Басты бет Тағзым ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЕЛ ЕСІНДЕ

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЕЛ ЕСІНДЕ

0
2,106

Мамыр айының соңғы күні — жиырмасыншы ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген, қолдан жасалған қиямет-қайымнан мыңдаған емес, миллиондаған адам өмірін жалмаған, түгелдей ұрпақтың тұқымын тұздай құртқан қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері қарай бұл күн айрықша мәнге ие болып, аталып келеді. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қаншама зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, данышпан, оқымыстылар болды.

1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан әрі ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындаумен ұласып жатты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды, пікір білдіргендерді қызметтен қуып, тіпті республикадан аластады, олардың көзін жоюдың барлық амалдарын жасады. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға ұлтшыл деген жала жағылды. Жалпы тарихи деректерге көз салар болсақ, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен. 1920 жылдың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе қазақ халқы қатты зардап шекті. Мұны 2012 жылы Елордада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулетті көркем композициясының ашылу рәсімінде Елбасымыз баса айтқан болатын. «Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі еді. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі еді», — деген. Түгелімен жоқ болып, өрттің күліне айналған ауылдар қаншама болды. Қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан жазықсыз қырылғандардың ұрпағы, үрім-бұтағы да қаншама қасірет шекті. Тәубе делік, тәуелсіздіктің, егемендіктің арқасында өшкеніміз жанып, өткеніміз қайта жаңғырды.
Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алдында аудандағы барлық зиялы қауым өкілдері бас қосқан еске алу күні өтті. Баяу қобыз әуені
Зар болып көкіректе дастан-арман,
Төгілді қайғы шер мен жас жанардан.
Ақтабан шұбырынмен ауды қазақ,
Адасып қасіретпен қасқа жолдан.
Аштықтың ауыр зарын тартқан халық,
Шашылды тарыдай боп жатқа амалдан… — деген өлең жолдарымен үндесіп, қайғылы оқиғаның елесін әкелді көз алдымызға. №4 Шонжы орта мектебінің бүлдіршіндері әскери киімде патриоттық ән шырқап бүгінгі жаймашуақ өмірімізге балалық бал тілдерімен алғыстарын жеткізгендей болды. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов боп сахнаға шыққан жігіттер сол заманның жігерлі азаматтарының жанайқайларын жеткізуге тырысты.
Мемлекеттік Гимн орындалып, қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарында мерт болған жерлестерімізге арналған бір минуттық үнсіздіктен соң жиылғандарға сөз арнап, сахна төріне аудан әкімі Алимжан Тохтасунов шықты. Осыдан тура сексен жыл бұрын халқымыздың басына төнген солақай саясаттың кесірінен зиялы қауым, ғалым, білімді, сауатты азаматтарымыздың өмірін қиған зұлмат жылдар туралы тарих тереңіне үңіліп, ауданымыздың да тұрғындары бұл оқиғадан сырт қалмағандығын айтты. Аудандағы әртүрлі ұлт өкілдерінен 137 адамның қуғынға ұшырап, отбасынан бір күнде айдалып, атылып кеткендері жайлы мағлұмат берді. Әр ауылдан жоқ дегенде екі-үш адамның осындай зобалаңға ұшырағандығын, бүгінгі таңда олардың ұрпақтары тәуелсіз мемлекетіміздің бақытты ұрпағы болғандығын да тілге тиек етті.
21 жасында жазықсыз жала жабылып, сол кездері ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған Ыбырайым Нұровтың немересі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров та атасының басына төнген қара бұлттың одан кейін ұзақ уақыт бала-шағасына да «халық жауының» балалары деген жаман аттың ілінгендігін еске алып, тек 1956 жылы ғана атасының ақталып, қазақ энциклопедиясының 4-ші томында ол кісінің есімі қалғандығын жеткізді. Егеменді елдің гүлденуіне Ыбырайымның ұрпағы ретінде бір кісідей атсалысып жатқандығын мақтанышпен айтты.
Шонжы ауылдық округі жанындағы жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Гүлфида Арзиева да жас ұрпақтың бақытты өмірі үшін жандарын қиған ерліктеріне тағзым айтып, өткен тарихтың ұмытылмайтынын, жастар аталарының салған сара жолын жақсы тәрбие мен білімдерімен гүлдендіре түсетіндігіне сенім білдірді.
Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке», «Арзу» ансамбльдерінің әртістері тақырып аясында әндерін сыйлады көрерменге. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары мен гүлшеңберлерін қою рәсімімен шара мәресіне жетті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАҚСЫЛЫҚ – ЖЕТІСУДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Өткен аптаның бейсенбісінде Қарадаланың халқы қасиеті орасан халық әндерінің әуелеген орта…