Басты бет Өңір тынысы МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МӘРТЕБЕСІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МӘРТЕБЕСІ

0
1,154

Аудан әкімдігінде өткен бас қосуды ашқан аудан әкімі Шухрат Нурахунов биыл мемлекеттік қызметтің 20 жылдығын атап өтетіндігімізді, соған орай ауданға ат басын бұрған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы, облыстық әдеп кеңесінің төрағасы Нұрғисаев Серікбай Өрікбайұлының арнайы мемлекеттік қызмет жөнінде түсінік беруге келгендігін айтты.


Серікбай Өрікбай-ұлы жалаң цифр немесе баяндама оқығаннан гөрі қарапайым әңгімелесу түрінде соңғы кездегі жаңалықтар жайлы сөз бастады. Жылына бір рет барлық аудандарды аралап, жұртшылықпен кездесуді дәстүрге айналдырғандығын, кездесулерде мемлекеттік қызметтің мәні мен мазмұнын терең түсіндіруге тырысатындығын ескертіп, облыс орталығында жеке жаңа ғимаратқа орналасып, академия ашылып жатқандығын тілге тиек етті. Жаңа ғимараттың балабақша үлгісінде, шығыстық хабқа сай салынғандығын да айтып өтті. Мемлекеттік қызмет агенттігінің талаптарының өзгешелігіне, формасының ерекшеліктеріне тоқталды. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы негізінен Елбасының бес институционалдық реформасы, Ұлт жоспары нақты 100 қадамнан туындайтын тапсырмаларды орындаудан бастау алу керектігін таптап түсіндірді. Кадр мәселесінің тұрақты болуының маңыздылығын айтты. Біздің ауданнан мемлекеттік қызметтен кеткен қызметкерлердің жоқтығын, кадр тұрақтылығының сақталғандығын, іштей қызметтен өсу процесін, яғни мериторатияның дәлелі екендігін жеткізді. Шыны керек марқайыстық. Тағы бір жаңалық мемлекеттік қызметкерлердің кадр саясаты екен. 25 адамға бір кадр жөніндегі маман өте көп, ол облысымызда биыл бір кадрға 300 адам, ал алдағы жылы 600 болуы жолында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын түсіндірді. Ауданымызда төрт айдың ішіндегі мемлекеттік қызметкерлер тарапынан ешқандай қателіктер болмағандығын, ауыс-түйіс жүргізілмегендігін да жоғары бағалады.
«Жетісу» мемлекеттік қызмет көрсету мектебінің ашылғандығын, яғни университет қабырғасында жүрген студенттердің қосымша мемлекеттік қызметке дайындау, әзірлеу жұмыстарының жақсы жолға қойылғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкіл институттары енгізілгендігін, ауданда мұндай уәкіл аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетовке жүктелгендігін айтты. Әкімге, агенттікке айтар армандар, өкпе-наз, ұсыныстар болса уәкіл арқылы шығуға болатындығын жеткізді. Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары жайлы айта келіп, неге екені белгісіз әйелдердің қылмысқа, әдепсіздікке көбірек барып отырғандығын жеткізді. Бұрындары елімізде әйелдер түзету колониясы біреу ғана болса, бүгінде олардың саны 5-ке жеткен. Керісінше ерлердікі 5-ке азайған. Мұндағы айтпағы әр түрмеде отырған азаматқа мемлекет 120-130 мың теңгеден қаржы жұмсайды екен, ал зейнетақы алатындардың орташа қаржысы 70-80 мың теңге, сонда қылмыскерлерге қаржы көбірек жұмсалатын болып тұр. Осындай мәселелерді де мемлекеттік деңгейде қарастыру керектігін жеткізді.
Цифрлық Қазақстан деген ұғымды қарапайым екі мысалмен түсіндірді. Сіздің бағып отырған жақсы малдарыңыз бар, интернет арқылы оны сатылымға шығарасыз. Лондонда отырған тұтынушыға оның жеген шөбі, жемі, басқасы ұнады да алғысы келді. Бағасына келісіп, логистика арқылы бір аптаның ішінде жақсы бағаға өткізе аласыз. Үйде отырып-ақ сауда жасайсыз. Екінші мысал, киім таңдауға сауда орталығына барғанда шешініп, киініп, әуреге түсетінің рас. Алдағы уақытта сізді келген дүкеніңіз сканерге түсіреді, қандай киім жарасатындығын, мөлшерін, түрін компьютердегі сұлбаңызға кигізу арқылы таңдау жасайтын боласыз. Өте тиімді. Осындай қарапайым әңгімелесу арқылы мемлекеттік қызметшінің мәдениеті, әдебі, ұрпақ тәрбиелеудегі адалдығы жайлы мазмұнды кездесу өткізді.
Сонан соң «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Гүлзинат Алдекен өсімдік тану және карантин мамандығы бойынша білім алғандығын, ауданда оған мемлекеттік біліктілік талаптары келмейді деген екен, нақты жауап алды. Сейсенбек Ерсайын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мемлекеттік қызметке келетіндерге неге қарастырылмағандығын сұраса, Самат Қилыбаев ветеринариялық анықтама беруге сенбі күні белгіленгендігі, мемлекеттік қызметшіге сенбі күні демалыс болғандықтан, оны басқа күнге ауыстыруға болмас па деген сауалдарын көлденең тартты. Қабылдауға келгендердің барлығы да тұщымды жауап алды.
Мемлекеттік қызметшінің мәртебесін көтеру үшін оның жұмыс істеуге жағдайы да жасалуы абзал. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып, мемлекетшіл азаматтардың университет қабырғасында жүргенде-ақ елі үшін атқарар жұмысына адалдық танытуларын, сыбайластық, жемқорлық деген ұғымдардан алыс болып тәрбиеленулерін, саналарына тазалық деген түсініктің құйылуын қалыптастыру жолындағы жұмыстардың бір легімен таныс еткен жиыннан қанаттанып шықтық. Саналы ұрпақ – жарқын болашақ иелері болатындығына шүбәміз жоқ. Бүгінгі басқосу ертеңге сеніммен қарауға иландырған салиқалы кездесулердің бірі болды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…