КҮРМЕУІ КӨП МӘСЕЛЕЛЕР

0
1,237

     «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық бөлім, мекеме басшыларының, мектеп директорларының және аудан тұрғындарының қатысуымен Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің аясында «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Мұқановпен кездесу өтті. Мұнда бес бастаманың ерекшелігі мен халыққа тиімді тұстары, онда туындайтын мәселелер кең қаузалып, жиынға қатысушылар ой-пікірлерімен бөлісті. 


Жиынның тізгінін ұстаған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Сонан соң сөз кезегін «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Мұқановқа беріп, ол бірден күн тәртібіндегі мәселеге тоқталып, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», ондағы «7 – 20 – 25» бағдарламасының халыққа тиімділігі жайында түсінік беріп, бұл бағдарламаға кімдердің қол жеткізе алатындығын айтты. Яғни ипотекаға, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде, банкте кепілдігі бар азаматтар аталмыш бағдарламамен баспанаға қол жеткізе алмайтын көрінеді. Сондай-ақ алғашқы жарнасын, пайыздық мөлшерін, оның 25 жылға шаққандағы бағасын есептеп шығарған жиынға қатысушылар өз пікірін ортаға салды. Олардың айтуынша, бес миллион теңге тұратын тұрғын үй жеті пайызбен 25 жылға берілсе, алғашқы баға екі есеге артып кетуі мүмкін. Орта есеппен 70 мың теңге жалақыға күн көріп отырған жанұялар аталмыш бағдарламаның негізінде баспаналы болса, олардың айлық төлем ақысы қырық мыңнан асып кетеді екен. «Олардың қалған ақшаға күн көре алуы мүмкін бе?» деген сауал қойылды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан аталмыш бағдарлама тұрғындарға баспана ретінде ғана емес, тұрғын үй салуға берілсе деген ойын ортаға салып, сонда халық шамасына қарай несие алып, баспаналы болуға мүмкіндік алар еді деп болжам жасады. Дегенмен халық үшін «7 – 20 – 25» бағдарламасының тиімділігі жағын айтқан Серік Мейірханұлы аталмыш сауал облыста қаралып, парламентке жеткізілетіндігін ескертті.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы» екінші бастама – «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бойынша аудан тұрғындарын алаңдататын мәселе жоқ болды. Ал үшінші «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы негізінде аудандағы жағдайды баяндаған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев Шонжы политехникалық колледжі өз жұмысын жүйелі атқарып келе жатқандығын айтып, шалғай ауылдардан келіп оқитындарға жатақхананың қарастырылғанын, әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және жартылай жетім балаларға арналған шәкіртақының да бар екендігін ескертті. Аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов ауданда математика, физика, химия пәндерінің мұғалімдері жетіспейтіндігін айтып, оларға грант бөлінсе, жағдай жасалса деген ұсынысын жеткізді. Төртінші бастама – «Шағын несие беруді көбейту» бойынша аудандағы мәселелерге тоқталған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев «Бастау бизнес» жобасы негізінде ауданда оқыған азаматтардың көп, ал несие алғандардың саны аз екендігін айтып, оларға мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болатындығын көлденең тартты. Сонымен қатар аудан тұрғындары суармалы, егістік жерлерге қол жеткізе алмай отырғандығын ескерткен аудан әкімінің орынбасары, аудандағы барлық жер инвесторлардың иелігіне өтіп кеткендігін айтты.
Жиында басты талқыға түскен жағдай газ мәселесі болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» соңғысы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бойынша жиынға қатысушылар біршама проблеманы ортаға салды. Аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов Шонжы ауылын газдандыру үшін екі жыл бұрын мердігер компания жұмыс жүргізіп, оның аяқсыз қалып, атқарған жұмыстарының жоққа шыққандығын ескертті. Бүгінгі таңда жоқ болған жұмысты қолға алған «Азия Газ Чунджа» ЖШС-ның жұмысын айтып, алдағы уақытта тұрғындарға газ берілетіндігін хабарлады. Алайда бұл жекеменшік компания болғаннан кейін газды үйге орнату қымбатқа түсіп жатқандығын да жасырмады. Газ құбырын үйге кіргізіп беру құны – 350 мың теңге болса, оның пеші де дәл сол бағада болмақ. Яғни бір тұрғын үйіне газ қостыру үшін қалтасынан 700 мың теңге қаражат шығаруы керек. Бұған аудандағы барлық тұрғынның жағдайы келмейтіндігі анық. Ол үшін тағы мемлекеттен көмек сұрауға тура келеді дейді аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов.
Аудандағы күрмеуі көп мәселелер жөнінде ақпарат алған «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Мұқанов аталған проблемалар біртіндеп шешімін тауып, жиында айтылған ой-пікірлер, ұсыныстар назардан тыс қалмайтындығын ескертті. Барлық жұмыс халық үшін атқарылып жатқаннан кейін, біртіндеп түйіні тарқатылатындығына сендірді.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Қиш ғемини язда ойла…

«Чонҗиға газ кирмәкчи», дегән хәвәрни аңлиған пәйттин етиварән, гезитимизда бу мавзу қизғи…