Басты бет Басты ақпарат ЖАРҚЫН ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

ЖАРҚЫН ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

0
1,113

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында ауданымызға «Рухани керуен» келіп, арнайы іс-шаралар өткізді. Барлық шаралар Үлкен Ақсу ауылында Ават ауылының тұрғындарының қатысуымен, түрлі тақырыпта өрбіді. Мұндағы негізгі мақсат – ауыл тұрғындарына рухани жаңғырудың негізін жеткізіп, ондағы мақсат-міндеттердің орындалуын бақылау, діни ахуалды жақсартып, дәстүрлі діннің мәртебесін арттыру болды.


«Рухани керуенмен» келген қонақтардың және Ават, Үлкен Ақсу ауылдары тұрғындарының қатысуымен «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» атты тақырыпта ардагерлер қауымдастығы және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға қатысушылармен таныстырып, кездесудің тізгінін ұстаған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттердің орындалуы жайында сөз қозғап, оның түп-тамырындағы негізгі ойды тағы бір мәрте ауыл тұрғындарына жеткізді. Сонан соң сөз кезегін облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі Шырақбай Жылқыайдаровқа берді. Ол өз сөзінде татулығы мен бірлігі, ырысы мен ынтымағы жарасқан тәуелсіз еліміздің өткен тарихына көз жүгіртіп, Елбасының салиқалы саясатының арқасында жеткен жетістіктерімізді тізбектеп, халықтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін өткен күндермен салыстырып ой қозғады. Ел ынтымағының жарасуы, өскелең ұрпақтардың білімді, саналы болуы, оларға түзу жол көрсету жайын да әңгіме етті. Ел болашағын жастарға аманаттау үшін тәрбиенің тал бесіктен басталуы керектігін айтып, бұл ретте ата-ананың, ұстаздардың, ақсақалдардың балаға айтар ақылы көбейсе екен деген ойын жеткізді. Кино және театр актрисасы, Қазақ КСР Халық артисі Алмахан Кенжебекова сөз кезегінде ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жері мен елі үшін қан кешіп, мұз басқан бабаларымыздың тар жол, тайғақ кешкен күндерін үлгі етіп, қазақ халқының басына сан түрлі ала бұлттың үйірілгенін, ақылдылары мен даналарының халық жауы атанғанын, атылғанын айтып, бүгінгі тәуелсіздіктің тұрақталып, бейбіт ғұмырдың келгені жайлы әңгімеледі. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген сөзді тілге тиек етіп, бейбіт өмір сүріп жатқан халықты арандату үшін теріс пиғылдылардың арам ойы қоғамды арбап, жастарды алдауына түсіргенін сан түрлі мысалдармен келтірді. Өз заманында аталарымыз бен апаларымыздың азан дауысын естімей, намазын тығылып оқыған замандардың өтіп, еркіндіктің жеткенін мақтанышпен айтты. Алайда дін мәселесінің ауырлап, діни сауаты жоқ бауырларымыздың теріс ағымға ілесіп кеткендігі, өскелең ұрпақтардың шеттен келгенге еліктеп, көз қызығушылық жасағаны санамызды улап, жолымыздан адастыра жаздағанын, бұған дер кезінде тосқауыл қойып, күрестің күшейгенін жік-жігімен түсіндірді. Осылардан арылып, тарихымызға үңілу, жан-дүниеміздің жаңғырып, азғындық пен арандатушылықтан алшақтау жолында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының рөлі зор екендігін айтты. Бірлік, татулық, бейбітшілік жайында әңгімелеген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті Бағдат Бейсенов ширек ғасырда елімізді әлем танып, Елбасының көрегендігімен әлі көгеріп келе жатқан мемлекетіміздің алға қойған мақсат-міндеттерін айқындады. «Бірлігі бар ел – озады, бірлігі жоқ ел – тозады» деген халық даналығын тілге тиек етіп, қазақ пен ұйғыр халықтарының осы аудандағы татулығын, достығын, тіпті туыстық қарым-қатынас орнатып жатқандығын зор қуанышқа балады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарадалаға …