Басты бет Басты ақпарат СЫБАЙЛАСТЫҚ —ҚОҒАМ ДЕРТІ

СЫБАЙЛАСТЫҚ —ҚОҒАМ ДЕРТІ

0
1,643

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының негізінде облыстан ауданымызға арнайы атбасын бұрған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ аудандағы мекеме, бөлім ғимараттарын аралап, ондағы қызметкерлермен кездесіп қайтты. Аталмыш топтың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсетудің қол жетімділігін арттыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, тұрғындарға құқықтық түсініктеме беру.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ ең алдымен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ондағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасымен танысып, ХҚКО жайында халықтың пікірін тыңдады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың жетекшісі Асқар Садықов көп жағдайда сыбайлас жемқорлық халық жиі жиналатын және мемлекеттік құжаттарды рәсімдейтін жерлерде орын алатындығын ескертіп, заң аясында біршама түсінік беріп, ғимарат ішінде жұмыс жүргізуге ыңғайсыздық тудыратын бірнеше кемшіліктерді атап көрсетті. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әртүрлі әдістерін түсіндірді. Кемшіліктерді толықтай мойындап, қайта қалпына келтіруге уәде берген аудандық ХҚКО-ның басшысы Бағдат Ауыпбаев аудан тұрғындары тарапынан осы уақытқа дейін орталыққа шағым түспегендігін жеткізді. Халыққа қызмет көрсету орталығының жағдайын білген мобильді топ аудандық білім бөліміне бет бұрды. Ондағы жағдайдың айтарлықтай жақсы екендігіне ризашылық танытқан мобильді топтың жетекшісі Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы негізінде білім бөлімінің қызметкерлеріне түсінік беріп өтті. Сондай-ақ аталған мекемеде оқушылармен, ата-аналармен және мұғалімдермен атқарылып жатқан жұмыстың негізімен танысты. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Мөлдір Құрманәлиева аталған мәселелерге байланысты құрылған жұмыс жоспары жайында ақпарат беріп, діни экстремизмнің, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған істерді жіпке тізді. Бас маманға қосымша сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Сонан соң сыбайлас жемқорлық жайында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында арнайы коммиссия мүшелерімен кезекті өтіп жатқан жиналысқа қатысып, ондағы аудандық кірістер басқармасы мен статистика басқармасының жұмыстарына қатысты сауалдарын жолдады. Қанағаттанарлық жауап берген мамандар аудан бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар легін толықтай жеткізді. Сыбайлас жемқорлық алып тастайтын сыртқы жара емес. Бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел екендігі белгілі. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек деп кеңестерін айтқан мобильді топ аудандық кітапхана ұжымымен кездесті. Заман талабына сай жабдықталған кітапхананың көрінісі мобильді топ мүшелерін қуантты. Жемқорлық, мемлекеттік қызмет мәселелері туралы түсінік берген соң топ мүшелері кітапхана ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, аудан мәдениетінің зор екендігін көргендіктерін жеткізіп, алғыстарын айтты. Мобильді топ Шонжы ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлерімен жиын өткізді. Онда сөз тізгінін ұстаған мобильді топтың жетекшісі Асқар Садықов заман ағымына қарай сыбайлас жемқорлықтың белең алып, лауазымды тұлғалардың қызметін асыра пайдалануы, құжат жасауда бірінші есіктен, екіншісіне сабылтып қоюы, негізсіз қаражат талап етуі заң талаптарына қайшы екендігін түсіндіріп, мемлекеттік әрбір қызмет өз деңгейінде болуы қажет екендігін айтты. Сыбайлас жемқорлықтың болу себептерімен таныстырып, облыс бойынша орын алған оқиғаларды арнайы бейнероликтен көрсетті. Оларға тағайындалған жазаның қатаңдығы, мүліктерінің тәркіленгендігі, жақындарына тиген залалдары жайында ақпарат берді. Қызметтеріне адал болуын айтып, бес-он теңгенің арбауына түсіп кетпеулерін түсіндіргеннен кейін сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Алимжан Хусуровқа берді. Ол ауданда аталған індет бойынша орын алған оқиғалар төңірегінде сөз қозғап, кеткен кемшіліктер мен атқарылмай қалған істердің барлығы алдағы уақытта түзетіледі деп сенім білдірді. Жиын барысында әр азамат өз құқығын толықтай білсе, жемқорлыққа жол берілмейді деген тұжырым жасалды.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…