Басты бет Рухани жаңғыру Кетпенде өткен керемет кеш

Кетпенде өткен керемет кеш

0
1,792

      Кетпен ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде ақын, сазгер Сәдіқожа Мошанұлының шығармаларын насихаттау, Кетпен ауылының рухани әлеуетін дәріптеу, жас таланттардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде» деген атпен мерекелік іс-шара өтті. Бұған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Табылдиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов және Сәдіқожа Мошанұлының шөберелес туысы, кәсіпкер Едіге Алпысбаев қатысты.

Шарада ең алдымен сөз кезегін алған «М.Жалилов» атындағы орта мектебінің директоры Панар Атагелдиева Сәдіқожа Мошанұлының өмір-тарихы жайында баяндап, оның артында қалған әндерінің бүгінгі ұрпаққа жетуі, мұра болып мәңгілікке сақталатындығы жайында айтты. Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Табылдиев ақынның таланты мен дарыны жайында әңгімелеп, өмірден ерте кетсе де ұрпағына ұран болар шығармаларын із етіп қалдырғандығын шараға жиналғандарға жеткізді. Сонымен қатар ақын, сазгердің ғұмырын, шығармаларын ұлықтау, жаңғырту мақсатында ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабар берді. Аталған іс-шараға арнайы келген кәсіпкер Едіге Алпысбаев та бабаларының өмір дастанынан қысқаша хабар беріп, өткенін өшірмей, қайта жаңғыртып жатқан ауыл тұрғындарына, мектеп ұжымына алғысын білдірді. Ізгі тілектер мен Сәдіқожа Мошанұлы жайындағы ақпараттар айтылғаннан кейін мерекелік шара одан әрі мектеп ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен ұласты. Ауылдағы ұлттар достығын ұлықтау мақсатында «Арула» би тобы «Шашу» биін билесе, ұйғыр халқының «Долан мәшриби» атты ұлттық биімен қыздар тобы жиналғандардың қошеметіне бөленді. Сол сияқты ақын, сазгер Сәдіқожа Мошанұлының шығармаларын жарыса, нақышына келтіре орындаған ауыл жастарының өнеріне де тәнті болдық. Мұнда ең жанды шыққан Сәдіқожа туралы қойылған көрініс болды. Балалық шағы, жігіттік кезі, сал-серілігі сияқты асыл қасиеттері көрініс барысында көрермендерге айқын жетті. Ал өз шығармашылықтарынан бабаларына арнап өлең оқыған қыздар ұлттық келбетімізді қайта жаңғыртқандай болды. Дәстүрлі ән тыңдап, би тамашалап, құлақтың құрышын қандырар өлеңдермен сусындап, қара домбырадан шыққан сазды күйден жігер алып аталмыш шарадан қайттық.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…