Басты бет Иман Дін. Қоғам. Қауіпсіздік

Дін. Қоғам. Қауіпсіздік

0
1,560

Шіркін, студенттік шақтың қызығы мен шыжығы ұмытылмайтын кезең ғой. ҚазҰУ-дың қалашығы ­– арманымызға қанат байлаған айрықша мекен. Сол жерде ең қызықты күндеріміз өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған үрпек ауыз балапандарды бір ортаға тағдыр топ еткізіп тастай салды. Біріміз батыс, біріміз шығыс, енді біріміз тағы басқа қиырдан жиналғанбыз. Бәріміздің де арманымыз бір. Журналистиканың жүгін абыроймен арқалау. Арамызда Алматы облысының бір қызы болды. Білімі мен білігі бар, ізденімпаздығы мен жауапкершілігі, әр істің аяғына шыққанша жанын салатын еңбекқорлығы, көшбасшылығы мен қабілеті оны қашанда біздің ортада ерекшелеп тұратын. Оқығаны көп, тоқығаны мол, жас болса да бас болатынына бек сенімді болатынбыз. Ортамызда бізді ұйымдастырып жүретін де сол Маржан еді. Екінші курсқа келгенде Маржанның намаз оқуды бастағанын естідік. Қуанысып, қабыл болсын айттық. Әлі оңымыз бен солымызды тани алмай жүрген біз үшін Маржанның бұл ісі тағы да оның бізден ойының озық екенін дәлелдегендей болды. Бірақ бір күні Маржан тұрмысқа шығыпты-мыс деген сөз естідік. Аң-таң болдық. Енді ше, күні кеше ғана ондай ойдан ада қыздың бір күнде тұрмысқа шыққаны бізді шынымен таңғалдырды. Оның үстіне небәрі екі рет көрген жанның етегінен ұстап кете бергені Маржанға тән қылық еместей көрінді. Сырттай бөлімге ауысты. Сонымен біраз уақытқа біздің ортада Маржан туралы әңгіме сап тиылды. Арада уақыт өтіп, тағы бір жылды аяқтадық. Осы тұста Маржанның жолдасы теріс ағымда екен, оның өзінің жағдайы да мәз емес көрінеді деген сөз біздің курстың ішінде желдей есті. Расымен, Маржанның жолдасы «Хизб-ут-Тахрир» атты жат ағымның белді мүшесі екен. Жолдасы сотталды, өзі баламен көшеде қалды. Жалындап тұрған жас қыздың тағдыры осылайша талқандалды. Бұл біздің қоғамдағы бір ғана мысал.
Бүгінде Маржанмен тағдырлас қаншама қаракөздер бар. Бірінің әкесі, бірінің бауыры, енді бірінің жан жары, жолдасы, туған-туысы жат діннің жетегінде жүр. Бүгінде елімізде тіркеліп, қанатын кең жая бастаған дәстүрлі емес діндердің атынан да, санынан да адам шатасатындай халге жетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаты Асхат Бекенов: «Еліміздегі жас­­тардың 60 пайызы түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр», – деп дабыл қағып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Расымен, адам шошырлық статистика. Ел ертеңі болатын жастарымыздың дені бөтен пиғылмен жүрсе, олардан не күтуге болады?
Осыдан соң елімізде жаңа заң қабылданды. 4000-нан асқан діни бірлестіктердің көпшілігі заң талаптарына сай болмағандықтан елімізден аластатылды. Бірақ осымен бар проблема шешілді деп айта алмаймыз. Әлі күнге ата-аналар баласы «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқып, қобалжиды. Өйткені бүгінгі жаһандану заманындағы еліміздегі ахуал осыған сайып отыр. Жаһанданудың жақсылығымен қатар қауіп-қатері де көп. Жалпақ әлемге ашықпыз. Осындай ұрымтал тұсты пайдаланған мысықтілеу миссионерлер «қой терісін жамылған қасқырдай», ислам дінін көлденең тартып, жастарымыздың санасын улап, қоғамға іріткі салуда. Соның ішінде ғаламтор арқылы да жат діннің «шабуылдары» әлі күнге тоқтамай тұр.
