Басты бет Ақпарат ағыны АРҚА ТӨСІНДЕГІ ҒАЖАЙЫП КӨРМЕ

АРҚА ТӨСІНДЕГІ ҒАЖАЙЫП КӨРМЕ

0
4,506

Ел назарын өзіне аударған ЭКСПО – 2017 көрмесінің ашылғанына да 20 күн болды. Есілдің ен бойында, Сарыарқаның төсінде орналасқан айшықты Астанамыз бүгінде алыс-жақыннан келген қонақтарын құшағын айқара ашып күтуде. 20 жыл бұрын Арқа төсіне салынған бас қаланың бүгінгі бейнесі өзімізді ғана емес, өзгенің де көңілінен шығып үлгерді. Әлемдік және дүниежүзілік бастамалардың ордасына айналды. Рухани келісімнің келісті көкжиегі, ұлттар мен ұлыстардың ұлықты ордасы атанды. Ең бастысы қазақ елінің абыройын асырған айшықты ару қала болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанамыз халықаралық көрмені өткізу құрметіне ие болғанда бөркімізді аспанға атқанбыз. Ақсарбас айтып сүйінгенбіз. Белді бекем буып, көрме өткізуге түйінгенбіз. Міне, уақыт зулап, көрме де басталып кетті. Сәті түсіп, Астананың жаңа келбеті мен ЭКСПО көрмесін көзбен көру бұйырды бізге. 


 

 

