы екендігіне нақты көзім жетті.
«Ғалым да, кенші де бас иетін» ұстаздар болса, одан кейінгі күрделі де қиын сала тілшілік деп түсінуіміз керек.
«Ғалым да, кенші боп түрленетін,
Сөйлеп жатып ұйқысын түн бөлетін.
Білімменен, ойменен, ақылменен,
Бір-ақ сәтте бәріне үлгеретін» деп әндетуімізге толықтай негіз бар. Бүгінгі күнде мемлекеттік қызметте жүргеніммен, оның даңғылында сауаттылыққа, сабырлылыққа, төзімділікке және жан-жақтылыққа жетелеп бара жатқан журналистика саласында жинаған азды-көпті рухани азығым деп білем. Қалам мен қағазды дұрыс мақсатта пайдаланып, кеудемнің бұлағын одан әрі аша түскен тілші болған кездеріме бүгінде кәдімгідей ризамын.
Осы бір салада тер төгіп жүрген аудандық “Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің барша ұжымын төл мерекелерімен құттықтаймын! Ауданымыздың айнасына айналған жергілікті газетіміз рухани жаңғыруға қарай қадам жасап бара жатқан еліміздің тек қана жарқын жаңалықтары мен жеңісті күндерінен хабардар етіп, қуанышқа бөлеп жүре берсін! Шабыттың қыраны үнемі қолдарыңыздан түспесін! Өнерде де өмірде де олжалы болыңыздар!


Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқ…