Басты бет Өңір тынысы Нағыз қазақ – домбыра…

Нағыз қазақ – домбыра…

0
1,603

Қазақ халқының ең кең тараған қос ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы – домбыраның маңызы да, мазмұны да зор. Ол – сан ғасырдың сырын сақтаған, қазақ даласының кеңдігі мен теңдігін дәріптеген, ұлттық мәдениетмізді бүгінімізге жеткізген қасиетті, қазақ үшін құнды аспап. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей қазақтың нағыз символы саналатын домбыраға Елбасымыз биылғы жылдан бастап шілденің алғашқы жексенбісін берген болатын. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде ауданның әнші, күйшілерінің қатысуымен байқау өтті.
Аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқауда ең алғаш сөз кезегін алып, аудан тұрғындарына жүрекжарды лебізін жеткізген аудан әкімі Шухрат Нурахунов домбыраның құндылығы жайында әңгімелей келе, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сол сияқты Елбасының Жарлығымен бекітілген домбыра күні – рухани жаңғыруымыздың бір тетігі екендігін айтқан аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов та өнерпаздарға ақжарма тілегін арнады. Сонан соң байқауға қатысушыларға қазылық ететін әділқазы алқаларының мүшелері таныстырылды. Сайын даланың сыңғырын, өткені мен кеткенін, бүгінгісі мен ертеңін қос ішекті домбыра арқылы көрермендерге жеткізген өнерпаздардың өнері барлығымыздың арқамызды қоздырды. Күмбірлете орындаған күйлер де, құлақтың құрышын қандыра орындаған жырлар мен толғаулар да көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Тіпті қазақтың қасиетті домбырасын қолына алып, дәстүрлі әнімізді шарықтата орындап, күй құдіретін сезіне күмбірлеткен ұйғыр халқының өнерпаздары да байқауға ынта, жігерлерін танытты. Сол сияқты кенеттен байқауға қатысуға ниет білдіріп, көрермендер арасынан суырылып шығып, қос ішекті домбыраның құлағында ойнаған азаматтар да табылды. Домбырамен орындалған әрбір туынды өзіндік ерекшелікке ие болып, бір-бірімен үйлесімін тауып, алғаш рет өткізіліп отырған шара болса да көптің көңіліне шаттық ұялатты. Осылайша әділқазы алқаларының шешімімен нағыз күйші деп танылған Сұңқар ауылының өнерпазы Мадина Жанбаева бас жүлдені қанжығасына байлады. Дәл сол сияқты дәстүрлі әнді нақышына келтіріп орындаған Шонжы ауылының әншісі Дастан Көшкінбайұлы бас жүлдені иеленді. Бас жүлдеге және бірінші, екінші, үшінші орынға ие болғандарға аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы арнайы бағалы сыйлықтарын табыс етіп, ұлттық өнерді өрге көтеретін азамат болуларына сенім білдірді. Байқауға жиналғандар естелік суретке түсіп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…