Басты бет Өңір тынысы Халық қалаулылары ауыл аралады

Халық қалаулылары ауыл аралады

0
1,577

Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары Мәулен Нұров, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің
басшысы Мырзалым Исмаилов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан бірқатар
депутаттармен бірге Қырғызсай, Сүмбе ауылдық округіне барып, басты
мәселелерімен танысып, төртінші деңгейдегі бюджет турасында түсінік жұмыстарын
жүргізіп қайтты.

Ең алдымен Қырғызсай ауылындағы ауыз су мәселесімен
танысқан халық қалаулылары ауыл ішіне судың толықтай жетпеу салдарын ұқты.
Бүгінгі таңда ауыз судың құрылысы толықтай аяқталғанымен, бассейндердің іші
суға толғанымен, ауылдың жоғарғы бөлігіндегі көшелерге мүлдем су бармай тұр.
Онымен қоса су шыққан жерлердің өзінде оны ішу мүмкін емес көрінеді. Мұның
себеп-салдарымен таныстырған ауыл әкімі Бақытжан Іргебеков судың лайлануы
жауын-шашын кезінде таудағы жарлардың құлауынан болып отырғандығын жеткізді. Ал
ауылдың жоғарғы бөлігіне судың неліктен жетпей тұрғандығы әлі күнге дейін
жұмбақ болуда. Ауыз судың жағдайын білгеннен соң халық қалаулылары ауылдық
округтегі кәсіпкерлік және құрылыс нысандарын аралады. Ауылдың
тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін ауыл әкімдігінде ақсақалдармен кездесу
жасады. Кездесу барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан сөз
тізгінін ұстап, төртінші деңгейлі бюджеттің игерілуі жайындағы мәселелерге
тоқталып, мұнда ауыл әкімі мен есепшісінің сауатты болуы керектігін түсіндірді.
Сонан соң  аудандық экономика және
бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Мырзалым Исмаилов 2020 жылдан бастап ауыл
әкімдеріне толықтай бюджеттің өткізілетіндігін ескертіп, оған арнайы жоспарлар
әзірленуі қажеттігін жеткізді. Ауылдың қазынасын салық төлемдері арқылы толтыру
керектігі де баяндалды. Жиналған қаржы ауылды ажарландыруға, көгалдандыруға
жұмсалмақ. Бюджеттің игерілуі заң талаптарына сәйкес жүргізіліп, ауылдың
қажетіне жұмсалуы тиіс деген тұжырым жасады. Ал ауыл әкімі Бақытжан Іргебеков
сөз кезегінде ауылдағы ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, мәдениет, білім, денсаулық
саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталып, басты мәселелерді
жіпке тізді. Қазіргі уақытта ауылда мәдениет үйі жоқ болса, ауылдық әкімдік
ғимаратының да тозығы жеткен. Көшелер су құбырлары тартылғаннан кейін қайта
жөндеу жұмыстарын да көрмепті. Кездесуге келген ауыл тұрғындары көкейкесті
сауалдарын халық қалаулыларына жолдап, тұщымды жауаптарын алды.

Сүмбе ауылының тыныс-тіршілігімен танысқан аудандық
мәслихат депутаттары мен атқамінерлері «Казагриплант» ЖШС отырғызған 350 гектар
Грек жаңғағы бағын, «Eco park tour» ЖШС-ға қарасты 81 гектар бақтың жағдайын білді.
Кәсіпкерлердің бел сыбана кіріскен жұмыстарына оң бағаларын беріп,
ризашылықтарын танытқаннан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан
Сүмбе орта мектебіне ат басын бұрды. Құрылыс әлі де уақытты талап етеді. Мектеп
ғимаратының терезелері жаңадан орнатылып, сылақ жұмыстары енді ғана
жүргізілуде. Ал оқу жылының аз қалғанын ескерсек, мектептің алдағы жиырма
күннің ішінде  оқушыларды қабылдауы
екіталай. Мердігерлердің айтуынша, оқу корпусының құрылысы қыркүйекке дейін
аяқталады. Алайда бүгінгі жұмыс қарқынына қарасақ, мердігерлердің уәдесіне
сенудің өзі қиын. Бұл ауылда да төртінші деңгейлі бюджет жайында түсінік беру
үшін кездесу өтті. Кездесуде тиісті бөлім басшылары бюджеттің игерілуі,
жоспардың орындалуы сияқты мәселелерді түсіндіргеннен кейін, ауылдың басты
мәселелерінен ақпарат алды. Ауыл әкімі Бекболат Солтанбаев бүгінгі таңда салық
мөлшерінің орындалуын нақты цифрлармен айтып, әр сала бойынша атқарылып жатқан
жұмыстарды жіпке тізгеннен кейін түйінді мәселелерге тоқталды. Ауылдағы басты мәселенің
бірі – жайлаудың бүгінгі жағдайы. Шарын, Бахар, Тасқарасу және Шонжы
ауылдарынан Сүмбенің жайлауына шығатын малшылар жергілікті шаруашылықтардың
жайылымын тарылтып отыр. Бұған ауыл малшылары шағымданып, ауыл әкімдігінің
есігін тоздыруда дейді ауыл әкімі Бекболат Солтанбаев. Екінші мәселе –
егістікті суғаруға судың тапшылығы. Су тапшы болғаннан кейін мал азығын жинау
жылдан-жылға нашарлауда. Өзен басынан бастап егістікке барғанша су жерге сіңіп,
аяғына жетпей де жатыр. Ол үшін арықтарға лотоктар қойылуы қажет екендігін
жеткізді ауыл басшысы. Үшінші мәселе – ауыз су. Тіршіліктің нәрі саналатын –
таза ауыз суға қол жеткізу сүмбеліктер үшін арманға айналған. Кеңес үкіметінен
қалған құбырлардың тозығы жетіп, барлық ауылды сумен қамтамасыз етуге қауқары жетпейді
екен. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабай Мерейімов жаңғақ бағын еккен
кәсіпкерлердің берген уәдесінде тұрмағандығын айтып, ренішін жеткізсе, аудандық
«Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов мектептің
күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар сын-ескертпесін айтты.

Жиын барысында айтылған пікірлерге қатысты өз ойын ортаға
салған аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан барлық мәселелердің түйіні
бір уақытта тарқатылмаса да, біртіндеп шешілетіндігіне сендірді. Ең бастысы әр
іске байыппен қарап, сабырмен жұмыс бастау керектігін айтып, жиынды
қорытындылады.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…