Басты бет Денсаулық Алғыс арқалаған абзал жан

Алғыс арқалаған абзал жан

0
2,252

Дәрігер деген – кең ұғым, қастерлі
мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да
ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салада еңбек етудің өзі
ерлік. Басымыз ауырып,
балтырымыз сыздаса жүгінетін ақ халатты абзал жандар туралы қаншалықты толғақты
ой тербетсең де артық етпейді. Медицина қызметкерлерінің мысқылдап кірген
ауруды сылып тастау үшін қаншама тер төгіп, ұйқысыз түндер өткізетінін бірі
білсе, бірі білмейді. Әрине, еңбекті адал бағалай білген кісілер үшін медицина
қызметкерлері тұғыры таймас биік тұлға.

Аудандық орталық
аурухананың жедел жәрдем бөлімінде қызмет етіп, талай жанға алғашқы көмек
көрсетіп, ақ алғысын арқалаған ақ халатты абзал жандардың бірі – Данияр
Нүсіпәлиев. Ол Шонжы ауылында дүниеге келіп, орта мектептердің бірін ойдағыдай
тамамдап, бала күнінен арманына айналған мамандығының иесі болу үшін алып шаһар
Алматы қаласына аттанады. Алайда үлкен оқу орнына түсуге дәм, тұз бұйырмаған
екен. Кейін келе аудандағы «Аяжан» медициналық колледжіне оқуға түсіп, білікті
дәрігерлерден сабақ алған. Оқуын аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы №22
ауруханада қызмет етіп, тәжірибе жинақтайды. Онда бір жылға жуық қызмет
еткеннен кейін туған жеріне оралып, орталық аурухананың жедел жәрдем бөліміне
қызметке орналасады. Аудандағы жас пен кәріге, жалпы аудан тұрғындарының бәріне
көмек қолын созып, жаны ауырған жандарға алғашқы жәрдем көрсеткен кейіпкеріміз
өз мамандығының білгіріне айналады. Сегіз жылдан астам уақыт осы бір салада
үздіксіз қызмет етіп жүрген Данияр Нүсіпәлиев бір жыл бұрын облыстық жедел
жәрдем бөлімінің аға фельдшер лауазымына тағайындалған. Бүгінде жедел жәрдем
бригадасына қажетті дүниелерін уақтылы тауып беріп, тұрғындардан түскен
қоңырауларға олардың уақтылы баруын қадағалап отырады. Кейіпкеріміздің
айтуынша, бүгінгі таңда жедел жәрдем көлігінің ішінде адамға алғашқы көмек
көрсетуге қажетті жабдықтардың барлығы орналастырылған. Жол көлік оқиғалары
кезінде, ауыр науқастанғандарға алғашқы көмек бұрынғыдан да жақсы көрсетіледі
дейді ақ халатты абзал жан. Жалпы бұл қызметтің өзіне тән қиындығы да
жеткілікті. Күннің ыстығы мен суығы, жауын-шашын, тіпті қар қалың жауып қалса
да жедел жәрдем қызметкерлері көмекке мұқтаж адамға уақтылы баруы қажет. Бұл –
аталмыш қызметтің басты талабы болмақ. Осындай ауыр жүкті арқалап, аудан
тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі қай кезде де
бағалауға тұрарлық екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Данияр өз сөзінде
«Алғаш еңбек жолымды бастағаннан халыққа қызмет көрсетіп келемін. Оларға
дәрі-дәрмектен бөлек, бір ауыз жылы сөздің өзі ем болатындығы шындық. Тіпті
жиырма, отыз қоңырауды қабылдап, шаршасаң да жаны ауырып тұрған жанға жылы
қабақ таныту қажет. Адамдардың барлығы бірдей емес. Олардың ішінде ауруына
шыдамай айқай-шу шығаратындары да, еркелікке салынатындары да бар. Алайда әр
адамның жанына жылулық ұялата білу біздің басты талабымыз. Кей кездері жол
көлік оқиғасының ең қайғылы жағдайына да тап боламыз. Мұндайда кім болса да
абдырып қалатындығы сөзсіз. Сондықтан жедел жәрдем қызметкерлерінің қай-қайсысы
болмасын алғашқы көмек көрсетуге бірден кірісіп кетеді. Қазір күннің
ыстықтығына байланысты қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көмегін шақыртатындар
жетерлік. Күнделікті кезекшіліктегі қызметкерлер елу, алпыс шамасындағы қоңырауды
қабылдайды. Алғашқы көмектерін көрсетеді. Тіпті болмаған жағдайда орталық
аурухана дәрігерлеріне жеткізіледі. Біздегі ең басты қиындық – аудандағы көше
атауларындағы тұрғын үй номерлерінің жоқтығы. Қоңырау түскен үйді табу
осындайда қиындық тудырады. Уақтылы жетуге де кедергі келтіреді», – дейді.

Тәулік бойы тынымсыз
еңбекті қажет ететін медицинаның бұл саласын таңдаған кейіпкеріміз 2013 жылы
Қымбат Зәкіржанмен отбасын құрып, шаңырақ көтерген. Бүгінде үш баланың әкесі.
Отбасының бақыты мен шаттығын шаңырағына ұялатып, ата-анасына қамқорлық танытып
жүрген адами қасиетін де ерекше бағалауға болады. Үлкеннен бата алып, кішінің
алғысын арқалаған Данияр ұл-қыздарының ата-әжесінен дәстүріміз бен салтымызға сай
тәрбие алғанын үнемі құптап отырады. Отбасындағы тәрбиенің маңызы қай кезде де
зор болатындығы рас. Сондықтан бір шаңырақ астында бақыты мен шаттығы шалқып,
берекесі мен мерекесі кіріп отырған кейіпкеріміздің жұмысына табыс, отбасына
бақ пен береке тілейміз.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ

Өзім құрмет тұтатын, ақындығы бір төбе, ұстаздығы бір төбе Мамытхан ағам сырқаттанып аурух…