Басты бет Ақпарат ағыны ҰЛТ ТІРЕГІ – ОТБАСЫ

ҰЛТ ТІРЕГІ – ОТБАСЫ

0
5,508

              Облыс бойынша конкурсқа қатысқан 38 отбасының ішінде көп балалы жанұялар, ұстаз, дәрігер, өнер мен мәдениет, ауылшаруашылығы саласының майталмандары, спортшылар, құқық қорғау қызметкерлері де болды. Тіпті жас отбасылардың саны да биылғы конкурста арта түскен. Осындай үздік шаңырақтардың арасында біздің ауданымыздан қатысқан Көжекбаевтар отбасы 1 дәрежелі диплом мен 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Сонымен қатар Жамбыл ауданынан барған Жарасовтар жанұясы да бірінші орынның иегерлері атанды. Ауданымыздың намысын қорғауға барған үлкенақсулық Хамраевтар отбасы да бұл бәйгеде жүлделі екінші орын дипломын қанжығаға байлап, 300 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне сарп еткен ардагер ұстаз, 105 жастағы қазына қартымыз Күрішбек Көжекбаевты Қарадала жұртшылығы толықтай таниды десек қателеспеген болармыз. Аудан, облыстың құрметті азаматы, «За отвагу», «Құрмет», Отан соғысының 2-3 дәрежелі ордендерінің, сонымен қатар көптеген медальдардың иегері, абыз ақсақал Күрішбек атамыз соғыстан кейінгі жылдары ел экономикасын көтеруде белсене еңбек еткен. Ораз Жандосовтай Алаштың біртуар ұлымен қызметтес, Мәншүк Мәметовадай қазақтың қайсар қызымен майдандас болған ардагер бүгінде 4 баласынан 25 немере, 30 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр. Өмірін мұғалімдікке арнаған қарияның ұл-қыз, немере, шөберелерінің ішінде де ұстаздық жолын таңдағандар көп.
            Ауданымызда ел құрметіне бөленіп жүрген отбасылардың бірі – Хамраевтар жанұясы болатын. Бұл отбасының отағасы Хамраев Юнус атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, отанасы Зульярова Гүлсум – көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері. Соғыстан соң ауылда еңбек етіп, дүкендерде сатушы болған. Бүгінде адал еңбектің не екенін жастайынан ұғып өскен ұрпақтары да әр салада қызмет етуде. 11 ұрпақ дүниеге әкелген Хамраев Юнус атамыз бен Зульярова Гүлсум анамыз бүгінде 35 немере, 68 шөбере, 10 шөпшек сүйген ардақты жандар.
Жүлдегерлер-ді марапаттаған салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтау сөз сөйлеп, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңімен құттықтап, әр шаңыраққа шаттық тіледі. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып отырған байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, тату-тәтті, тәрбиелі шаңырақ мүшелерін көпшілікке таныстыру. Ел ішінде ауылдастарының құрметіне бөленген, ардақты, берекелі әулеттер, өнегесі мол отбасылар баршылық. Сондықтан жыл өткен сайын «Мерейлі отбасы» байқауының мәні артып, қатысқысы келетіндердің қатары ұлғайып келеді. Мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелей аламыз», – дей келе жеңімпаз отбасыларды құттықтап, марапаттарын тапсырды.
Марапаттау салтанатында ауданымыздың абыз қариясы, ғасырдан астам ғұмыр кешкен Күрішбек атамыз сөз алды. Елбасының ерен еңбегі арқасында еліміздің дамып, өркендеп отырғанын айта келе, облыс, аудан басшыларының да еңбегінің өлшеусіз екенін сөз етіп, алғысын білдірді. Өнегелі өсиетін айтып, ұрпақтарына ақ батасын арнады.
Енді Күрішбек атамыздың отбасы Астана қаласында өтетін республикалық конкурсқа қатысып, облысымыздың намысын қорғамақ. Бүгінгі күнде ол конкурсқа дайындық жұмыстары аудан тарапынан басталып та кетті.
А.ҚАБИ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында ауыл тұрғындары мобильді қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді

        «AMANAT» партиясының мобильді қабылдау тобының ауылдарға сапары жалғасып жатыр    …