Ең қорқыныштысы аталмыш «аждаһалардың» мектеп қабырғасындағы әлі санасы толып, жетілмеген балаларға қол салуы болып отыр. Әр жерде мұндай фактілер қылаң беріп жатқаны жасырын емес. Өткен жылы отандық баспасөздің бірінде «Жамбыл облысында 360 оқушы діни сектаның ықпалына бой ұрған» деген ақпарат тарады. Бұл дерек облыстық білім басқармасы жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша анықталған. Олар салафит, уахабизм сияқты діни бірлестіктер мен протестанттық ілімдердің арбауына түскен. Психологтардың бағамдауынша, жат діннің құрығына ілінген жанды айықтыру үшін кем дегенде екі жыл уақыт керек екен. Онда да сол теріс ағымның тереңіне бойлай бермегендер үшін. Ал жат діннің «жансызы» болып, сана-сезімін басқаруға шамасы жоқ, өзіндік ойдан ада болғандар сол топтың басыбайлы құлына айналды дей беруге болады екен. Психологтар мұндай жағдайда жақындарының демеуі, көмегі қажеттігін ескертеді.
Біз бәрі болып, бояуы сіңгенде «қауіп қайдан келді» деп байбалам саламыз. «Жау жоқ деме, жар астында» дейді қазақ. Тіпті, үйіңіздегі момақан балаңыздың өзі ертең жат ағыспен ақса, таңғалмаңыз. Оған сан мыңдаған себеп бар. Бірі қоғам, орта болса, екіншісі ғаламтор. Ақшаның қамын күйттеп, балаға тәрбие беруден алыстап бара жатқан кейбір ата-ана өз баласының кіммен достасып, кімнен үлгі алып жүргенін бажайлай бермейді. Ал қойыртпағы көп қоғамда арлы да арсыз да, дінді мен дінсіз, жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Оның бірі міндетті түрді сіздің балаңыздың серігі болады. Серігі жақсы болса тәубе деңіз, ал жаман болса… Ертеңгі күні кеш болғанда ғана сан соғамыз. Екі жыл бұрын еліміздегі Дін істері жөніндегі агенттік 1174 интернет-ресурсқа талдау жүргізіп, оның ішінде 58 сайттың діни экстремизмді насихаттайтынын анықтаған. Сотқа шағымданған олар мұндай лаңкестік сипаттағы діни сайттарды жабуға ықпал еткен. Бұл шаруа осымен тамам деу болмас. Осымен теріс пиғылда насихат жүргізетін сайттардың тамырына балта шабылды деу қателік. Өйткені күн сайын дамып отырған қоғамда әртүрлі жамылғы жамылып, өзінің мақсат-мұратын насихаттап, үгіт жүргізіп отыратын желілердің бірін құртса, екіншісі бой көтереді. Сондықтан ашық-шашық қоғамда қауіп қай тұстан болса да төніп тұр. Ал қауіптен сақтануды ерте қолға алу қажет. Кейбіреулер секілді баласы автомат ұстап Сириядан бір-ақ шыққанда ғана санын соғып, «бұл қалай?» деп бармақ тістеп отырмасақ болғаны.
Сирия демекші, ғаламтор желісіндегі ақпараттарға сенсек, Жат ағымның жетегінде Сирияға кеткен қазақстандықтар саны 500-ден асқан. Оның 60 пайызы қыз-келіншектер екен. Ұлттың ұлт болмағы анаға байланысты. Ал ертеңгі ана – бүгінгі қаракөз қыздарымыз. Сирия асып кеткен қазақстандықтардың көпшілігі – жастар. Жастары «жансызға» айналған ұлттың ертеңі бұлыңғыр. Келешегі көмескі…


ТҮЙІН:

Біз Маржаннан көп үміт күткенбіз. Журналистиканың бір майталманы болатынына сенгенбіз. Тек от басып, омақаса құлайды дегенді ешбіріміз ойлаған емеспіз. Бүгін ол өз ортасында. Қоғамнан аласталған адамдай күн кешуде. Жолдасы темір торда. Баласы ата мен апа тәрбиесінде. Өзі… Күнделікті күнкөрістің қамымен ғана жүр. Бұл – бір адамның тағдыры. Ал ертең бүтін ұлттың тағдыры болмасына кім кепіл? Өйткені бүгінде көпұлттылықтан гөрі, көпдінділіктің зардабы ауыр болып тұр. Әкесі мылтық асынып, анасы бұтқа бас ұрып, баласы шоқынып, көршісі өзгеге қосылып жатса, қайтпекпіз? Жаратқан осындай «аждаһалардан» сақтасын! Сақтанып жүрейік сол үшін…

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕЙІРІМ, ШАПАҒАТҚА ТОЛЫ АЙ

Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қас…