ЕРКЕ ЕСІЛГЕ ЕЛ ҚОНДЫРҒАН
ЕЛБАСЫМ
Иә, ерке Есіл еркелеп жатыр. Еркін көсіліп, еркеліктің сан қылығын көрсетеді. «Бауырымда Астана, мен еркелемей кім еркелейді?» дейді сылдыр қағып күлімдеп. Қос жағалауы сәулет өнері хас шеберлерінің қолынан шыққан озық туындыларға толы. Бірінен бірі өткен ғажайып ғимараттар осы Есілмен өз көріктерін онан сайын аша түскендей ме, қалай?
Тұ­ғыр­лы монолиттік сом құймалардан тұрғызылған Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архи­тек­ту­ра­лық жоба “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық орталығының ғи­ма­раты, Астанадағы архитектуралық құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген зәулім «Бәйтерек», болат пен тастан тұрғызылған, рухани түсінушіліктің жаһандық орталығына айналған Пирамида іспетті Бейбітшілік пен келісім сарайы, бір бірімен іргелес орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Әзірет Сұлтан мешіті, Тәуелсіздік сарайы мен «Қазақ елі» монументі сынды нысандар – азат еліміздің айбынын асырған туындылар. Мұнан өзге Ақорда, Назарбаев университеті, «Абу-Даби Плаза», «Меруертті мекен», «Солтүстік сәуле» тұрғын үй кешені , «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ бас кеңсесінің ғимараты, «ТRANSPORT TOWER» – көлік және коммуникация ғимараты, «Гранд Алатау» кешені сынды ғимараттар да ару Астананың айшығын онан сайын аша түскендей.
«Еділдің бойы ен тоғай,
ел қондырсам деп едім,
жағалай жатқан сол елге
мал толтырсам деп едім», – деп Махамбет ақын жырлағандай Алтай мен Аты­раудың арасындағы қыран ұшса қанаты тала­тын, құлан жортса тұяғы тозатын алып дала­ның төсіне ел қондыру, жағалай қонған сол елге мал толтыру арғы-бергідегі ата-бабала­рымыздың аңсаған арманы еді. Сол арман ақиқатқа айналмай келді ұзақ уақыт. Бұл егемен ел атанып, көк туымызды көкке желбіреткен соң Елбасының бастамасымен жүзеге асты. Кең байтақ далаға ел мен жердің иесінің орайлы орналасуын ойластырған ойлы басшы астананы Арқа төсіне, Есілдің ен бойына алып келді. Осылайша ерке Есілдің бойына ел қондырды Елбасымыз.
ЭКСПО – ЕЛ МЕРЕЙІ
Ақындардың жырына арқау болған Астана талай бастаманың көшбасшысы болғаны баршаға аян. Соның бірі – төрткүл дүниенің назарын өзіне аудартқан ЭКСПО халықаралық көрмесі. Бүгінде көрмеге алыс-жақын шетелдерден ағылған қонақтарда есеп жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ЭКСПО-2017 көрмесінің алғашқы жұмыс аптасының өзінде 205 561 адам келген екен. Сонымен қатар бүгінгі күнде 1,5 миллионнан астам билет сатылған.
«ЭКСПО-2017» көрмесінде мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 300-ден астам композициясы қойылған. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысуға өтініш білдірген екен. Қазіргі күнде осы мемлекеттердің жаңалықтары мен «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынған көрме көптің көзайымына айналды. Көрмеде өз павильондарын таныстыратын елдердің ішінде – заманауи энергетиканың көшбасшылары болып есептелетін дамыған мемлекеттер бар. Әсіресе Германия, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды әлем алыптарының павильондары келген қонақтардың қызығушылығын туғызуда. Сонымен қатар, энергияның басты тұтынушысы бойынша Қытай мен Үндістан сияқты гегемон елдердің павильондары да ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Қонақтардың назарына ұсынылған басты павильон – «Нұр-әлем». «Нұр-әлем» біздің әлемді бейнелейді. 8 энергия көзінен тұратын оның әрбір қабаты белгілі бір энергия көздеріне арналған. Сфераның ішінде Қазақстанның ұлттық павильоны орналасқан. Павильонның ең негізгі бөлігінде еліміздің бай мәдениетін, тамырлы тарихын, түрлі және ауқымды ландшафттарын, бүгінгі және болашақ Қазақстанның бейнесі көрсетілген. «Жасампаз қуат» аймағында Көрме тақырыбындағы отандық ғалымдардың үздік жобалары, мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғау бастамалары, өңірлерде табысты іске асырылған «Жасыл экономика» жобалары да орын алған. Осындай ерекше тақырыптағы көрме кімнің болса да көңілінен шығары хақ.
БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ – ИГІЛІКТІ ЭНЕРГИЯ
Біздің Астанаға сапарымыз барысында Ұлттық музейде Мем­ле­кет­­тік хатшы Гүлшара Әб­діқалықованың қатысуымен өткен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін таныстыруға арналған «Бейбітшілік пен келісім қуаты» атты жиынға қатысу бақыты бұйырды. Шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Дарxан Мыңбай, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ЭКСПО-2017 көрмесіне келген шетелдік қонақтар, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, дипломатиялық кор­пустың, мемлекеттік орган­дар­дың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым, этностық БАҚ өкілдері қатысты.
Ұлттық музейде әуелі Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлтттық бірліктің қазақстандық моделінің таныстырылымы өтті. Таныстырылым барысында келген қонақтар этномәдени бірлестіктер БАҚ-тарының ЭКСПО-2017 көрмесіне деген арнайы шығарылымдарына арналған көрмемен, халықтық қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарының жәрмеңкесімен, этноауыл концепт-модуль жұмыстарымен танысты.
Шараға қатысқан Германия мәдениетаралық байланыс орталығының директоры Константин Шамбер Қазақстанда туып-өсіп, осы киелі жердің тәрбиесін бойына сіңіргенін ерекше мақтаныш сезіммен жеткізді. Бала күнінде тарихи отанына көшіп кетсе де туған жерге деген сағыныш оны әрдайым Қазақстанға жетелеп әкелетінін әрі әр келген сайын мұндағы даму мен Астананың көркеюіне таңғалатынын жасырмады. Қазақстандағы әзер­бай­жандар қоғамының төрағасы Абил­фас Хамедов тағдырдың жазуымен қазақ жеріне жер аударылған этностардың қиын тұрмысын, сол тұстағы қазақ халқының сансыз көмегін айта келіп, сол босқындар арасында өзінің де әке-шешесі болғанын ерекше тебіреніспен жеткізді.
Иә, тарих қазақтың мыңдаған босқынды паналатып, қарсы алғанын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Жер аударылған әрбір жанға қазақы кең пейілмен құшағын ашты. Жоқ деп тарылмады. Қайта бауырым деп қабылдады. Осының нәтижесінде бүгінде сол ұлттардың ұрпақтары қазақ жерін Отаным деп танып, бір-бірімен туыстай етене жақын еңбек етуде. Бірлікті ту, ынтымақты серік еткен.
ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде өткізілген шарадан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының Бейбітшілік пен келісім аллеясы ашылды. Салтанатты шарада сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықова: «Орталық Азияда алғаш рет елімізде өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық мамандан­дырыл­ған көрмесінде күллі әлемнің болашақ энергиясы саласындағы соңғы жетістіктері мен заманауи технологиялары көрсетіліп жатыр. Еліміздің атын дүниежүзіне айшықтайтын жаһандық шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының аллеясын ашып отырмыз. Бұл – татулық пен бірліктің символы іспетті. Бейбітшілік пен келісім энергия­сы – ғаламшардағы ең таза әрі игілікті энергия екені аян. Осы аллеямен жүрген әрбір адам қазақ халқының қонақжайлығы мен бауырмалдығын жүрегімен сезініп, елімізде орныққан бейбіт өмірдің шуағын әлемге таратады дегенге сенеміз», – деп ағынан жарылды. Аллеяның ашылуында «Шеберлер ауылы» халықтық қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ал этно­мәдени бірлестіктер мен шығар­машыл жастардың театрлан­ды­рыл­ған шеруі еліміздегі ұлыстар мен этностардың бірлігі мен келісімін паш етті.


Сайын Сарыарқа төсіндегі қазақ елі егемендігінің басты нышаны болған әсем қала Астанамыздың тұсауы кесілгеніне – 19 жыл. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елорданың Ақмолаға ауыстырылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осындай айтулы датамен тұспа-тұс келген ЭКСПО көрмесінің Арқа төсінде өтуі де бір ғанибет. Ендеше жақұттай жауһарымыз, дәулеті тасқан, сәулеті асқан, жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналған бас қаламыздың  мерейі тасып, беделі асқақтай берсін! 


Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында ауыл тұрғындары мобильді қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді

        «AMANAT» партиясының мобильді қабылдау тобының ауылдарға сапары жалғасып жатыр    …