Басты бет Басты ақпарат АУҒАННЫҢ АСУЫНДА ОТ КЕШКЕНДЕР

АУҒАННЫҢ АСУЫНДА ОТ КЕШКЕНДЕР

0
279

Батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, антына берік, Отан алдындағы борышына адал болған Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Он жылға созылған алапат соғысты бастан өткеріп, от пен оқтың ортасында қан кешкен жаужүрек бозбалаларымыз бүгін ел ағалары болып отыр. Атауының өзі бойыңа үрей мен қорқыныш ұялататын соғыстың салдарынан аналарымыз баласынан, ақ жаулықты жеңгелеріміз жан жарынан, іңғәлап жарық дүние есігін ашқан сәбилеріміз әкесінен айырылды. Тарихта өшпестей ізі қалған Ауған соғысының жалыны талай боздақты шарпыды. Аталмыш соғысқа аттанған қазақстандықтардың бірі еліне аман-есен оралса, енді бірі жат жердің топырағын жастанды, іс-түссіз кетті, денсаулығынан айырылды.

Аудандық мәдениет үйінде Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 30 жыл толуына орай «Ауғанның асуында от кешкендер» атты мерекелік шара өтті. Аталмыш шара ең алдымен мәдениет үйі қызметкерлерінің дайындаған көрінісімен, «Армандарын айырбастап ажалға» атты бейнероликпен бастау алды. Мұнда жаужүрек ардагерлердің ұрыс даласындағы елі мен жеріне деген сағынышы, аңсауы мен армандары көрсетілді. Сонан соң Ауған ардагерлерін мерекелерімен құттықтау үшін мінбеге көтерілген аудан әкімі Шухрат Нурахунов он жыл қайғы мен қасіретке, қан мен терге толы болған Ауған соғысы турасында айтып, сондағы ерлік пен батырлықтың үлгісін танытқан ардагер ағаларға алғысын білдірді. Олардың басқан ізі бүгінгі ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге екендігін жеткізді. Ендігі уақытта ардагерлердің ғұмыры бақыт пен шаттыққа кенелуін, отбасының ортасында аман-есен болуларын тіледі. Ізгі тілектен соң Ауған соғысының ардагерлері Руслан Тетеев пен Бахавдун Халиковтың кеудесіне «Ауданның құрметті азаматы» төсбелгісін тағып, қалған ардагерлерге және Ауған ардагерлеріне қолдау көрсетіп, демеушілік танытып жүрген аудан азаматтарына арнайы марапаты мен сый-сияпатын ұсынды. №2534 әскери бөлімі командирінің орынбасары Нұрғали Нурманов та өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері ұрпақтарының есінде мәңгі сақталатынын айтып, марапатын берді. Әрбір өткен тарихи кезеңдердің көкіректе естелік болып сақталатындығы сөзсіз. Ол ескірмейтін, бетін шаң басбайтын архив десек қате айтқандығымыз емес. Ауған даласындағы сәттерді бір сәт еске алып, оны көрермендермен бөліскен Ауған соғысының ардагері Жеңіс Тойшыбеков бірге жүрген жолдастары жайында әңгімелеп, көзіне жас алып, ендігі ұрпақтарының бейбіт заманда, тыныштықта ғұмыр кешуін тіледі. Жылы лебіздерден соң мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Аудандық «Жазерке», «Арзу» ансамбльдерінің әншілері мен күйшілері, бишілері ардагерлердің құрметіне арнап әсем әндерін әуелетіп, мың бұрала би билеп, күмбірлете күйлерін орындады. Сол сияқты №2534 әскери бөлімінің «Шекара қырандары» вокалды инструменталдық ансамблінің өнері қалың жұртшылықтың жүрегіне жол тартты.
Ерліктің өлмейтіндігі, өмірдің зулап тоқтамайтындығы, заманның өз ағысымен жалғасатындығы анық. Алайда бабалар рухына сызат түсірмей, қаһармандықтың белгісін таныта білген ағалардың жүріп өткен жолдары ұрпақтарының мәңгі есінде қалады. Бүгінгі таңда ардагер ағала-рымыз қоғамнан қол үзбей, әр салада еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ендеше сұрапыл соғыс майданынан келіп, еңбек майданында шайқасып жүрген Ауған соғысы ардагерлерінің еңбектері әр уақытта еленіп, бақытты ғұмыр кешуін нәсіп еткей.

Думан  САРТБАЕВ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА

Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне биыл 74 жыл толды. Бұл алапат соғыс …